Сен өкпелеп қалғандай, қарағым-ау,
Күңіреніп тұр неге дала мынау?
Шерлі аспанмен қосылып жасын төккен,
Жүрегімді қайтейін жаралы нау?

Сағынып жүрсің мені сен де бірақ,
Келеді жан дертіңді емдегім-ақ.
Ақымақтай абыржып жатқан көңіл,
Жапырақтай барады жерге құлап.

Сен кеткелі өнер мен өлең өшкен,
Есім кетіп тағдырмен ерегескем.
Қайтейін, бақытыңды бағаламай,
Қадірсіз болып кеткен сен емеспе ең.

Талай жаннан бас тарттым мен сен үшін,
Себебі жүрегімнің бөлшегісің.
Алдыма келе қалсаң алаңдатпай,
Сені қайта сүйер ем келсе күшім.

Осылай қалып жүрмін ойға жаным,
Күтемін жүрегімнің жайланарын.
Білмедім саған деген сезімімнің
Сарғайған сағынышқа айналарын.

***

Күлші, жаным, сен күлсең дала күліп,
Танытады табиғат бала қылық.
Уайым менен қайғыдан жан арылып
Жанарымда жалындап жанады үміт.

Күлші, жаным, тағы күл шын қуанып,
Көңіліңнен кетсінші кірбің ауып.
Сен еркеле мен саған жыр жазамын,
Сол өлеңді оқысын күллі халық.

Сүйші, жаным, сағыншы сен де мені,
Сенімғой пәк сезімге ең керегі.
Тек сен үшін соғып тұр білесің бе,
Жұмыр етім жүрегім кеудедегі.

Күлші, жаным, күрсінбе сен мұңайма,
Сенен басқа барамын енді қайда?
Соңғы махаббатымсың өмірдегі,
Мендік сезім ал саған мәңгі ұнайма?

Еркелеші, шын күлсең күлегешім,
Дертімнен айықтырып жібересің.
Түсіндір ғашықтардың барлығына,
Махаббаттың тек қана мұң емесін.

***

Жүрегім мылқау, тағдырым керең,
Жан айқайым көп, жан мұңым менен.
Таласып жүріп сүюге ұмтылам,
Талықсып жатып таң нұрын көрем.

Көңілім жарым, несі бар мұның,
Баянсыз бақтан не шығар, күнім?
Сенің даусыңды естігім келіп,
Қоңырау шалсам кешір, алтыным.

Құрғыр жүрекке әмірім жүрмей,
Сағындым сені, жарығым күндей.
Сүйкімсіз жанға айналдың сен де,
Сүйген адамның қадірін білмей.

Шұғыла күтіп сірә таңдардан,
Жабыққан жанды жұбатам зордан.
Сезімдеріме мән бермесең де,
Сондада сені ұнатам, қарғам.

Құр үміт тағы бүгін де алдады,
Шерлі кеудеме тыным болмады.
Сені ұнатқалы бәрін ұмыттым,
Сені сүйгелі түгім қалмады.

Мейіржан ҚАРТБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!