Сағат қанша екені белгісіз. Әйтеуір үйдегі қызыл қораз қақылдағалы біраз болған. Кей-кейде түнгі үште шақыратыны бар оның да. Мұндайда жеңгейдің ұйқысырай бір жағына аунап, «басын шабатын бәле екен өзін» деп кіжіней сөйлейтіні келесі бөлмедегі маған да естіледі. Оған мән беру жоқ, басыңды жастық астына тыға, ұйқыны әрі қарай жалғастырасың.
Елге демалысқа келген соң ба, ағам да, жеңгем де мені оятуды өздеріне міндет санаған емес. Бірақ ауыл ішіндегі шақырыспаға барар болса, ескертуді жөн көреді.
Сондай бір күн еді. Ләзкө жеңгей үстіне барын ілген. Кеше әрірек тұратын рулас ағамдікіне баратынын айтқан. Соған жиналған беті ғой. Кетерінде төргі бөлмеде тырайып жатқан мені оятуды ұмытпады.
– Үйде боласың ба, Ежөк?
– Ыы. Терезесі газетпен тұмшаланған бөлмеден ұялымды сипалай іздеген күйі еріне жауап бердім. Түнімен кино қараған «сөткінің» өзінен бұрын, ешкінің ащы ішегінше шұбатылған құлаққабы қолға бірінші тиді.
– Иәә, тұрсаң ана холодильникте айран бар, ашыған бар. Тамақ жегің келсе жылытып же. Кешегі ет тұр. Қарбыз же шөлдесең.
– Жақсы. Қайда кеттің деп сұрамасам да өзі айтатынын жақсы білем.
– Біз Ұрымхан апамдікіне кетіп барамыз. Ағаң да сонда. Қаладағы үлкен қайнаға балдарын осында піштірген ғой. Құдайы жолы бермекші.
– Тұрсам өзім бірдеңе етермін.
Солар келгенше ештеңе жемейтінімді білсем де, көңіл жықпастықпен айта салғанмын.
– Ал, мен кеттім, – деді Ләзкө жеңгей қолтығына әлденені қыстырған күйі. Дәл осы жерде жеңгеңнің қолтығындағы не болды екен деген сұрақ туатыны заңдылық. Айтайын. Онысы екі метрлік көйлектік тауар. Жалпы бұл ауылдағы жеңгейлер барар жеріне құр қол баруды өте ұят санайды. Шақырған жерге міндетті түрде осындай түрлі матаны метрлеп тасып жүретінін көресің.
«Ютубтың» ішінен толып жатқан киноларды сапырылыстырып отырғанымда Ләзкө жеңгей де қайтып келді. Бұл кезде түс ауып кеткен. Жаныма жалп етіп отырғанда байқадым, үстінен еттің иісі шығады. Кәдімгі қазанға асылған ет.
– Тамақ астың ба бара сала? – дедім мен күліп.
– Иә да. Абысындар төрге отырғызбас. Келін болған соң қазан қайнатпағанда не істейсің?! Осылай деді де, қолындағы пакетті былай қойды. Ал екінші пакеттегісі сарқыт.
– Мынадан ауыз ти, Ежөк. Шай қойып жіберейін. Қаным кеуіп барады, құрсын…
Шай ішіп отырып, бірінші пакетті ашқан. Біздің ауылдың өзінің салты ма, әлде басқа жерде де сондай ма, маған белгісіз. Белгілісі, манағы қолтығыны қыстырған матаның орнына той не құдажолының иесі де осындай бірдеңе беріп қайтарады. Дәл сондай мата. Бірақ басқа түрі. Онсыз болмайды. Салты сол шығар, мен оны қайдан білем?! Ес білгелі апам да, шешем де, жеңгем де осылай пакет тасып жүргенін ғана көремін.
Ләзкө жеңгей соны қарап отыр. Пакет ішіне қолын тығып алғандағысы каропкадағы көйлек болып шықты. Кәдімгі арзанқолдау ер адам киер, Қытайдың өнімі. Бірақ сыртқы қорабы әдемі еді.
– Мана мұғалім келін алым-берімді өзі реттеп жүр еді. Біздің үйдегі қайнағасына көйлек салайыншы деген шығар, – деді қорапты көріп мәз болған Ләзкө.
– Осындайды қатты елейсіңдер, иәә, – дедім мен сөйлеткім келіп жеңгемді.
– Елемей ше, көңіл ғой, – деді Ләзкө де қораптағы көйлекті әрі-бері аударыстырып отырып. Сәлден соң көзі дөңгеленген күйі «тұра тұршы» дегені.
– Өлә, Ежөк, – деді сосын ішегін тартқан күйі маған қарап. – Мынау біздің үйден шыққан көйлек ал. Мына бұрышындағы скотчталған жерін қарашы. Өзім жапсырып едім.
– Ой, мұндай көйлек көп емес пе?!
– Ибай, рас айтам, менің сандығымнан шыққан «мөжски» көйлек қой. Өткен айда арғы беттегі Света абысынның қай қызы еді, абысында қыз көп екен-ау, әә, – деп сәл ойланды да, сөзін жалғай берді. – Білмеймін, бір қызы сәлем беріп келгенде осы көйлекті апарғанмын ғой. Арасына ай салып, енді өзіме қайтып келіпті.
– Енді бұны не істемекшісің?
Бұл сұрағыма жеңгей астыңғы ернін тістей сәл ойланып алды. Сосын көйлекті пакетке қайта салды. Салып жатып айтқаны мынау.
– Ұрқыны құрсын, «бәлінсә» жақтағы абысындардың бірі той жасай қалса, соларға қарай жіберемін. Сүй деді де, әлдеқашан суып қалған кеседегі шайын ұрттай берген.
Солай. Сандыққа қыдырымпаз көйлек қайта салынды. Әлі оның қанша үйдің тойына кіріп-шығатыны белгісіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!