Сұлуды сендей көрмедім елде, жоқ әлі,
Тал бойы мінсіз, талғамы таудан жоғары.
Қайдасың қайда түндегі көрген түсімнің,
Шақырылмаған қонағы.
Тәңірдің мүмкін жазылған сенсің жарлығы,
Ашылған шығар сақталған маған сандығы.
Тәтті түсімнен оянып кеткен кезімде,
Жоғалып кетті-ау барлығы.
Ояндым солай өңіме қайта түстімде,
Махаббат деген мазасыз уды іштімде.
Ақ шымылдықта қызарып отыр екенсің,
Қызыл халатың үстіңде.
Той болып жатты, ауламда туыс қараңдап,
Жайғасып тұрып, жаныңа келдім табандап.
Жанарларыңа күмәнмен қарап қоямын,
Адалдығыңа алаңдап.
Шаттанды солай бір сәттік түске шыбын жан,
Жігітпін төре, жерім жоқ жөнсіз жығылған.
Тағдырдың өзі таңбалап тұр ау маңдайға,
Танимын сені бұрыннан.
Басқалар мейлі сенбесін менің сөзіме,
Көрініп тұрсың түсімде келіп көзіме.
Жаратқан сені тұспалдап берді түсіндім,
Өңімде барам өзіңе.
Сұлуды сендей көрмедім елде, жоқ әлі,
Тал бойы мінсіз, талғамы таудан жоғары.
Қайдасың қайда түндегі көрген түсімнің,
Шақырылмаған қонағы.
Бала шағымда көрген қыз,
Болашағымның қонағы!
Шерхан Мұхаммед-ханапия,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты,
Қазалы ауданы, Майдакөл ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!