Теңіз беті күн сәулесімен жылтырайды. Теп-тегіс. Әдетте, желсіз тымықта осылай болары анық. Тек тыныштықты көз ұшында көрінген моторлы қайық даусы ғана бұзады. Көкте ұшқан ұшақтың ізіндей су үстіне өрнек салып жүр. Ызғи кеп, сырылдаған дауыспен жағаға жақындай берген. Қайық үстіндегі балықшының бірі моторды кілт өшірді. Сонда да су бетіндегі оның жылдамдығы 20-25 метрге дейін жүзуге жетті. Сол қарқынмен тұмсығын тірей жағаға асылып барып тоқтаған еді.
– Майлансын, – дедім балықшылардың дәстүрлі тілегіне салып.
– Айтқаның келсін, – деді қайықтан түскен орта бойлы, жасы отыздан асқан балықшы жігіт. Сөйтті-дағы да қолындағы резеңке қолғапты шешіп амандаса берді. Жанындағы серігі де жалпылдап жатыр. Бейтаныс адамның бері бұрылғаны оған сәл күдік туғызса керек. Ұрлана қарап, қайықты жағадағы қазыққа арқандап жатты. Ал бізбен бірінші амандасқан жігітпен бұрыннан таныспыз.
– Шаруа қалай?! – дедім одан амандық сұраудың ретімен.
– Шүкір, көштен қалмай келеміз. Өзің? Жұмыстамысың? Ел аралап жүрсің-ау.
– Иә, Аралға іссапармен келгенмін. Ау салып келесіңдер ме?
– Бұйырғаны болар деп. Биыл бір километрге дейін ау дайындап едім. Соны төгіп келеміз. Қасыма мына жігітті серік қылғанмын. Үйінде жұмыссыз, бос жатыр. Қарап отырғанша, пұл тапсын дегенім ғой.
Айтпақшы, теңіз жағасындағы жұрт «ау салдық» дегеннен гөрі көбіне «ауды пәлен жерге дейін төктік» деп сөйлейтіні бар. Бұл да – Аралға құяр сағадағы елдің тілдік ерекшелігі.
– Сонша ауды төккеніңе қарағанда балықтың басына бақ қонып тұр екен-ау, – дедім мен де ішкі таңданысымды жасыра алмай.
– Ойбааа, айтпа, – деді ол да даусын соза. – Ит жемейтін тортаңа дейін қадірлі болып тұр. Келісін 150 теңгеден алып жатыр.
– Қойсаңшы, – дедім мен сенбестік танытып. Бірақ оның бет-жүзінен өтірік айтып тұрғаны білінбеді.
– Сенімен бұрыннан қалжыңым жоқ. Не деп өтірік айтамын? Торта мен тыранның бағасы сондай. Тура осы теңіз басынан, жағада тұрып-ақ қабылдап алады. Тісті екі бастан. Келісі 600 теңгеден кемі-кем.
– Сазан ше?
– Сазанды сатып жын көрініп пе?! – деп ақтарыла күлді ол. – Тұздап, қақтап қыстай бала-шағаммен кертіп жемеймін бе?! Онсыз да оның бағасы сиыр етімен бірдей…
Айтқаны рас еді. Менің ойыма базардағы сазан бағасы келген. Келісіне 1500-1800 теңге шімірікпей сұрайтын саудагер әйелдердің кейпі де көз алдымда. Балықтың байлық екеніне олар да әбден қаныққан сияқты. Айтары жоқ. Теңіз несібесі көп жұртқа нәпақа болып тұр екен-ау. Осы ойдың жетегімен күн сәулесіне шағылысқан су бетіне сүйсіне қарай бергенбіз.
Бекіренің бел кеспесін жемеген…
Біз білетін деректерде Кеңес одағының өзінде жекелеген жеті теңіз болған. Арал соның біріне жатады. Бұны ғылымда теңіз деп те, көл деп те атап жүр. Аралдың бұрын кемерінен асып, шалқыған тұсын еске алар болсақ, дүние жүзіндегі ең ірі көлдердің ішіндегі үшінші орын (кейде төртінші дейді) алады. Ұзындығы 475, ені 280 шақырымға дейін барған. Бұл өлшемге Голландия мен Бельгияның жер көлемін қоса есептесең де жетпейді. Аралдың ең терең жері 65,5, ал орташа тереңдігі 16,5 метр болған.
Ғалымдар көп теңіздің лай, ластау екенін тағы айтады. Бірақ Арал теңізі өте таза әрі тұнық. Оны әдемілігімен тек Эгей теңізі ғана таласа алады-мыс. Мысалы, теңіздің батыс жағының мөлдірлігі 27 метрге дейін жететін болған. Суға тасты тастап жіберсеңіз, осы тереңдікте әлгі тастағаныңыз көрініп тұрады екен.
