Кеулімжай Ботабаевтың есімі өнерсүйер қауымға жақын таныс. Педагог, дирижер, виолончельші. Қазанғап атындағы Қызылорда музыка колледжінің тізгінін ұстаған басшылық қыры тағы бар. Бүгінде дара талант музыка әлемінде өзіндік өрнегін қалыптастырып, Сыр бойындағы өнер жанашыры есебінде таныла білді. Ол атсалысқан әрбір музыкалық шара тыңдарманға эстетикалық ләззат пен биік талғам сыйлайтын қабілетке ие. Осы орайда өнер майталманымен аз-кем сұхбат құрған едік.
– Кеулімжай Шалтақбайұлы, сізді педагог, музыкант, өнер жанашыры есебінде білеміз. Алғашқы сауалды музыкалық аспапқа байланысты қойсақ. Жалпы сан аспаптың арасынан виолончельді таңдауыңызға не себеп?
– Алматыда 1964 жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі ашылды. Бір жылдан кейін сол мектептің балаларды қабылдау бойынша комиссиясы Қызылорда қаласына келген болатын. Ол кезде виолончель, фортепианоның не екенін білмеймін. Алайда құлшынысым жоғары. Комиссия есте сақтау, ырғақты сезіну, би билеу, ән салу қабілетін тексеріп, мені мектепке қабылдады. Алғашында әкем фортепиано аспабын үйренуімді қалағанымен, мектептегі мұғалімдер саусағымды, қабілетімді тексере келе виолончель аспабын үйретуді шешті. Осылайша, өмірімдегі ең басты өзгеріс орын алып, виолончель аспабын иемдендім. Ол таңдауыма өкінген кезім жоқ.
Шынында, көбісі бұл аспаптың тарихынан бейхабар. Виолончель 15 -16 ғасырда пайда болған. Кейін өзгеріп, қазіргі қалпына түседі. Айта кету керек, скрипка, виолончельдің түп негізі қазақтың қобыз аспабынан тарайды. Себебі ол заманда Еуропада қобыздай музыкалық аспап болмаған. Қобызды дамытып, әрі қарай өзге шекті аспапқа айналдырған. Бірінші скрипка аспабын жасап, оның көлеміне қарай ансамбльдер пайда болды. Кейін ансамбльдің эстетикалық үйлесімін байыту үшін төменгі дыбыстар қажет болғанын білеміз. Сондықтан дыбысы жағынан жуан виолончель, контрабас аспаптары өмірге келді.
Әсіресе, италяндық Антонио Страдивари, Джузеппе Гварнери секілді аспап жасаушы шеберлердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бүгінде олар жасаған аспаптың құны бірнеше миллион долларды құрайды. Оның сыры аспапты жасау технологиясының құпиялығында жатыр.
– Бұл музыкалық аспап аса танымал емес. Оркестрде, топтық құрамда болмаса, жеке орындауда сирек көреміз. Қазақстанда кейінгі жылдары ғана көпшілікке танылуда. Аталған аспапқа бүгінгі көзқарас қалай?
– Кеңестік кезең мен бүгінгі ахуалдың арасы жер мен көктей. Әлі есімде. Консерватория бітіріп, одан кейін Отан алдындағы борышымды өтеп, 1983 жылы Сыр өңіріне келдім. Сол шақта Қызылорда үшін скрипка да, виолончельде бейтаныс. Тіпті, көшеде виолончельмен жүруге ұялатынбыз. Шын айту керек, бәрі біртүрлі көзқараспен қарап, не аспап екенін білуге тырысатын. Келемеждейтіндер де болды. Ал қазір жағдай мүлде бөлек. Ондай ұғым, түсінік жоғалды. Өнерге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, аспапты қадірлеу артты. Оқушылар елорда немесе Алматыдағыдай аспабын арқалап, көшеде жүреді. Ешкім қыңыр сөз, қалжың айтып, әзілдемейді. Себебі аспаптың әсемдігін енді танып келе жатыр. Алдағы уақтта үйренушілер қатары артып, жаңа есімдер шығатынына күмән жоқ.
– 40 жылдан астам ұстаздық жолдасыз. Аймақтағы іргелі оқу орнының тізгінін ұстап, шәкірт тәрбиелеуге күш салып келесіз. Колледж осы аралықта қандай айтулы жетістікке жетті?
– Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі – өңірдегі өнердің қарашаңырағы. Колледжде Қазақстанға ғана емес, әлемге аты танымал тұлғалар білім алды. Білім беру саласынан бөлек, өнер жолындағы ілгерілеу де жетерлік. Мысалы, 1986 жылы музыкалық колледж жанынан камералық оркестр ашылды. Ал 1992 жылдан қазақ оркестрін құрдық. Байқасақ, облыста тек 2007 жылы қазақ оркестрі, 2014 жылы филармония жанынан камералық оркестр ашылды. Оған дейінгі барлық концертті колледждің оркестрі мойнына алған болатын. Ол концерттің бәріне оқушылар атсалысты. Филармонияда оркестрлер құрылғаннан кейін бұл міндет жеңілдей түскен еді.
1999 жылдан бері колледжде директор қызметін атқарамын. Бастапқы кездегі қиындыққа шыдамай, көптеген мұғалім шетел асып, өзге қалаға кетті. Тіпті колледж құрамында 46 мұғалім жұмыс істеген кез де есімде. Бала аз, мұғалім тапшы, бөлімдер жабылған уақыт. Соның бәрін қалпына келтіріп, бүгінде аспап бөлімдері толық жұмыс істейтін ұжымға айналдық. Хор, жеке оркестр мен ансамбльдер қалыптасты. Мұның барлығы өнерге адал қызметкерлер мен музыканттардың табандылығының арқасында екені даусыз. Өйткені өнерді жанкештілік пен пен қамқорлық ғана құтқарады емес пе?!
– Түлектермен байланыс орнату қалай жүргізілуде? Жұмыспен қамтылу деңгейі көңіл көншіте ме?
– Әрбір білім алушы маңызды. Әрбір талант ескерілуі керек. Бұл – біздің ұстаным. Сондықтан оқу бітірген оқушының жетістігіне қуануға, қиын кезде жәрдемдесуге атсалысамыз. Соның арқасында талантымен танылған оқушыларымыздың қатары көбейді. Мысалы, қазақ эстрадасында танымал М.Садуақасова, А.Кішкенбаев, С.Ибрагимов – біздің түлек. Шетелде оқып, ән салып жүрген А. Мәлік, Б.Әбілханов, Б.Жанұзованы да ерекше айтар едім. Оған қоса «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында қызмет ететін түлектер қаншама?! Дирижерлау бойынша кәсіби биікке жеткен М.Әмзе, Е.Нұрымбетовтың атақ-абыройы кімнен кем?! Беделді ЖОО-да дәріс беретін профессорлар да осы қарашаңырақтан түлеп ұшқан.
Түлектерді ұмытпай, үнемі байланыс жасауға тырысамыз. Колледж бітірген, консерватория, ЖОО аяқтап келген түлектерді жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Мектептер мен филармонияға қызмет істеуге мүмкіндік беруге талпынатынымыз жасырын емес. Соның нәтижесі болар, филармония құрамындағы кәсіби, білікті мамандардың саны артып, сапа деңгейі көтерілді.
Музыкалық шараларды ұйымдастыру кезінде де өзара байланыс, әріптестік түсінік көп көмегін тигізуде. Мысалы, облыс орталығында өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында «Абай» операсы ұйымдастырылды. Сол операда оркестр колледж мұғалімдері болса, хор оқушыларымыздан құралды. Тіпті опера қоюға қауқарлы әншілер де жетерлік. Баритон, тенор, сопрано дауыстарында ерекше бояуы бар орындаушылар қатары артып келеді. Жан-жақта жұмыс істейтін түлектер үнемі назардан тыс қалдырмайды. Олардың қуанышына атсалысып, шығармашылық кештеріне жәрдемдесуді әдетке айналдырдық. Қазіргі таңда колледж қабырғасында 3 мыңнан астам түлек білім алыпты.
Кезінде аудандардағы мектептерде, музыкалық білім беру нысандарында біздің түлектер аз болатын. Ал қазір облыстағы музыкалық білім беретін мамандардың 90 проценттен астамы – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің түлектері. Олар да шәкірт дайындап, оқуға түсіруге көмектеседі. Конкурстар арқылы байланысты нығайтып, біліктілік арттыруды да жолға қойдық. Осылайша әр мектеппен байланысты күшейтіп, меморандумға қол қойюға мүмкіндік туды. Ашық сабақ өткізу, балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытын жандандырамыз.
– Колледж жанынан құрылған үйірмелер бар ма?
