Отбасы – қасиетті һәм киелі ұғым. Сондықтан шайқалмаған шаңырақ пен ойрандалмаған ошақ берік отбасының біртұтас бірлігін білдіреді. Татулықтың бақыты ыстық ұядан табылса, балалар да сүйіспеншілік қасиетті бойына сіңіреді. Асылында, отбасының шағын мемлекет екендігі рас. Басқаруында қазыналы қариялары болса батамен-ақ көсегесі көгеріп, өнегелі отбасыға айналары хақ.
Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ. Баланың бітім-болмысы отбасы мүшелерінің тәрбиесімен қалыптасады. Сайып келгенде, сыйластықтың салмағын сезіне білгендердің шаңырағы шаттыққа толып, мерейі де үстем болады. Бүгінде ұлылықтың жолынан жаңылмай, ізгіліктің ізінде келе жатқан жарасымды жанұялар жетерлік. Оған «Мерейлі отбасы» байқауы анық дәлел.

Қашан да құндылықтың құны жоғары болатыны сөзсіз. Олай болса, отбасының қоғамдағы орнын айшықтауда бұл байқаудың маңызы зор. Байқау талабын айна-қатесіз орындап, жанұясымен бірге жетістікке жетуге асық жандар іріктеу кезеңінен сүрінгісі келмейді. Байқауда бақ таласпауға бекінгенмен, әрбір жүрек жеңіске дәмелі болатыны белгілі. Жыл сайын өткізілетін байқаудың үрдісі үзілмек емес.
– Отбасы құндылығы мен дәстүрін нығайту мақсатында
2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып белгіленіп, 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы бастау алды. Осы уақытқа дейін конкурсқа облыс бойынша барлығы 1900-ға жуық отбасы қатысқан. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау, отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге, облыста үздік деп танылған отбасы байқаудың республикалық кезеңіне жолдама иеленеді. Байқауға қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік жоғары жетістіктері бар отбасылар жіберіледі. Ұлттық конкурсқа қатысу бойынша құжат қабылдау 15 мамырдан басталып, 15 маусымға дейін жалғасады, – деді облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов.
Жүрекке жақсылық, жүзіне жылылық ұялаған, бірліктің беріктігімен байламға келетін отбасының қай-қайсысы да жеңіске лайық. Олар өз шаңырағының шырайын кіргізіп қоймай, қоғамның қалыптасуына да өзіндік оң ықпалын тигізеді. Демек, мұның бәрі «Отан отбасынан басталады» деген мақалдың мағынасын үстемелей түспек. Ендеше, құндылықты дәріптеуде ат тоңын ала қашпай, қатысуға ниет білдіргендер жүлдеге лайық өнер көрсетеді деп сенеміз!


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!