Қылқалам мен бояудың құдіреті арқылы бір ғана туынды жан дүниеге тереңірек әсер сыйлаған сәтте адам талантының шексіз екеніне таңданып жатамыз. Айтылмаған сөзді, қозғалмайтын тақырыпты, фото немесе бейнежазбаға назар салғанда байқалмайтын сұлулықты сезуге мүмкіндік беретін де – сурет туындысы.

«Әлемді құтқаратын сұлулықты» әр сәттен, жолай кезіккен әр адамның кескінінен, табиғаттың тылсым сырынан байқай алатын су­рет­шінің еңбегі қоғамда еленбей жатады. Алайда бүгінгі кейіп­керлері­міз, жас суретші – Нұржан Нұғыман мен Ерсұлтан Темірдің жасаған әр туындысы қаланың бұрыш-бұрышында көңіл көзіне эстетикалық ләззат сыйлап тұр. Сонымен бірге екеуінің орталықта орналасқан арт студиялары қызылордалық бүлдіршіндер мен жастардың сурет салу қабілеті, шығармашылық біліктілігін арттыру мақсатында өз жұмысын бастап кетіпті.

Нұржан Нұғыман – М.Мәметова атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің түлегі. Ерсұлтан Темір екеуі 2014-2018 жылдары бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Тай құлындай тебісіп қатар білім алған қазалылық қос жігіт колледж қабырғасынан бастап әлі күнге дейін берік достық пен өз ісіне жан-тәнімен берілген кәсібиліктің үлгісіне айналғандай.

«Студия ретінде ашып, жұмыс істеп жатқанымызға бір айдан асты. Нәтиже жаман емес. Ал өзіміз диплом алған сурет өнері бойынша тапсырыс қабылдап, сүйікті ісімізді кәсіпке айналдыру жолындағы алғашқы әрекет 2017 жылдың наурыз айынан басталды. Шамамен наурыздың оны. Тапсырыс деп айтуға да келмейді. Таныс досымыз көмектесуді сұрады. Ағасы қалада Play Station ойын клубын ашып жатыр екен. Ол кезде мұндай ойын клубтары көп емес. Жаңадан ашылғанның бәрі хит. Ойын клубтары енді ғана ашылып, кәсіпкерлік бағыты жайлап дами бастаған уақыт.

Әрі ол кезде екеуміздің де қабырғаға сурет салудан тәжірибеміз жоқ. Тек қағаз бен холстқа салып үйренген біз «сала аласыңдар ма?» деп сұраған досымызға сенімді түрде жауап бердік. Осылайша алғаш рет ойын клубының қабырғасына арнайы сурет салып, ол көңілден шықты. Студентпіз ғой. Қаладағы кафе, ресторандарда даяшы боп жұмыс істеп, әрі кетсе 2000 теңге алатынбыз. Ал сол күні алғашқы жұмысымызды аяқтап, қайтатын кезде ағасы 5000 теңге берді. Біз тек досымыздың өтініші үшін ғана келгенбіз. Сонда екеуміз сурет салып та ақша табуға болады екен ғой деп таңданып, қуанып қайттық. Осылайша қабырғаға тапсырыспен сурет сала бастадық. Әрі қаладағы басқа орындар да осы Play Station клубынан көріп, сурет салғызу үшін арнайы тапсырыс бере бастады», – дейді талантты жас Ерсұлтан.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ерсұлтан мен Бағжан арт-орталықта сурет үйірмесін жүргізеді. Мұнда 5 жастан бастап ересектерге дейін үйірмеге қатысып, қабілетін дамыта алады. Тіпті, бір реттік сурет салу да қарастырылған. Яғни күйбең тірліктен шаршаған адамның демалыс ретінде орталықта өзі қалаған суретін салып, үйіне алып кетуіне мүмкіндік бар. Бұл бағыт арт-терапия деп аталады. Өнермен емделу, демалу десек артық емес.

Ал үйірме қағаз, холст, қабырғаға сурет салуды үйрену бойынша үш бағытта жүргізілуде. Жалпы орталықта Бағжан мен Ерсұлтаннан бөлек теориялық білім беретін Маржан Байзақ есімді кәсіби маман бар. «Өз басым суретке икемі бар жастарға қабырғаға сурет салу бағытында қатысып, білім алуды ұсынамын. Өйт­кені қабырға суреті – негізгі жұмысы бар адамға қосымша табыс көзі әрі бос уақытында айналысатын хоббиі болмақ. Өзіне ұнайтын дүниені табыс көзіне айналдыра алады. Қазір оннан аса шәкірт дайындап жатырмыз. Аптасына үш рет немесе екі рет қатысуға болатын екі график бойынша ұйымдастырылуда. Сонымен бірге қабырғаға сурет салу курсы бөлек сатылымда. Бағасы өте тиімді. Әрі қабырғаға сурет салуды меңгеріп алған адам бір тапсырыспен-ақ үйірме ақысын бірнеше есе артық қылып қайтарып алады», – дейді суретші Нұғыман.

Ресми түрде алғашқы тапсырыстан 1500 теңгеден бөліп алғанын күліп еске алған қос дос қаладағы көптеген бизнес жобалардың, тамақтанатын орын, тіпті, білім беру мекемелерінің қабырғаларына сурет салып, дизайнын қос қолы мен қылқаламның, сан қилы құпиясы бар бояулардың әсерімен әсемдеген. Мәселен, «Balaland» балалар ойын-сауық орталығы, «Renzo» рестораны, түрлі балабақшалардың көркем қабырғалары қос суретшінің қолынан шыққан. Тіпті, өзге қалалардан да тапсырыс берушілер жеткілікті. Қазалы қаласындағы ұлы данышпан, ақын Абай Құнанбайұлының муралы – соның айғағы. Маңызды жобаларға суретші ретінде бекітіліп, жауапкершілік алып жүргенінен өнердің сатылмайтынын, оның құны биіктемесе, түспейтінін ұғынамыз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!