Қазіргі Кіші Аралдың да тазалық жағынан кенде емесін білеміз. Ал балығы ше?! Теңіз балықтан кенде болмаған. Мысалы, салыстырмалы түрде қарасақ, бір гектар суды алалық. Бұл өлшеммен балықтың шығуы Жерорта теңізінде 0,5, Қара теңізде 2, Балқашта 9, Солтүстік Каспийде 30 келіден келетін болса, Арал теңізінде 10 келіден келген. Тіпті, ертеректе тыран аулау жөнінде Арал теңізі үшінші орын алыпты.
Тыран демекші, басқаға қарағанда Аралдың балығы дәмді де жұғымды екенін жұрт әлі айтады. Кезінде осындағы балық комбинаты сыртқы экспортқа ақбалықтың төсі мен қаязды, шөмейкені, т.б. шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Теңіздің ихтиофаунасы 20 түрден 34 түрге (жерсіндірілгендері бар) дейін жеткен. Уақыт өте келе кейбір балықтар жойылып, кейбірі едәуір азайған. Мұнда көбіне тұқы тұқымдас балықтар басым. Ең жаманы Аралдың бекіресі таза жойылды десек те болады.
Айтпақшы, мақаламыздың осы бөлімінің тақырыбындағы сөздің әу бастағы шығу төркініне оралсақ. Сырдарияның төменгі бөлігінде отырған ел Қыр және Сыр Шектісі деп бөлінетін. Бұл аңызды жергілікті жұрт қысқаша былай тарқатады.
Теңіз маңайында қоныстанған, үй-іші балық аулаумен күнелтетін Сыр Шектісінің бір қызы Қырды жайлайтын осы елдің бір аталығына келін болып түссе керек. Жас келінге баяғы қыз күніндегі жағдай қайда? Мұндағы Шектілер теңізден тысқары өмір сүрген, балық етін менсінбейді. Мал мен қымыздан басқасына мойын бұрмайтын елдің жайы – тек көшіп-қону. Ал Қырға жаңадан түскен жас келін күнделікті ағарған мен қой етіне көндіге алмайды. Сонда: «Бекіренің бел кеспесін жемеген сорлы басым, қойдың құйқалы етіне тап болдым-ау» депті ғой. Бала күннен таңдайына сіңген балық етінің құдіреті еді бұл. Балықшы елдің қызы айтқан осы сөз сол төңірекке мәтелдей болып тарап кеткелі қашан…
Рас. Бекіренің еті өте бағалы. Оның тәттілігі мен пайдасы жағынан теңесетін балық аз. «Қызыл кітапқа» енген оның уылдырығы алтыннан кем бағаланбайды десек, артық айтпаспыз. Жоғарыда айтқандай, теңізде 25 түрлі балық бар дедік қой. Өкініштісі, бекіре тұқымы Аралда түгесілді. Жоқ! Шындығы осы.
Еламан сүйектен туған хикая
Бұл әпсана да журналистік жортуылда жүріп естігеніміз. Теңізге қарай сапарлатқан кез болатын. Мұндайда шеткі аудан – Аралда екі-үш күндеп жүруге тура келеді.
Қаратерең – Арал ауданына қарасты елді мекен. Теңізге құяр дарияның тура сағасында отыр. Тілшілік тіршілікпен жүрген бізге кешкі ас осында бұйырғаны бар. Ілгеріден таныс Ерболат құрдастың ауыл әкімінің қызметтік көлігін тізгіндегелі біраз болған. Одан бөлек, әкесі Бақтыгерейден көрген балықшылық өнері де бар. Бала күннен сіңген әдет оны сенбі-жексенбіде үйде жатқызбайды. Енді міне, «қонақ келді» деп қарақазанға балық қуыртып, екі кештің ортасында күтіп жатыр.
– Теңіздің тыраны майлы. Сонысына қарамай қылтығы көп. Майда тікенін абайларсың, – дедім қуырылған балық дастарханға келгенде. Бұны әріптесім, фототілші Нұрболатқа айтқанмын.
– Бүгін жеп жүрген жоқпыз ғой. Осылай деді де, семіз шабақтың басын омырған күйі алдына қарай алды.
– «Еламан» сүйекті байқа…
– Ол не еді?!
Расымен, ол не еді? Қандай сүйек? Ойыма балықшы ауылдан естіген әңгіме келе берген…
Әңгіменің әлқиссасы балықтан басталды емес пе? Балықта «еламан» деген сүйек бар. Сағалдырық тұсында болады. Ортасы жалпақ, екі жағы үшкір, ұзындығы екі-үшелідей, жалпы балық көлеміне қарай өлшене береді. Сіз тікені бар деп тыжырынып жемейтін балықтың басқа сүйегі тамаққа кетсе, не әрі, не бері, әйтеуір, шығарып аламыз. Ал, мына еламан сүйек кетті дегенше… Еліңе сәлем айта бер! Беті аулақ, бірақ бұл бәле өңешіңізге байқамай кетсе, жұтынған сайын тамаққа қадала беретін көрінеді. Түбі ажалға әкелетін осы сүйекке бола халық арасында балықтан тағам істесе, қонаққа шақырмайтыны сондықтан.
Бұл – өткен дәуірдің әңгімесі. Тыңдаңыз. Теңізге жақын орналасқан балықшы ауылға қыз айттырып, алыстан құдалар келіпті дейді. Келген қонақтарға таңсық ас – балық дайындалған көрінеді. Дәмді балыққа құдалар сүйсіне қол созып, ет жегендей еңсере бастайды ғой баяғы. Сол кезде әлгі қызға келген күйеудің тамағына балықтың сүйегі байқаусызда кетіп қалыпты. Ол байғұсқа қалып-шашалып қинала бастаған. Мұны көрген ел әбігерге түсіп, улап-шулап, істемеген амалы қалмайды. Сол кезде ұзатылғалы отырған балықшының қызы, қалыңдық келіп, күйеудің алдындағы жеген балығының сүйегін аударыстырса керек. Сөйтсе, әлгі еламан сүйек жоқ. Бағы ашылмаған қыз сол жерде сылқ етіп отыра кетіпті. Қадалған жерінен шықпайтын сүйектің жайын білетін балықшы ауылдың қызы болашақ күйеуден күдер үзіп, «Еламан сүйекке тіпті, еліне сәлем айта бер» деп көз жасын төге берген көрінеді. Міне, бірауыз сөздің тарихы осы.
Айтпақшы, үлкендерден мынадай бір естіген дерегім бар. Ілгері уақытта бір ағамыздың тамағына осы сүйек кетсе керек. Аласұрып жатқан кісіге көпті көрген бір ақсақал ауыл ішінен бауырын жаңа көтерген иттің күшігін алдырыпты. Сөйтіп, тез арада әкелген күшіктің тұмсығын әлгі қақалған кісінің аузына әлсін-әлсін тығып алатын көрінеді. Сәлден соң сол ағам қанаралас сүйекті жерге түкіре салыпты. Солай жаны қалған. Сонда қалай дейсіз бе?! Бабаң «жеті қазынаның» біріне қосатын ит шіркіннің демі мен сілекейінде сүйекті ерітіп жіберетін әлденесі барға ұқсайды. Ғажап, ә?! Бала күнімде естігенім ғой.
Ел аман болсыншы!
Балықты баптай білсең…
Сол сапарда Арал қаласындағы «Арал» СДО балық өңдеу зауытында болғанбыз. Өмірінің тең жартысын осы кәсіпке арнаған Әділбек Әйімбетовтің өзі қарсы алды бізді. Зауыт бұрынғы қираған балық комбинатының орнына салынған. Демек, ілгеріде болған өндірістің ізі жоғалмаған деп түсіндік бұны.
Кәсіпорын жылына 4500 тонна балық өңдеуге қауқарлы. 50-ден астам жұмысшысы бар серіктестік балық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұмыстарымен айналысады. Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда шабақ жібереді. Ал Польшаға тістіден филе дайындап, экспортқа шығарып отыр.
Тісті демекші, оны теңіздегілер «алтын балық» дейді. Қабыршағының өзі қатты, аты айтып тұрғандай, бір жеріңнен тістесе айырылмайтын, қатыгездеу, жыртқыш балық. Жергілікті тұрғындар ас ретінде пайдаланбайтын осы балықтың бағасынан ат үркиді. Келісі 1000 теңгеге дейін барды бір жылдары. Сырт елдерге тасылды. Өйткені, шетелдіктер осыны сүйсіне жейтін көрінеді. Сұранысқа қарай, бағасы да қымбат. Теңіздегілерден тікелей саудаласаңыз, келісіне 500-600 теңге сұрайды. «Алтын балық» атануы да сондықтан.
– Осы тістінің басына бақ қонғалы біраз жыл болды, – дедім мен жай тұрмай. – Өзіміз неге жемейміз осыны? Еуропаға артқалы көп болды ғой.
– Оның рас, – деді Әділбек аға. – Қазақ майлы әрі семіз балықты жақсы көреді. Сорпасын ұрттап, сазанды асып не қуырып жегенді кім жек көрсін?! «Ал мынада не құнар бар?» деген ой бәрімізде де бар. Бірақ түрлі дәруменге бай балық осы – тісті. Орысша судак деп жатады. Еуропада мұны мейрамханада құнарлы тағам ретінде ұсынады. Көрдіңізбе?! Жалпы ресейліктер бір жылда 14 келі балық тұтынады. Орта ша есеппен айтып отырмыз. Ал өзіміз жылына 4 келі жейміз бе, жемейміз бе? Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек.
Әділбек ағаның айтуынша, зауыт бұрынғы «Аралрыбпромның» ізімен 2009 жылы құрылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шығып, он жылда өнім көлемі 17 есеге артты. Теңіздегі 5 участок, қосымша көлдерден балық ауланып, дайындалған өнімді шетелдерге шығарып отыр. 2012 жылдан бері «Еурокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберуде.
Біз көзбен көрген аралдық зауыт өз мүмкіндігін кеңейтуде қомақты қаржы алып, біршама жұмыстар атқарған. Мысалы, Бөген ауылында серіктестікке қарасты мұздату цехы және жатақхана іске қосылған. Әділбек Әйімбетовтің айтуынша, енді Қарашалаң ауылына жақын «Домалақ» көлінен тауарлы балық аулау шаруашылығын құрып, Қамбаш жағасынан туристік орталық тұрғызылмақ. Сондай-ақ, «Арал» СДО ЖШС қалдықсыз өнім шығаруға бет бұрған. Тазаланған балықтың қабыршағы мен ішкі құрылысы далада қалмайды. Олар әбден мұздатқышта қатырылып, Шымкенттегі жем дайындайтын арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Балық сүйегінен дайындалған жем мал шаруашылығына өте қажет екені белгілі. Балықты баптай білсең, ұтарың көп.
САРАТС серпіні
Иә, Аралға құяр сағадағы елдің балық шаруашылығымен айналысқаны бүгін емес. Өткен ғасырда патша отаршылдары Райым мен Қазалы бекінісін түсіріп, бірте-бірте орыс көпестері осында келіп орныққан. Теңіз бен дарияда су емес, балық ағып жатқан заман. Иен байлықтың иісін сезген өзге ұлт өкілдері бері қарай үдере тартқан кез еді бұл.
Кеңестік билік алғаш орнаған жылдары теңіздегі жұрттың түпқиянда жатқан басқаларға көмегін қайда қоясыз? Он төрт вагон балықтың хикаясын ел біледі. Оған да 100 жылдан асты. 1921 жылы Еділ бойындағы ел аштан қырылғанда Лениннің хаты тек мұрындық болған шығар. Шын мәнісінде жұт дейтін нәубет басталғанда біздікілердің қарап отырмайтыны белгілі еді. Поволжье мен Ресейдің орталық аудандарында құрғақшылық жайлап, егін атаулы күйіп кеткенде, өзі бірде тоқ, бірде аш отырған жұрт өзгенің халін шын түсінген. Әрі «өле жегенше бөле жеуді» бұрыннан білетін біздің ұлт қайырлы істе бірінші жүретін еді ғой. Ақиқаты – осы.
Тарихи деректер 60-жылдары балық шаруашылығы бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы қатарда болғанын айтады. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланған. Кейін теңіз тартылды. Балық аулау божырай бастады. Тіпті, балық аулап, оны өңдейтін кәсіпорындар мен шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңірлерге көшіп кетті.
Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балықшылық кәсібі мүлдем тоқтайтын деңгейге жеткенін ешкім ұмытқан жоқ. Бір ғана мысал, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балық ауланыпты. Онда да бір ғана түрі – камбала балығы еді.
Айтпақшы, «САРАТС-2» жобасы басталса, бұндағы бөгеттің биіктігі бірнеше метрге қайта көтерілмек. Сол кезде су деңгейі бұдан да жоғарылап, Кіші теңіз Арал қаласының қасына баратын көрінеді. Осыдан соң балықшы жұрттың жағдайы тіпті жақсарады деген сенімнің нығая түсері анық. Ал бірінші жоба бойынша салынған бөгеттің биіктігі шамамен 3 метрден жоғары, ал ұзындығы 13 шақырымнан асады. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр құрылысы атанған «САРАТС-1» жобасынан кейін мұнда тіршілік жанданғаны рас. Балық қоры молайып, кейбір азайған түрлері қайта көбейген. Теңізде бұрын жоғалған 14 түрлі балық қайта көрінді. Соның арқасында байып кетпесе де, жұрт біршама тұрмысын түзеп қалды.
Ержан ҚОЖАС
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!