– Үйірме міндетін колледж жанынан құрылған музыкалық мектеп атқарады. Бүгінде музыкалық мектептерде фортепиано, үрмелі аспаптар сыныбы аз. Сондықтан біздің музыкалық мектепте осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс жүруде. Аталған музыкалық мектепте фортепиано, скрипка, виолончель, үрмелі аспаптар, домбыра, қобыз секілді аспаптарда ойнауға баулиды. Мамандарды колледж түлектерінен, білікті шеберлерден құрауға тырысамыз. Себебі балаға музыкалық білім беруде сабыр мен талант маңызды.
– Бүгінде Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижерісіз. Көптеген шығарманы өзге қырынан ашып, жаңа бояумен беруде еңбек байқалады. Осы орайда халық аспаптар оркестрінің құрылу тарихы мен дирижерлік қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз.
– 2007 жылы М.Құлмұхамбеттың қолдауымен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі ашылды. Оркестр құрамында оқушыларым, әріптестерім болды. Мамандар жеткілікті болғандықтан қиындық болмады. Сахналық киім әзірлеу, музыкалық аспаптарды дайындау жұмысы небары 1 ай уақыт алды. Бәрі дайын болған соң алғаш ауқымды концерт қойдық. 20 жылға жуық уақытта оркестр көптеген жетістікке жетті. Халықаралық байқаулардан лауреат атанды, шетелде өнер көрсетті, атақты дирижерлармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Күрделі шығармаларды орындап, сәтті нәтиже көрсете білді. Танымал артистер де әріптестік байланыс орнатты. Атап айтар болсақ, Б.Ахметова, М.Мұхаметқызы, Н.Үсенбаева. Сол себепті бүгінде оркестр республикадағы маңдайалды ұжым десек, артық емес.
Сонымен қатар 2014 жылы сол тұстағы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен облыстық камералық оркестр ашылды. Ол оркестрдің құрылғанына 10 жылдай уақыт болды. Камералық оркестр де шетелге шығып, үлкен сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Қазақстанның үлкен қалаларында концерттік бағдарламамен сапарлады.
Жалпы оркестрдің қоржынындағы шығармалар санқилы. М.Төлебаев, А.Жұбанов, Е.Брусиловский бастап жас композиторлардың шығармаларына дейін орындап жүрміз. Ендігі мақсат – қазақ дәстүрлі өнерінің өкілдерінің шығармасын оркестрге бейімдеу. Бұл тұрғыда күйші бабаларымыздың шығармаларын оркестрге өңдеу қиын жұмыс екенін естен шығармау қажет. Себебі күйді оркестрге бейімдеу білімді қажет етеді. Әркім бұл міндеттің үдесінен шыға бермейтіні анық. Кезінде А.Мырзабеков секілді аға буын күйлерді өңдеу тұрғысында кәсібилік танытатын. Қазіргі жастар, композиторлар сол ізді өшірмесе екен деймін. Қалай болғанда да күй өңдейтін мамандардың тапшылығы қынжылтады.
– Ұстаз, дирижер, виолончельші… Жандүниеңізге қайсысы жақын?
– Музыкант үшін бөтені жоқ деп ойлаймын. Негізгі жұмысым колледж басшысы болғаннан кейін уақыт табу қиынға соғады. Бала оқыту үстірт қарайтын жұмыс емес. Сондықтан педагогикалық міндетімнен артылған уақытта ғана шығармашылыққа ден қоямын. Оған қоса сахнаға шығудың да өз орны бар. Ал сахнаға шыққан уақытта өзімді қай бағыттың өкілі есебінде сезінетінімді дөп басу сәл қиынырақ. Мәселен, кәсіби мамандығым виолочельші, сахнада көбіне дирижер болып шығамын, негізгі уақытым ұстаздыққа арналады. Сол себепті бәрін қатар ұстауға тырысамын.
Виолончельші есебінде көп шыға бермесем де тәжірибем жетерлік. Жақсы мектепте білім алып, үлгілі ұстаздардың алдын көрдім. Дүниежүзіне танымал дирижерлермен жұмыс істедім. Аспапта ойнау қабілетім де кемелінде. Сондықтан алдағы уақытта аспаптық орындауға басымдық беруім мүмкін.
Жалпы өнердің қай бағытында жүрсем де негізгі мақсатым айқын. Ол – Сыр өңірінің музыкасын асқақтатып, халықтың рухани мұрасын дәріптеу, бұқараның өнер туралы түсінігін кемелдендіру. Себебі музыка – менің тағдырым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!