Ертеде бір хан болыпты. Оның қырық уәзірі бар екен . Оларға үш уәзірді басшы етіп сайлаған екен.
Күнді күндер қуалап, айды айлар, жылды жылдар басып, уақыт жылжып өте береді. Алғашқы кезде хан елдің қошеметіне бөленіп, қайғысыз, уайымсыз өмір сүріп жатты. Екі бас уәзірлікке әйелінің жақындарын қояды. Уақыт өте келе ел арасында өсек-аян, түрлі әңгіме тарай бастады. Айлакер екі уәзірі ханның балалық шағын бірге өткізген оң қолы (досы) уәзірінің соңынан түседі. Дегенмен ол уәзір ойын ашық айта алатын, жаудың қай жағынан келетінін, соғыс тактикасын шебер меңгерген азамат еді.
Ханға күнделікті жалған ақпар берген әйелдің туыстарының оң қолы болған уәзірі арасындағы сыйластығы, достығы ұзаққа созылмады. Бас уәзір қуғынға ұшырады, «Бұл –біздің ортақ жауымыз» деп тістенген уәзірлер ханға бас уәзірді жер аудару, жұмыстан мүлдем аластату керегін айтады. Хан уәзірлерінің бұл ұсынысын құптап, оны аластатады.
Дүниеге тоймаған тойымсыз хан ел ішіне іріткі салып, күннен-күнге қара халықтың күнкөрісі нашарлай бастайды. Әйелінің туыстары миығынан күліп, келешекте ханның орындығы бізге бұйырады деген оймен айтқандарын бұлжытпай орындайды. Көзі қарауытқан хан тізім жасап, сенімді болған екі уәзіріне: «Бізді ел қолдайды. Халыққа қарсы қатаң шара қолданамыз», – деп бұйрық береді. Тек өз жақтастарынан ғана құралған жасақтар болмаса ашынған халық ханға қарсы бүлік ұйымдастырады. Соңында елден қашқан хан басын сауғалап, тау беткейін паналайды.
Кінәлі хан жазасын тартуға тиіс. Бұрынғы елден аластатылған уәзір қайта келіп, елдің басын біріктіріп, халық жағдайының түзелуіне барлық күш-жігерін салады. Ханның бұрынғы көмекшілері шу шығарудың орынсыз екенін түсінеді. Енді мемлекетті басқаратын жаңа хан сайлану қажет еді. Халық өз ортасынан ақ киізге отырғызып, ханның бұрынғы досы болған уәзірді ел билеуші деп таныды. Жаңа хан келе сала елді күшпен емес, ақылмен басқаруға кіріседі. Осылайша елдің жағдайы күннен-күнге жақсара бастайды .
Сейтхан ШҰҒЫЛА,
Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылы
№224 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!