Тоқтар АҒЫРАЕВ, қобызшы:

Қобыз десе есімізге Қорқыт баба түседі. Қуыс шанақ аспапты қара жердей күңірентіп, бозінгендей боздатып отырған абыздың көз алдымызда тұра қалатыны бар. Сол үшін болар барлық ыспалы аспаптардың атасы саналатын қобызды ежелгі түркі-монғол  ұлыстары «хор хуур» деп те атапты. Осыған қарап ғалымдар «хор құт», яғни, қобыздың арғы мәні «қобыз құт» деген біріккен сөзден шыққан болар деген болжам айтады. Біз бүгін осындай әлемдегі ең көне аспаптың тілін тапқан жас қобызшы Тоқтар Ағыраев жайлы жазуды жөн көрдік.  

        Тоқтар − әке жолын жалғаған ұл. Арқа әндері десе жаны қалмайтын  дәстүрлі әнші Ермекбай Ағырай баласының да өнерге жақын өскенін қалапты. Содан болар жас қобызшы әкесінің жанында жүріп, талай күйді құлағына сіңіріп, бүгінде өзі де ұлттық өнерді халық арасында насихаттап жүр.

        − Ең алғаш үйренген аспабым − домбыра. Бала күнімде домбыра тартуды да әкем үйретті. Кейін өнер саласында қызмет етемін деген шешіммен Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға тапсырдым. Ал қобызды колледж қабырғасында жүріп Бақыт Кәрібаевадан үйрендім.  Ол − талай  шәкіртті өнер додасына қосқан білікті ұстаз, − дейді Т.Ағыраев.

        Тоқтар колледжегі оқуын сәтті тәмамдаған соң, білімін Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде жалғастырады. Сол уақытта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, зерттеуші ғалым, композитор Әлқуат Қазақбаев жас өнер иесіне қобыздың қыр-сырын үйреткен екен. 

        − Бала күнімде әкем дәстүрлі ән-жыр жинақталған үн таспаны қосып қоятын. Әрі өзі де жырды жиі айтатын болған соң, біз де ұлттық ән мен күйге қызығып өстік. Сондықтан өнер жолына келуімді әке тәрбиесімен байланыстырамын.

        Ең алғаш «Қорқыт сарыны» күйін тартқаным есімде. Қобыз десе, Қорқыт ата жайлы аңыздардың ойға оралатыны рас. Сол үшін көпшілік қобызды қасиетті санап, одан әлдебір ғажайыпты іздейтіні бар. Бірақ мен қобызды қолға алғанда ешқандай тылсым дүние болған емес. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбегінде: «Қорқыт  сарынын» ойнағанда күйші өзінің ата-бабасын еске түсіреді, өткен замандағы ерлік дәуірді асқақтата толғай, келешекке, ізгілікке үндейді» деп жазған. Менде дәл сол күйді кешемін, − дейді жас қобызшы.

       Ғалымдар шанақты аспаппен тартылған төл шығармалардың сақталмағанын, сол үшін күй қорының аз екенін айтады. Бұл пікірді Тоқтар Ермекбайұлы да жоққа шығармайды. 

     − Қобыз арқылы ойналатын күйлер көп емес. Оқу қабырғасында жүрген кезімде қобыздағы күйдің барлығын қамтып, үйрендім. Күйдің қай-қайсысын алсам да, бәрі жаныма жақын.

     Қобыз күйлерінің кеңінен таралған уақыты, күйдің алтын ғасыры саналатын ХІХ ғасыр екенін білесіздер. Осы ғасырда өмір сүрген Қорқыт атадан кейінгі әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының «Шыңырау»  деген күйі бар. Сіздерге сол күйдің қысқаша тарихын айтып берейін. Себебі тыңдаушы күйді құлақ құрышын қандыра тыңдағынымен, кей сәттерде мағынасын түсінбай жатады. Ал шын мәнінде әр күйдің өзіндік тарихы бар. «Шыңырау» күйін бізге  жеткізіп, тарихын баяндаушы − Дәулет Мықтыбаев ағамыз.

       Бірде Ықылас атамыз жолаушылап келе жатып, астындағы атын шалдырып алмақшы болады. Сол үшін бір түп ағаштың қасына аялдайды. Дәл сол мезетте ағаштың түбінде шыдамсыздана ұшып жүрген құсты, бұтадағы ұяда тағат таппай шырылдаған балапандарын көреді. Сөйтсе ұяға қарай бір жылан жылжып барады екен. Күйші орнынан жалма-жан атып тұрып, жыланды өлтіреді де, суға ағызып жібереді. Осы көріністен соң Ықылас атамыз «Озбырдың аты озбыр, әлсізді жұтып қойғысы келеді. Осы көргенімді қобыздың үнімен кейінгіге айтып кетейін. Озбырлардың қара ниет әрекеті қашанда халықтың есінде болып, қауіптен сақтана жүрсін» деген оймен «Шыңырау» күйін шығар екен, − дейді Т.Ермекбайұлы.

         Скрипканың арғы атасы саналатын қобыздың Сыр халқы үшін орны ерекше. Күй өнерін серік еткен Тоқтар да қобызға деген құрмет пен жауапкершіліктің жоғары болу керегін айтады:  

     − Аймағымызда күй өнеріне жыл сайын қолдау көрсетіліп, насихатталып келеді. Әрі жастардың да бұл аспапқа деген қызығушылығы  жоғары. Алда өнерімді елге танытсам деген жоспарым бар, Алла қаласа соның бәрін іске асыруға тоқтаусыз еңбек ету қажет, − дейді жас өнер иесі.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА