Әлгінде салған науадағы жемді қой-ешкінің лезде тақырлата жеп қойғанын қарашы. Соны күткендей есікті ашқанымша болмады, іштегі қозы-лақ жамырай, әрқайсысы өз енесіне ұмтылды.

Ал ақ лақ ше? Ерте туған қозылардан кейін іле-шала қорадан атып шыққан ол көзжұмбайлыққа салды. Бірден алдында тұрған қайқы мүйіз қара ешкінің астына қойып кетті. Сірә, қарны қатты ашқан.

Қара ешкі бірер секунд омырауына жармасқан ақ лаққа ажырая қараған. Сөйтті-дағы да қайқы мүйізімен қомағай лақты қағып жіберді. «Аулақ кет» дейтіндей.

Ақ лақ туғаннан тамақсау. Қара ешкіден зәбір көрдім деген ол жоқ. Ішегін тарта бір маңырап жіберді де, алақ-жұлақ еткен күйі буаз тушаның бауырына жармасты. Тұмса туша да тап ажал келгендей науа айнала қаша берген.

Ақ лақтың енесі тоқал ешкі. Жасынан көнбіс мал. Өз лағы зарлай маңырағанмен анадай жерде күйсеген күйі бір дыбыс шығармады. Сүт керек болса, туғанына екі айға жуықтаған төлі өзі тауып алсын дейтіндей. Ал лағы әр ешкінің бауырына жабысып әлек.

Ақ лақ ақыры тапты енесін. Өзгелердей айнала барып, еркелей жабыспады емшекке. Бұл жолы тура артынан басын сұға салды.

– Өмірі әдеті осы, – деп сылқ-сылқ күледі кенже ұл Юха-Ерқанат.

– Ашқарақ неме, енесінің қойнына кірмей, қалай ыңғайлы солай еміп жүр.

Тоқал ешкі де лағының бұл әдетіне кешіріммен қарайтындай. Тіпті лақтың екі елідей үшкірлене шыққан мүйізі омырауына батса да, селт етпеді. Міз бақпаған күйі тұр. Ақ лақ ауық-ауық басын қос емшекке ұрғылып, борпылдатып еміп жатыр.

Осы кезде туғанына бір апта болған қоңыр қозы қорадан маңырай шыға берген. Оған өз енесі, қара тоқты қарсы жүгірді. Алғашқы төлі болған соң ба, иіскелеп бауырына қарай тартып әлек. Қоңыр қозы да тез икемделе қойды. Өзегіне нәр берер сүтті төсті тез таба алды. Бұл да өзге қозы-лақтай екі-үш сорғаннан соң жұдырықтай басымен енесінің емшегін ұрғылап қояды. Мұндайда қара тоқты да бауырындағы төлдің құйрығын тұмсығымен түрткілей еркелетеді. Еркелеткен қозыға да ұнайды. Қомағайлана еміп жатып, құйрығын дірілдете береді.

Бұл кезде сүтке әбден тойып, аузы көбіктенген ақ лақ өзі тетелес қара лақпен мүйіздесуге көшкен.

Малда да мейірім бар. Ұрпағына деген…

Ержан Қожас

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!