«Кітап адамға бір орында отырып-ақ саяхаттауға көмектеседі» дейді Бернард Вербер. Баланың дүниені тануына тікелей әсер етіп, әлемге алғашқы саяхат жасататын да кітап. Демек, балалар әдебиеті – тек балалар жылында ғана емес, тұрақты түрде тоқсан сайын назарға алынуы керек маңызды мәселе.
Себебі тұлға ретінде әлемді қабылдау, жағдаяттарға өзіндік көзқарас қалыптастыру балалық шақтан басталады. Саналы, сауатты, еркін ойлай алатын бала – эволюцияның қозғаушы күші.
Балаларға арналған контент жасап, түрлі жанрда тың туындылар жазу кез келгеннің қолынан келе бермейді, ал жазылған дүниенің бәрі де мамандардың сүзгісіне салынуы керек. Себебі екінің бірі кітап шығарып, аударма жасайтын нарықтық кезеңде, смартфонын саусағымен сілтегенге кез келген сұрақтың жауабы табыла кететін қолжетімділік барда баланың сұранысына сай, аш санасын тойдыра алатын, өзіндей мөлдір, таза дүние ұсыну қиынның қиыны. Балалар әдебиетін жазу баланың көзін қаламмен сызу секілді. Егер дұрыс жаза алмасақ, қарашығын ағызып жібере аламыз…
Жақында әлеуметтік желілерде көпшіліктің талқысына түскен балабақшада жаттауға берілген өлең шумағын оқыған кез келген адам шошына қарайды.
Айналайын, анашым,
Әлпештеген баласын.
Еміп өскен бөбекпіз
Анамыздың мамасын, – делінген онда. Мұны көрген ата-аналар мен әлеуметтік желі қолданушылары таңданысын жасыра алмады…
«Бірі балабақшадағылар қандай тапсырма бергенін қарамай ма? Сұмдық» десе, енді бірі «Балалар ақындары жақсы дүние жаза алмаса, балабақшаны кінәлаудың қажеті жоқ» дейді.
Яғни балалар әдебиетінен жақсысын ұсынып, ұсынуға келмейтін туындыларды іріктеу әлі де жолға қойылмаған. Бұл мәселеге қатысты педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны Рахат Наурызбаева: «Қазір балаларға берілетін ақпарат өте көп, бірақ дұрысын таңдау, іріктеу, жүйелеп ұсыну жағы жеткіліксіз. Онымен айналысатын арнайы жүйе қалыптаспаған, себебі бала шығармашылығын дамытуға бағытталған іс-әрекеттер жүйеленбеген, мектептер, одан тыс мекемелердің байланысы өз деңгейінде емес. Сол үшін балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың бір-бірімен және шығармашыл балалармен жиі кездесіп тұруына, шығармаларды талдап, сараптап, кеңес беретін, әдеби оқулар, жаңа кітап таныстырылымын ұйымдастыратын аудан, облыс көлемінде ғылыми-сараптамалық орталық немесе бөлім қажет», ‒ дейді.
Аталған мәселеге қатысты өңірдің ахуалына тоқталсақ, аймақта барлығы 12 балалар кітапханасы жұмыс істейді. Ал олардың жалпы қорында 389 871 дана кітап бар. Одан бөлек өткен жылдың алғашқы тоқсанында кітапханалар қоры 189 дана жаңа әдебиетпен толығыпты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ балаларға ұсынылатын дүниенің бәрі қазақ авторларының шығармалары ма? Қызылордалық балалар қандай дүние оқығысы келеді? Олардың сұранысын қамтып жүрміз бе? Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана мамандарының айтуынша, кішкентай оқырман шетелдік авторларды оқуға құмар. Облыстық кітапханаға келетін балақайлар «Ертегілер елінде» атты сериямен шығатын кітаптарды көбірек оқиды екен. Оқушылар Ы.Алтынсариннің әңгімелерін жиі іздейді. Тағы көп оқылатын автордың бірі ‒ ертегі жазудың шебері, әйгілі Ганс Христиан Андерсен. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік талғамы қалыптаса бастаған. Жасөспірім кезеңде ұл балалар фантастика, шытырман оқиғаға толы Бердібек Соқпақбаев, Жүніс Сахиев, Эдгар По, Жюль Верн, Роберет Стивенсон, ДЖ.К.Ролинг, Николай Носовтың кітаптарын оқығысы келеді. Ал қыз балалар психология, махаббат романдарын, сондай-ақ түсіндірме сөздік пен танымдық энциклопедияларды жиі парақтайтыны анықталды. Неге балалар шетелдік авторларға құмар десек, бірнеше себебі болуы мүмкін-ақ. Қазақ авторлардың шығармалары дұрыс насихатталмай келеді және балаларға арнап жазатындар аз.
