Қазағымның құнарындай Құнанбай,
Абайы бар алып елміз шынардай.
Табиғатқа тіл бітірген қазақша.
Мұқағали, Мұхтар, Мағжан, Тұманбай.
Ойламаймын елім мінін тағар деп,
Жыр тербеді Марқасқа да Махамбет.
Есенберлин Ілияс та жазыпты,
Туған тілде тарихымды «Қаһар» деп.
Бақты ұсынған бабаларға рақмет,
Бақ таймасын жеткенінше ақырет.
Тілім үшін терін төккен тынбастан,
Алтынсарин, Байтұрсынов Ахмет.
Мөлдір суды былғайтындай саз кесем,
Тілім шұбар бал жесе де, баз кешем.
Тектілерден туылғанмын, өлейін,
Арыстардың алысқанын аз десең.
Құндылық көп ұрпақтарға жалғасқан,
Дұрыс серме тіл дегенің алдаспан.
Намысты елім бас көтер де сілкіп ал,
Сөздігіңнің шаңырағын шаң басқан.
Тек қазақша болсын мақтау, ұрыс та,
Қаныңа тарт, өзгеруге тырыспа.
Ана тілің анаң болса, анаңды
Тірісінде көрге тыққан дұрыс па?
Егеменді ел болған соң еңселі,
Қазақстан күтсін ылғи төр сені.
Тұғырыңнан тайып кетпе, АНА ТІЛ,
Айтарымның бұл кішкене бөлшегі…
Тіл – ақылдың өлшемі.
Аспан деген
Жасырынып кейде меннен жасқанды,
Көктен қарап күркіресе жас тамды.
О, жарықтық, жырға толы қаламым,
Зерттегісі келгендей ме аспанды?!
Байлық десе ұмытамыз Құдайды,
Құдай бізді осылайша сынайды.
Биіктесем бақыттымын дейсіңдер,
Олай болса аспан неге жылайды?
Бәрі жалған, атақ-даңқты аңсама,
Өмір деген түсініксіз сан сала.
Аспан деген қасіретті, қарағым,
Шығып тәннен, жан кетті ұшып қаншама.
Адамдар бар қара басқан, бұғылған,
Жолы болмай сүрінген көп, жығылған.
Аспан деген жасырынбақ ойыны,
Ақша бұлтта арман мақсат тығылған.
Ғашықтықтан қаншама жан адасқан,
Адасқанға көңіліммен қарасқам.
Аспан деген түсінгенге махаббат,
Мөлдірлігі сезімдермен жарасқан.
Бір кетпейтін ызыңдаса құлақтан,
Мезі болдым таусылмайтын сұрақтан.
Аспан деген мен сүйетін сұлуым,
Жұлдыздар көп, жалғыз айды ұнатқам.
Күн тұтылып, төбемізде ай тұнған,
Сабырлымын жігіттікке сай тұлғам.
Көк аспаным осыншалық мағына,
Жаратылыс емес екен жәй тұрған.
Сыр елі
Жырым қалыпты жиналып,
Сөз бастағанмын Құдайға ғана иланып.
Батырлар өткен елім, жерім деп қиналып,
Бостандық болған Бұқарбайымның әлегі.
Қаныма сіңген жігер – намыстың дәлелі,
Баһадүр, Есет, Иманов.
Білмеймін неден жасқандым?
Тұрмағамбеттің туын көтеріп бастармын.
Даламда мынау жалыны есіп жастардың.
Сырдың жерінде ақыннан сөздер артылмас,
Жалғанда мынау жауһар жырлары сарқылмас,
Әбділда, Нартай, Асқардың.
Жазушылардың тұрағы,
Табиғатынан тектілік болған ұраны.
Мақұлдағайсың маржан сөздердің бұлағы,
Жазуы көркем, өздерін көргем егіз мен.
Әбдіжаміл мен Зейнулла Арал теңізден,
Сәлемін жолдап тұрады.
Ірге көтердім ізетпен,
Білімнің жолын бабаларым бар күзеткен.
Ұрпағы үшін жұмыр жүрегі дыз еткен,
Саналы ойлар сау ұрпағыңың ары шын.
Мұралары мол Мұстафа Шоқай арысым,
Ғылымның жолын із еткен.
Терімді төгем әлі мен,
Өнер ордасы қымбатсың қымбат бәрінен.
Ән салып берер ән сұрасаң да кәріден,
Әлдиіменен баурына басып баланы.
Әуелеткенде тербеткен екен даланы,
Ералиева әнімен.
Қалайша бүгін түңілем,
Қызылордамның қуат алғанмын күнінен.
Түнерген кезде жаныма дауа түнің ем,
Аңыз ертекке бала кезімнен қаныққам.
Қорқытта бізді түркі халқына танытқан,
Қобыздың қоңыр үнімен.
Жүйрікпін шабар алысқа,
Жемтігі үшін мысықпын демес барыста.
Сырдың мекені жырдың мекені қарышта,
Жер дауы үшін көбейсін мейлі айтар сын.
Бойым бар сұңғақ Байқоңырымнан байқарсың,
Қол созып өскем ғарышқа.
Өтермін сені ән қылып,
Сыр анам енді жойылсын бойдан сан күдік.
Қарсы алсын сені шаттыққа толы таң күліп,
Қазақылықтың қаймағы болған құба бел.
Тағылымы мол терең тарихты тұра бер,
Баурыңа басып мәңгілік.
Нұркелді ӨТЕПБЕРГЕН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!