ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен бұқаралық ақпарат құралдары мамандарына арналған «Сөзтүзер» сөздігі жарық көрді. Мемлекет басшысының сөздікке жазған алғысөзін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі кітаптың тұсаукесер рәсімінде оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді. Шын мәнінде тіл – жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады. Кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай одан әрі дамыта түсу. Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмыры болады. Сондай-ақ кез келген салада емін-еркін қолданылады. Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің өрісі кеңейе түсті. Білім мен ғылымның, интернет пен бизнестің тіліне айналды», – деп атап өтеді Мемлекет басшысы.

Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық технологиялардың зардабын тигізетін тұстары да жоқ емес екендігін баса айтады.

«Қазіргі жастар әдеби шығарма оқығаннан гөрі тіл мәдениетінің талаптары сақтала бермейтін әлеуметтік желіде отырғанды жөн көреді. Бұл өскелең ұрпақтың дұрыс жазып, сөйлей білу қабілетіне кері әсерін тигізуде. Тіл тазалығын сақтау ісінде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жұрттың бәрі маман емес. Журналистер қай сөзді немесе терминді қалай қолданыса көпшілік солай керек деп қабылдайтындығы жасырын емес. Сондықтан медиа саласы қызметкерлерінің сөз өнерін жетік меңгеруі аса маңызды», – деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы өкінішке қарай, ақпарат құралдарында сөздер мен тіркестерді орынсыз немесе қате қолдану фактілері жиі кездесетіндігіне назар аудартады.

«Бұл кемшілікті дер кезінде түзету маңызды міндет. Осыған орай арнайы сөздік жасалып, көпшілікке ұсынылып отыр. Мұнда сөздерді қате қолдаудың 2 мыңнан астам нақты мысалы жинақталған. Оның бәрі ақпарат құралдарынан өзіміз күнделікті көріп жүрген мысалдар. Сөздікте қате қолданыстардың туындау себебі айқындалып, дұрыс нұсқасы көрсетілген. Бұл еңбектің ерекшелігі мен практикалық құндылығы осында. Осы сөздікті дайындаған білікті мамандарға ризашылығымды білдіремін. «Сөзтүзер» БАҚ саласы мамандарының ғана емес қалың көпшіліктің игілігіне жарайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!