«Әй, осы түнімен ақ итше қаңғырғанда не істейсіңдер? Жаз болса осы ғой, сенікі» деген үйдегі үлкендердің сөзіне мән беруге болатын еді. Неге солай етпедім деп азанғы шырт ұйқыдан оятқанда ғана тәубеңе келетініңді ойлауға мүмкіндік те жоқ. Әкеңнің бір айқайы жетіп жатыр мұндайда. «Тұр, әй, түнімен менің әкемнің жұмысын істеп келіппе ең?!» Күнде айтатын сөзінен соң қисалаңдай киініп, көк “умалектің” (умывальник деп оқыңызшы) жанында әбден мүжілген шөткемен тісіңді ысып тұрғаның.

Ал кешке тағы да сол. Асығыс-үсігіс қора сыртындағы “душқа” шайынып жатырмын. «Чистая линия» дейтін жасыл шампуньды уысқа толтыра құйып, күн сасыған шашқа бұрқырата жаққанда… Күні бойы істеген бар бейнетің ұмытылып кете береді. Душтан шыға бере белгілі дауыс естіледі баяғы.

– Тағы түнгі жорық па, Ежөкжан? Бүгін демалсайшы. Ертең Сердалы ағаңның үйіне көмекке барасың ғой, – дейді кешкі астың ыдыс-аяғын жуып тұрған шешем.

– Бүгін клубта дескотека бар, – деген Ежөктің қарсыласқан бұрқылы естіледі бұл кезде.

– Ее, сен бір күн бармасаң сол клубың жабылып қалмас…

Шешем дұрыс айтып тұр. Уақытылы демалсын дегені. Бірақ оқудың бірінші курсын бітіріп келген Ежөк шіркін сүлгіге сүртінген бойы төргі бөлмеге қайқаңдай тартты. Өзінше ендігі ер жеттік қой деген ішкі қарсылық та жоқ емес. Қазір қара да тұр, барын киіп, бақанын сайлап шығары анық. Өзінің тілі онша келе қоймайтын, әлдебір «жебанший» дейтін духи, кешірім өтінемін, ол басқа атау екен-ау. Иә, одеколонды қос құлақтың түбіне себелеп, тіпті қаладан көрген әдетімен білек тұсына да жағып, оны үйкелеуді де ұмытпайды. Айтпақшы, ұмытпайтын тағы бір нәрсе бар. Әкеге байқатпай, шешеден бес жүз теңге сұрау. Ежөктің сол түнгі қажетіне керекті анаңнан артық кім білер?! Қалтасынан уыстай алған көп тиынды қолыңа ұстата қояды ғой.

– Ақұдай, ертерек қайт, азанда көмекке барасың.

– Жарайды, айтпақшы, не көмек?

– Сердалы ағаңның үйі жаңа там тұрғызып жатыр. Ертең бірінші сылағы көрінеді. Бағана Нұрбол келіп кеткен. Әкең сені барсын, құр босқа сандалып жүр онсыз да деп отыр. Бар да көмектес…

Біздің елде біреу үй тұрғызса, көмек салады. Отын шапса да, шөп түсірсе де осылай. Бір-біріне қолғабыс қылады. «Асар» деп айтпайды. Неге екені белгісіз, біздің ауылдың сөздік қорында ол сөз кездеспейтін. Кей жерде «үме» деп те жатады. Әдеби нұсқадан тым алыс диалектімен сөйлейтіні рас енді.

Көмек салу –  сол асарың. Мұндайда бас тартсаң, ұят болады. Бармай қалсаң, өзіңнен бұрын әке-шешеңе сөз келеді. «Қандай тәрбие берген, адамға түк қайыры жоқ бәле» деп сөгуі де ғажап емес. Мұндай ғайбат естімес үшін амалсыз көнесің. Көнесің де көне киіміңмен көмек салған үйге тартып кетесің.

Иә, айтпақшы, бағана шеше берген бес жүз теңге би кешіне кіруге де, кластастарыңмен бірігіп, шемішке мен Кока-кола алуға да жетеді. Кейде өзіңнен үш-төрт жас үлкен жігіттердің қырылдай дауыспен қаужайтын сырасы мен ащы суына да жеткізесің.

Сондай жастық желіктің бір түнін өткізіп, таңға таяу төсегіне жетті емес пе, Ежөгің. Қол тіремей құлаған ол екі сағат ұйықтады ма, ұйықтамады ма, әкейдің кезекті «будильнигінен» оянды. Көзін тырналай ашып, көк «умалектің» алдында тағы тұр. Аузында мүжілген тіс шөткесі…

*     *     *

… Ұлекең берген бір кесе айранды басымызға бір-ақ көтергенбіз. «Әй, тал түс болды ғой ендігі» деген әкейдің сөзіне сенейін десең, сағат сегізден сегіз минут енді кетіп жатыр.

– Бар енді ертерек, күніңді жұбатпай…

Үйдегілердің осы сөзінен кейін аяғыңды санап басып, Сердалы ағаңның үйіне аяңдай бересің.

Көмекке мен құралпы жастардың көбі келіпті. Бөкенбайдың Әлтөгі, менімен бірге оқыған Молдабайды Бақшабайы да осында. Тіпті көне ауылдан Әлтөшкі, жеті ауылдан Пәуен жездемнің Айболаты да жүр. Қырма сақалдыдан сол баяғы Сайын ағам, Түлкібай, сәл ішсе, адамға «қырын қарайтын» Берік ағаң да осында. Сердалы ағамның өзінде де ұл көп. Ғани, Ғалым ағаларымнан басталған саптық отряд менімен қатар Ақонмен аяқталады.

Біздің елдегі көмек салу үрдісі тым ерекше. Әлде сондай салты ма екен?! Қызық әрі ұнамды еді. Әне, біз балшығын илеп жатқан қамбаға осы шаңырақтың көршісі Айзада апа жақындап қалды. Қолында үлкен табақ. Оның бетін үлкен орамалмен жауыпты.

– И-и, айна­лайындар-ай, ары­маңдар, – дейді түсі сары, зор денелі Айзада апам. 

– Мын­да жапқан нан бар. Қолдың майын салдым. Ыстықтай жеп алыңдаршы, кәні…

«Айналып-ақ кетейін, Айзада апам-ай» демей көр мұндайда. Балшықты илеп жүріп, оның бетіңе мың мәрте шашырағанына мән беру жоқ мұндайда. Қолыңды әлдебір легенде тұрған лай суға шая сап, ыстық нанды қарбыта берерсің.

– Ақұдай-ау, бұлардың шаршайтын кезі ме? «Баланың шаршадым дегені сенбе, қарным ашты дегеніне сен» дейтін еді бұрынғылар. Жеп алыңдар, тойып. Апаңның мейірімді дауысы онсыз араны ашылған аппетит одан сайын жарылқайды ма, қалай?!

Айзада апамның қазанжаппайынан соң жұмысты өндірте берерсің. Бұл кезде күн төбеге әлдеқашан көтерілген. Бірақ түскі асқа біршама уақыт бар. Мұндайда Тәңірі жарылқағыр, арғы көшедегі  үйінен Базөк тәтем қос пакетпен жетіп келеді. Шын аты Базаркүл. Әлгі мен айтқан Әлтөк жиеннің шешесі. Көмек салған Сердалы ағамның туған қарындасы.

– Әй, Ербол, Нұрбол, мына пакеттегі судан балаларға беріңдер. Кока-кола керек пе, спрайт керек пе, бәрі бар. Бер балаларға, еңбек осылардікі ғой, – дейді тәтең жайдары дауыспен.

Мұндайда Ежөк те, басқасы да қалаған суының қақпағын ашып, апта бойы су көрмеген кәрі түйедей басына көтеріп қылқылдата ішпей қайтеді? Ара-тұра Жансұлу апамның тапсырмасымен асылған мұздай ашығанға тоя кекіріп тұратының тағы бар.

Кейде үлкен жігіттердің қолынан «Шымкентские» деген сары сусынды байқайсың. Олар мұны біздей сораптап отырмайды. «Пох» еткен қақпақ даусынан соң жарты минутқа жетпей босаған бөтелкенің іргеге қарай аунап жатқанын бір-ақ көресің.

Солай. Көлемі 13/15 метр болатын үлкен үйдің бірінші қара батпағын сол күні аяқтап, сыбағалы етіңді жеп, ықылық ата ыңылдай өлең айта қайтпадық па талай. Әрі тамақтан бөлек алғысқа тойып жетесің өз үйіңе. Ауыл берекесі, ел ынтымағы осындай қайырлы іспен білінетін.

Рас-ау. Қарапайым-ақ тірлік. Көршісі не ағайыны әлгіндей іс бастап, тірлігін бастаса, сырт жұрт қалыс қалмайтыны осыдан. Арғы көршісі тамақ істеп әкелсе, бергі көршісі ағарғаны мен ашығанын тасып әлек. Жабыла көтерген жүктің жеңіл боларын ауылдағы үлкендер әбден түсінген. Әрі соны бізге өз ісімен ұқтырып-ақ кеткендей еді. Бірақ…

Өткенде журналистік жортуылмен ел жаққа бардым. Өз ауылыма емес-ті. Көрші ел. Ілгеріден таныс жігіттің там салып жатқанын есіттік. Салып емес, дұрысы салдырып жатыр. Жаңа үйді соғушы өзбек ағайындар.

– Біраз шығындаласың-ау,  – дедім мен де өзімше болжам жасап.

– Өй, жеті әкесінің аузы… Қашан бұл үй бітемін дегенше, өзімде ақ қалта болармын-ау. Құрылыс материалың қымбат, оның үстіне мыналар да аз сұрап тұрған жоқ, – деді ол шатырын жауып жүрген өзбектерді иегімен нұсқай.

– Ау, баяғы көмек қайда? Ел ішінен үйдің түзулігін ұстар бір ұста табылса, қалғаны ағайынмен-ақ бітетін еді ғой.

– Сен өзің қай заманда жүрсің? – деді ол да қарап тұрмай мені жазғырып. – Қазір ағайын тұрмақ туғаның да сынық ине бермес. Қыстай теңізден аулаған балықтың ақшасымен осылай тірлік қылып жатыр емеспін бе? Оның үстіне қазір көмекке келу деген жоқ. Ағайынның баласын жұмсамас бұрын алдымен ақшасын бересің.

Сөзінің соңын осылай ызалы күлкімен аяқтаған.

Кең дүниедегі тар пейіл деген жаман нәрсе ауылға да жетіпті. Ауыр оймен алыса қалаға қайтқанмын мен сонда.

Әңгімем осымен тәмам, ағайын. Айтпақшы, бізден бір бата-тілек. Мына пәндеуи тірлікте пейіліміз түзу болғай.

Ержан ҚОЖАС