‒ Қатары селдіреп қалған алдымыздағы аға-апаларды айтпағанда, қазіргі күні балаларға арнап жазып жүрген жас ақын-жазушылар саусақпен санарлық қана. Олардың да көбі қаламын суытып алды. Өйткені қоғамда әлі де балалар әдебиетіне деген көзқарас түзелген жоқ.
Балаларға арнап жазатын әлгі айтқан аз ғана қаламгерлердің өзі қаламақы алмақ түгіл, дайын дүниелерін баспадан шығара алмай, қаржылай демеуші болатын қайырымды жандарды іздеп, кәсіп иелері мен жергілікті әкімдерді жағалап жүр. Ал балалар жазушылары осындай күйде жүрсе, оларға жеткілікті жағдай жасалмаса, балалар әдебиеті қалай дамиды? Балаларға арналған кітапты насихаттайтын балалар кітапханалары мен мектептер ғана. Басқа өңірді білмеймін, біздің облыста жаңа кітаптың таныстырылымы, оны оқырмандарға насихаттау жұмыстары баяу. Сол үшін оған аймақ жастары да атсалысу керек. Мүмкін осы бағытта арнайы ұйым құру керек шығар. Әйтеуір кітапхана мен жазушыға ғана бар жауапкершілікті артып қоюға болмайды, ‒ дейді балалар ақыны Қуат Адис.
Балаларға арналған туындылардың естісі мен есері сараланып, ұсынар дүние жеткілікті делік. Бірақ балаларға контент жасауда тағы бір мәселе бар. Ол – тек кішкентайлардың ғана емес, ересектердің де көлемі жағынан ұзақ, көп ақпаратты қабылдай алмауы. «Жасөспірімдер көлемі 500 сөзден асатын әңгімелерге тосырқай қарайды. Өйткені олар қас-қағым сәтте өзгеріп кететін қарқынды заманда өмір сүруде. Бұл балалар әдебиетінен жаңа формалар мен форматтарды, тәсілдер мен технологияларды талап етеді. Егер мұны ескермесек, заман талабына жауап беріп, ұлттық балалар әдебиетін дамытпасақ, елдің ертең тізгінін ұстар жас ұрпақты бөтеннің торына тастап, орға жыққан болып шығамыз. Жазушыларымыз осы тұрғыда өз жаңашылдықтарын ұсынуға тырысу керек», – дейді жазушы Бақытбек Смағұл.
Балалар әдебиетінің белгілі өкілі С.Маршак: «Балалар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді» деген екен. Балалар қаламгері соған сай бала да, дана да болуы шарт. Сонымен бірге сәт санап ауысып жатқан құндылықтар, технологиялық прогрестің нәтижесінде келген ақпараттың шектен тыс қолжетімділігі бар. Қай жағынан келсек те, балалар қаламгеріне артылған жүк жеңіл емес. Бізде неге Жюль Верн, Доктор Сюс, Жоан Роулиң секілді жазушы жоқ деп тағы төпелейміз. Ондай жазушылар болуы үшін қазақша дүниені жарнамалайтын да, оқитын да, оқытатын да – өзіміз. Ендеше, балалар әдебиетінің жандануы бәрімізге ортақ, ұлттық міндет.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!