Маң маң басқан маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Дайындалған жорыққа,
Шуақ шашса таңғы аспан.
Күміс қылыш қолында,
Алтын құрыш жолында.
Жортуылмен жадағай,
Кеткен жаудың соңында.
Құстай ұшқан тұлпары,
Өзі ердің сұңқары.
Жаратылған ерліктен,
Биік биік шыңдағы.
Қыран сынды қасқайып,
Қауіп төнсе бар ма айып.
Исатайдай батырмен,
Қалатұғын марқайып.
Арыстаным абадан,
Сан мың қолға жараған.
Сегіз қырлы бір сырлы,
Мың ішінде дара адам.
Желдей ескен тұлпары,
Сауыт сайман былғары.
Жауға шапқан
семсермен,
Махамбеттей нағыз ер,
Мың сегіз жүз жылдары.
Өзі ақын жыр жазған,
Сан мыңдаған оқырман.
Қазақ үшін туған ұл,
Тура түскен шыңдардан.
Жаудың қанын су қылып,
Ішер асын у қылып.
Жүрекжұтқан батырды,
Берген қазақ тудырып.
Батысымның елінде,
Бөкей орда төрінде,
Нарын құмның бойында,
Жасқұс деген жерінде.
Ерлік жиып көңілге,
Жау қалдырмас елінде.
Махамбеттей абадан,
Туған екен өңірде.
Жырлағанда жырымен,
Танылған сан қырымен.
Үлгі Алған Исатай,
Батырлардың бірінен.
Ант бұзбаған қырағы,
Ел қойнауы бұлағы.
Бола білген ең соңғы,
Қазақ елі жырауы.
Орыс келсе жапырған,
Қытай келсе сапырған.
Махамбеттей өр тұлға,
Айналайын
батырдан.
Тартынбай сөйлер ақылман,
Ойы тұрған нақылдан.
Аш жатырған ауылына,
Әкеліп бал татырған.
Композитор күйші шын,
Әнге арнаған түйсігін.
Талай күймен танытқан,
Күй өнері символын.
Қатарында атты әскер,
Төккен елге талай тер.
Қол бастаған осылай,
Шыншыл асыл нағыз ер.
Мұз бүркенген ел үшін,
Қар жастанған ел үшін.
Кетті өмірден тым ерте,
Көре алмай жемісін.
Ұйқы көрмей таңдарын.
Шапса дағы алға мың.
Жыр жауһарын арнадым,
Сөз маржанын арнадым.
Орындаған арманын,
Ел деп шапқан алға мың.
Қиған еді Махамбет,
Отаным деп жандарын.
Арнамайын неге өлең,
Хас батырым көреген.
Жасанған мол жауларға.
Қырандай төнген төбеден.
Тұлпарға тік тақымы,
Жалғыз қазақ жақыны.
Он тоғызыншы ғасырдың,
Ең көрнекті ақыны.
Өзі болған көшінде,
Туған жердің төсінде.
Заманының білімдар,
Адамының ішінде.
Жырмен жазған еңбегін,
Нағыз ақын елге күн.
Орыс, татар, арабтың,
Меңгере алған тілдерін.
Исатайдың шын бағы,
Өзі қолдап шыңдады.
Мың сегіз жүз отыз алты,
Көтерілісті жылдағы.
Жәңгір ханның екпінін,
Көріп тұрып кешті күн.
Жалынға сап соққандай,
Батылдықтың көрігін.
Мұнар да мұнар мұнар күн,
Деп жырлаған шынарым.
Жағам деумен ұмтылды ау,
Еркіндіктің шырағын.
Қарсы шығып орысқа,
Дайын болып ұрысқа.
Ыстық жаз бен бір қыста,
Шабуылдады шығысқа.
Отарлаушы саясат,
Кімді, нені аямақ?
Жазылады ердің қанымен,
Ерлік деген баянат.
Қабанбай мен Бөгенбай,
Секілді батыр бабадан.
Махамбеттей көшбасшы,
Арыстан туған абадан.
Найзасына қан қатқан,
Тұралап жау жан жатқан.
Тұрады ерлік мәңгілік,
Жыр шумақ пен тармақтан.
Орынбордың түрмесін,
Ердің көзі көрмесін.
Сындыра алмай сағын еш,
Патша берген бір кесім.
Патшаның бақырғанын-ай,
Әтештің шақырғанындай.
Ер бар ма жердің бетінде?
Қазақтың батырларындай.
Қорқақтың өзі сол патша,
Әскерге сеніп тұрмақ па?
Еш өлім үрей әкелмес,
Соғыста жүрген солдатқа.
Түрмеден шығып Махамбет,
Маңғыстау елін мекендеп.
Біршама ғұмыр кешеді,
Елі үшін талай елеңдеп
Ақпейіл асыл қазағым,
Көрмеген бар ма азабың?!
Батырлар туды еліңде,
Көрсетіп ерлік ғажабын.
Махамбет пенен Исатай,
Астына мінген тұлпар тай.
Қамалын жаудың талқандап,
Жүйткіген екен сұңқардай.
Оқтары дәлдеп дарыған,
Кезі жоқ мойып қажыған.
Өлгенде Жәңгір мойындап,
Құлаған екен тағынан.
Тарланым жырын жазғанда,
Ұйқысыз өткен таңдарда.
Махамбет батыр күн кешті,
Қолдары жетіп арманға.
Жәңгір хан өлген шағында,
Баймағанбет сұлтан жанында.
Патша боп өзі сайланып,
Отырған екен орынға.
Бір оқтық деген ақырғы,
Зұлымдық түнін шақырды.
Жендетті жолдап қолымен,
Өлтірген екен батырды.
Ол туған ғажап ұлы өңір,
Жазылған тарих ұлы жыр.
Махамбет бірақ қазақтың,
Жүрегінде әлі тірі тұр.
Көрініп жырдың төрінен,
Қолдауды тапқан елінен.
Жырларында да күрескен,
Үстем тап өкілдерімен.
Кешігіп күннің бейнетін,
Көре алмай ерлік зейнетін.
Халқы үшін қайран хас батыр,
Бастаған еді ел көшін.
Жаманды шеттеп жасырған,
Жақсының сөзін асырған.
Батырды сөзін күйттеген,
Айналдым қазақ асылдан.
Талайды баурап таң қылып,
Жырлардың отын жандырып.
Жалындап тұрар әрқашан.
Махаббат жыры мәңгілік.
Күйші ақын әрі батыл жан,
Әр сөзі тұрған нақылдан.
Жылаған жендет баласы,
Кезінде ердің ақырған.
Жанартау жалын жанары,
Байқатқан ойлы дананы.
Махамбет ақын елінің,
Жадында мәңгі қалады.
Байрағым деген аттандап,
Жеңістен мұрат тапқан бақ.
Еңбек таудай ұлы ер,
Істерін әркез атқармақ.
Көрмеген ешбір төмендеп,
Отаны үшін елеңдеп.
Қазаққа ғана бұйырған,
Өтемісұлы Махамбет!
Алтынай БЕРІК,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!