Мен үркітіп алдым
– Мен сені көп іздедім. Түсімде көрдім. Менің түстерімнің орындалмауы мүмкін емес еді. Жақсылыққа жорыдым. Кездесетін шығармын деген үмітім алдамайтынына сенгім келді.
– Мен келдім, міне, арманың алдаған жоқ. Мұңаймашы, жаным.
– Сен ешнәрсе түсінбейсің. Түсіну де мүмкін емес. Өйткені мен өзімді өзім таба алмай жүрмін.
– Өзгеріп кетіпсің. Сен бұрын мүлдем басқа едің.
– Үнемі күліп жүретінмін. Ешқандай мұңды нәрсені ойыма алмақ былай тұрсын, қыздармен қағысып қалсам да, әзілмен жуып-шайып жүретін бе едім?
– Иә, солай еді бәрі де.
–Жоқ, қателесесің. Менде мұң бұрыннан бар. Тек сен ештеңе сезбедің. Менің досым жоқ.
– Қалайша? Айналадағылардың бәрінің ілтипаты ерекше емес пе?
– Олар бергі жағы. Менің күліп қарағаныма күліп қайтарған жауабы. Өтірікке тек өтірікпен жауап бергені.
– Онда сен ерте немесе кеш туып қалдың.
– Қалайша? Неге?
– Құрбыластарыңмен ұғыса алмасаң ненің мәнісі бар?
– Сонда менің достарым кім болар еді?
– Білмеймін, бірақ сендегі жағдайлар кітаптың өміріне ұқсайды. Мүмкін көп оқығанның…
– Жынданғансың демекшісің бе?
– Көзің алақандай болып кетті ғой. Құдай сақтасын! Олай демедім. Есіңнің дұрыстығына шек келтірмеймін. Тек түсіну қиын екен.
– Білесің бе, мен ақымақпын.
– Білемін.
– Жоғалттым дейтін, сөйтіп өзімді жұбататын ешнәрсем де жоқ. Елден ерекше де емеспін. Ерекше ештеңе де ойлай алмаймын. Кәдімгі көптің біріне ұқсаймын.
– Көптің біріне ұқсау да ақымақтық болып па?
– Ең болмағанда өзіңе сүйсініп жүрмеген соң бәрі бекер екен.
– Өзіне өзі сүйсіну?! Сорақылықты да аңсайтындар бар екен-ау?
– Сүйсінгеннің несі сорақылық? Өзіңді өзің сыйлау да содан басталмай ма?
– Ол – сенің пікірің.
– Қазіргі адамдардың аузының дуасы кеткен. Біздің өміріміздің өлшемі тек қана дүние болды. Атақ, ақша… Шынымен-ақ басқа ештеңе құнды емес пе?
– Міне, сен енді өзіңді таптың.
– Саған рақмет!
– Айтшы, осы мен саған кім болам?
– Әулиемсің.
– …
– Рас айтам, сенімен жүздессем, көңілім марқайып, ойым он жасқа есейеді. Санамда сәуле оты жанғандай әсер алам…
– Қайда, қайда кеттің Сен?! Тоқташы. Тоқта…
Ол кетіп қалды. Қайырылып келе ме? Беймәлім. Әулие-өлең үркіп кетті.
Түнгі диалог
Ермек ертемен тұрды. Таң сібірлеп атып келеді. Ботагөз пыспыс етіп ұйықтап жатыр. Бар өкпесі ерніне жиналыпты, кінә арта бұртияды. Қабағының арасына түскен қос сызық та тарқамаған ашудың сызаты тәрізді.
– …Сен мені жақсы көрмей барасың-ау деймін.
– Оны кім айтып жүр саған?
Ермек әйелінің шашын еркелете сипалады. Пісте мұрнынан әлсіз қысыпқысып:
– Сондай нәрселерді қайдан тауып аласың? – деді күлімдеп.
– Ондайды біреуден естудің қажеті шамалы. Сезетін сияқтымын.
Бұл әңгімені көптен бері ойында қайталап жүрген Ботагөздің көзқарасы байыпты еді.
– Көңіл бөлмеді деп кінә артпашы, Боташ, шаршап жүрмін.
– Білесің бе, біздің екеуміздің арамызда әңгіме де таусылды.
– Қайдағыны айтатының не?
– Өтірік пе? Таңертең тұрамыз. Оразамызды да отырып, еменжарқын әңгімемен ашқан емеспіз. Бір үзім нан аузыңа салмастан әлденеге асыққандай кетесің жұмысқа. Түсте де сол, тамақтанып болысымен көз шырымын аласың да, тағы да жұмыс. Кешке де сол. Жатар орынға жеткенше асығасың. Сөйтіп қорылға басасың. Сонда мені тек қана үй күтушісі болу үшін келіншек еттің бе?
– Ауылдан балаларды алып келсек қайтеді?
– Бұл мені қайтесің, балаларды алданыш етсең болмай ма дегенің бе?
– Сен кәдімгідей шын айтып отырсың ба?
– Сен, шыныңды айтшы, жұмысқа асығып кеткеніңдей, үйге де асығып келесің бе?
– Мен ешқашан қызықты даладан іздеген емеспін. Бәрі саған байланысты.
– Неге маған байланысты? Сонда өзіңнің ақылың жоқ па? Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ. Мұны сен өте жақсы білесің. Бақытты әркім бағалай алмайтыны сияқты, ер-азамат ретінде Құдай мойныңа ілген артықшылықты да алып жүру оңай емес. Соңғы сөзді сенен күтетінімді біле тұра, жауапкершілікті маған ысыра салуың әділетсіздік.
– Не нәрсенің де парқына үңілу үшін әуелі мойындаған абзалырақ. Жеңу мен жеңілудің аражігін ажыратады.
– Сенгім келеді. Бірақ бәрібір тым сенімді емес сияқтымын.
– Егер мен осы сөзіңді өзіңе айтсам не дер едің?
– Олай деуіңе ешқандай негіз жоқ.
– Ал мен ше?
– Еркектердің жөні бөлек.
– Сонда әйелдер кім?
– Әйелдер?..
– Қапияда қатын ақыл табады деуші ме еді?
– Қалжыңға айналдырғың келе ме?
– Сен бұрын мүлдем мұндай емес едің.
– Сөзіңе жол болсын! Бұрын ата-анаммен бірге тұратынмын. Ал қазір сенімен!
– Кешірші, мен ештеңе байқамаппын. Тіпті осылай болу керек деп ойлаған да шығармын. Енді мен де отбасылық өмірден енді ғана тәжірибе алып жатырмын ғой. Басқаны қаламаймын. Іздемеймін де…
– …
Барлық отбасы әртүрлі бақытты, бірдей бақытсыз.
Портфелімді әперші
Бұрылыстан айнала бергенім сол еді, ол менің соңыма түсті. Өкшелеп келеді. Алқынған демі айқын естілген сайын жүрегім өрекпіп аузыма тығылды. Жүрісімді жылдамдата түстім. Ол да екпіндей берді.
– Қ-қ-құдай үшін қашпаңызшы.
Селк еттім. Жүгіруге шамам жоқ еді. Аяғымның тамыры тартылып барады.
– Сізге не керек?
Артыма бұрылдым. Ұсқыны келіспеген кір-кір, алба-жұлба оның түрі адам шошырлық еді.
– Мен қорқам сізден.
– Қ-қ-қорықпаңыз.
– Сіз массыз.
– Менің бұлай жүруіме тек сол кінәлі.
Ол теңселіп тұр. Масаң жүзін жас жуып кетті.
– Кімді айтасыз?
– Оңбаған, зымиян қ-қ-қатын ол.
Мас адам. Бұл маған не айтқысы келді? Неге тоқтатты? Маспен сөйлесуге бола ма өзі?
– Менің барлық жұмысымды ұрлатып жіберді.
– Кім?
– Сіз кімнің алдында тұрғаныңызды білесіз бе?
Ол ұйқысынан шошып оянғандай есін жия қалды.
– Мен ғылым докторымын. Профессормын. Академикпін. Мен… мен…
Ол қайтадан кемсеңдей бастады. Жылады.
– Мен… мен… сөз жоқ, сондай болатын едім… «Жынды ма бұл?»
– Ә-ә-ә, сіз мені жынды деп ойлап тұрсыз ба?
– Ж-ж-жоқ, а-а-а оны қайдан білдіңіз?
– Білем, білем, сендейлердің талайын көргем. Олар менің асымды ішіп, аяғымды тепті. Білесің бе, менің жиырма жыл тіртінектеп жиғанымды бір-ақ күнде… ұрлап кетті деп өтірік айтады. Әдейі құртты. Мені осындай болсын деп, ойым орындалмасын, мақсатым майырылсын, арманымның аяғы аспаннан келсін деп әдейі істеді… әдейі…
Ол жерге отыра қалды. Топырақты тырнап, жерге басын ұра бастады. Тырнағының көбесі сөгіліп, шым-шым қан шықты. Топырақ араласқан алақанымен бір кезде шашын жұлды.
– Қараңызшы, мен жаспын әрі сұлумын. Мұртым да өзіме жарасады. Үстіме қара костюм-шалбар, галстук, қолымда портфель. Академияның баспалдағымен алшаң-алшаң басып көтеріліп келемін.
Ол көзін жұмды. Бейшара-ай, шашы қудай, жұлмалаған сайын уыс-уыс болып алақанында қалды. Бет-аузын жүн басқан, айғызайғыз… Үстіне іле салғаны жұлым-жұлым бірдеңе.
– Мен кімнен кеммін, айтшы, кімнен кеммін?! Айттым… қатынсыз өтейін дедім. Бірақ арманыма жетейінші дедім әкешешеме. Болмады. Енді, міне, немере сүймек түгілі келіннің күйігінен қайыршы күйге түсті. Баласынан тірідей айырылды.
– Ол қайда?
– Білмеймін. Білгім келмейді. Бірақ мен бұл арманыма да жете алмаймын. Өйткені білем, білем, құрғырдың қайда екенін. Кетті. Сонымен бірге кетті. Өртеніп кеткір сол жерде тұрады.
– Сотқа неге бермедің?
– Не?! Мазақтауға көштің бе? Жұртта ұлып қалған жындыны кім тыңдайды. Мә, ұста!
– Керек емес.
– Ұста! Бұл – менің жынды деген қағазым. Үйде мың дана көшірмесі бар.
– Мың?!
– Иә, мың! О дүниеге онсыз кіргізбейді екен.
– Балаларың бар ма?
– Жатыры оңбаған жүгірмектердің мен үшін құны көк тиын. Ішім өртеніп барады, араққа ақша берші.
– Мә, ал.
– Өзің бір сондай сараң адам екенсің. Профессормен танысқанын жүз теңгемен жуушы ма еді? Әлде көңілің толмай тұр ма? Портфелімді әперші.
– Қайдағы протфель?
– Бәрің бірдейсіңдер. Ештеңені де көре алмайсыңдар. Ештеңені… Құдай-ау, ештеңені…
Ол жылап жүріп еңкейді де, ауа қармап, әлденені ұстаған болды да, қолтығына қыстырып кете барды. Мен де еңкейіп, бірдеңені ұстата салмағаныма өкіндім. Бір тілегі қабыл болар еді…
Жан САҒИДА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!