Философия – даналыққа, адам танымына негізделген ғылым. Жаратылыс туралы көзқарастар философиядан бастау алады. Философияны әрбір ғылым саласынан, әрбір тұлға бойынан іздеуге болады. Сонымен қатар қазақ даласы да терең философияға толы. Қазақ даласының, қазақ ұлтының төл баласы – Мағжан Жұмабаев. Мағжан поэзиясынан философияны анық аңғара аламыз. Оған ең алдымен ақын болмысының, танымының философияға толы болуы себеп болды.

Ақынның ойға шомуы, өмір туралы таным-түсінігі Дүкенбай Досжанның «Мағжанды өлтіргендер» әңгімесінде көрініс табады: «Құданың құдіреті, Мағжан Жұмабаевты, иә… иә… сол ақынды өлім камерасына алып барып, арқасын жарға сүйеп, бетін бері қаратып: «Соңғы сауалың бар ма?» деп сұрағанымда тырс етіп үндемеді. Ағаш қуыршақ секілді сексиіп тұра берді.

Тапаншаны оқтап, шүріппесін қайырып қолымды көтеріп, нысанаға алып тұрып: «Ал, не дейсің» – дегенімде сәл қыбырлап басын шайқап бір сөз айтты, тақап барып әрең түсіндім. «Әттең-ай, жалғыз өкінішім бар, соңғы ұсталар алдында Жазушылар одағының табалдырығында қол жайып, садақа сұрап қайыршы шал отыр еді, шығып бара жатқанда қалтамда ештеме болмай, садақа бере алмадым. Өкінішім сол ғана», – депті».Бұл үзіндіден Мағжанның қарапайым дүниеге назар аударып, керісінше өлімнен тайсалмайтынын көруге болады. Оның өн бойындағы психологизм мен философия асқақтыққа негізделген.

         Мағжан поэзиясының мәні – терең, көкжиегі – көркем. «Мен кім?» өлеңінде Мағжан «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді» деген. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңінде ақын «Өлім күйі – тәтті күй, Балқиды жаным бұл күйге. Мені де, өлім, әлдиле, Әлдиле, өлім, әлдиле!..» дейді. Мағжандағы өлім мәңгіліктің метафорасы. Сондықтан өлім туралы жазған ақын мен өлмеймін, менікі де өлмейді дейді. Жалпы Мағжан өлеңдерінен өмір мен өлім философиясын көп байқауға болады:

                            Толқынды толқын қуады.

                            Жарына бал береді,

                            Береді де өледі,

                            Өледі толқын, тынады.

         Осы өлең жолдарын адам өмірімен байланыстыра талдауға болады.Бірін-бірі қуалай  жағаға соққан толқындардың  әдемі көрінісі арқылы ақын адамның өмірге келуі, өмір сүруі, қарбалас өмір, бәсекелестік, бір-бірімен алмасып жататын өмір барлығын осы бір өлең жолдарымен ұғындырған.Мұнда өмір философиясы беріліп тұр. Міне, ақын өлеңінің құдіреті де осында.Табиғаттың тылсым сырын ашуда  жансыз  затқа жан бітіріп, оны адамның сезімімен үйлестіре білген ақын  өлеңдерінен осындай философиялық мән-мағына көреміз.

Жетекші: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының кандидаты Данат ЖАНАТАЕВ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары Шолпан ӘЛІШЕР,

Ақдидар БЕКЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!