Елордада қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев туралы «Абайдың ұлылығы немесе XXI ғасырда ойшылдың портретін жасауға талпыныс» кітабының тұсаукесері өтті. ҚазАқпарат бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Кітаптың авторы әзербайжан тарихшысы, саясаттанушы, Әзербайжан СВС телеарнасының «Сыртқы істер аспектілері» бағдарламасының жүргізушісі, Әзербайжан мемлекеттік комитетінің диаспоралармен жұмыс жөніндегі сарапшысы Теймур Атаев. Тарихнамада алғаш рет Абайдың мәңгі өшпес ойларын Құран аяттарымен салыстыруға талпыныс жасалған. Ойшыл идеяларын толық түсіну үшін автор қазақ тарихының маңызды беттеріне және ақын өмірбаянының маңызды эпизодтарына жүгінеді. Оның пікірінше, бұл Абайдың барлық уақытта да өзекті болып табылатын өлең жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтанда Абай туралы кітаптың таныстырылымы өтті

Достық үйінде өткен іс-шара Әзербайжан Республикасының елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Т.Атаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институт екенін атап өтті. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қонақтарға этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы айтып берді. Шараға қатысушылар этномәдени бірлестіктердің кабинеттерінде болып, этностардың көпғасырлық тарихымен және мәдениетімен танысты.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!