Түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар ғасырлар бойы жазба мәдениеті болмаса да, ауызша өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дамып, әрқилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық элементтерінен бастап, қазіргі заманғы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алды. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы көзқарасты, дінтану және басқа да еркін ойлау процестерін, адамгершілік мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттау сияқты тағы басқа мәселелері болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейдефилософиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады.
Философияның пайда болуының тарихи алғышарты – миф. Бірақ оны философия эпос арқылы өзгерген және жүйелеген кезінде ғана пайдаланды. Әрбір заманға байланысты эпос мифтің түрін өзгертіп отырды және сонымен қатар өнер мен бастапқы ғылым элементтерінің әсерімен философияның шығу процесін, оның қоғамдық сананың шығу және жаңа бір түрі ретінде қалыптасуын жеделдетті.
Мифологиялық көзқарас пен табиғат және қоғам туралы жаңа дамып келе жатқан ғылым элементтерінің арасындағы қайшылықтарды шешу философияның пайда болуының жолы деген де тұжырымдар бар. Философия мифке тән, дүниеге тұтас көзқарастың бағытын сақтауға тырысады. Соның негізінде мифологиялық не аллегориялық – көркем, не символикалық – діни, не нақты – ғылыми ойлау, бірақ олардың әрқайсысынан қабылданған түрлеріне сыймайтын, жаңа түсініктегі ойлау нысандарын құрайды.
Белгілі дүниені түсіндіруге тырысудан одан да белгісіздігі мол дүниені танып-білуге ұмтылу, егер де ол дүние, тіпті, танып- білуге мүмкіндік бермесе, тәңірге немесе құпия ғаламат күшке сілтеме жасау – мифтің өзіне тән ерекшелігі. Адамға әлеуметтік басқару жүйесін танып, оны түсініксіздеу әлдебір күштің әсерімен түсіндіру ғылым мен дамудың барысында оған сенбеушілік пайда болған жағдайда жеке адамға өзінің дүниеге көзқарасын өзгертіп, мүмкіндігін жетілдіру – бұл миф пен философияның салмағын ажыратудың бір жолы. Ақылмен ой қозғау, табиғаттың өзіне бет бұру, дұрыс көзқарастың қалыптасуы философияның пайда болуындағы диалектикалық синтез, бастапқы қайшылықтардың шешілу процесі.
Қазақ философиясының пайда болуы туралы тек ойшылдардың дүниеге көзқарасы жалпылықты, көзқарастың әмбебап принциптерін немесе «бастауларды» анықтаудағы заңды бағыттары болған кезде ғана айтуға болады. Діни-мифологиялық тұжырымдар әдет-ғұрып пен беделге бой ұрса, философия заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың мәнін ашуға, пікір-сайыс ретінде қолданылатын рационалды ойлауға, дүниені танып-білудегі қайшылықтарды аңғару мен шешуге тырысады. Бұл әрекет адамның жан-жақты ойлауы және оның интеллектуалды интуициясымен бірегей қабысқан нәтижесінде туады.
Қазақ тарихында көп кездесетін «рулық» генетизм осы қоғамның әлеуметтік, таптық бөлінуі және «ақсүйекті рулар пайда болған кезінде күшейеді. Соңғылардың қоғамдағы «заңды» орындары олардың төркіні құдайдан немесе батыр бабаларынан басталады деп түсіндірілді. Сөйтіп олардың әлеуметтік дүниенің қажетті және заңдастырылған бөлшегі ретінде қоғамдағы белсенді ролі бекітілді. Осы рулардан шыққан ойшылдардың әлеуметтік идеялары қоғамның даму үрдісін біршама дұрыс бейнеледі. Осыдан келіп олардың көзқарасы, қоғамның тарихи дамуының мүддесіне сай келгендіктен, қоғамдық пікір ретінде қалыптасты. Мәселен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы басқа ой жүйесі, олардың ақыл кеңесі, айтқан тұжырымдары осыған дәлел.
жетекші: Данат ЖАНАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к.,
Шолпан ӘЛІШЕР, Ақдидар БЕКЖАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының
1- курс магистранттары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!