Аймағымызда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен түркі тілдес елдермен бірлесе отырып, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықараралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі басталды. Мұндағы мақсат – түркі тілдес халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту. Дәстүрлі түрде қалыптасқан бұл фестиваль қазір алтыншы рет өтіп жатыр.

Сыр елінде өтіп жатқан үлкен шараға Түркіменстан, Тыва, Саха, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен қатар, өзіміздің елден барлығы 200-ге жуық өнерпаздар қатысып жатыр. Өзіміздің ұлттық дәстүрді, жыраулы өнерді шетелге дейін танытып жүрген Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова, Елмұра Жаңабергенова сынды мәдениет қайраткерлері де өнер көрсетеді. Сондай-ақ, жергілікті дәстүрлі өнерді насихаттаушыларымыз да қалыс қалмайды.

Кеше фестиваль бағдарламасына сәйкес, қонақтар  «Тұран таңбалары» атты этно-археологиялық көрмені тамашалады. Сонымен қатар, бүгін облыс орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында кітап көрмесімен танысады.

Айта кету керек, бұл фестиваль облысымыздың 85 жылдығы және «Түрксой» ұйымының 30 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Әлгінде айтып кеткендей, кітапханадағы көрме осы тақырыпқа орайластырылған. Одан соң бүгін, яғни, 27 қыркүйекте Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында фестивалдің салтанатты ашылуы болса, ертең қонақтар Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенімен танысады. Сол күні халықаралық фестивалдің гала-концерті, яғни, қорытынды кеші Қармақшы ауданының орталығындағы Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде өтпек. Бұл кеште Қорқыт мұраларын насихаттаушы ұстаздардың үйірмесінде тәлім алып жатқан жергілікті шәкірттеріміз де сахнаға шығады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!