– Аян…
Алыстан үзік-үзік естілген дауысқа жалт қарадым. Қолыма алып тұрған балмұздақтың жейдеме жағылып қалғанын да аңдамай қалыппын. Дереу жаныма келді де, баяғы әдетіне салды.
– Жейдең бүлініп қалыпты ғой, – деп дереу бет орамалымен балмұздақты сүртіп тұрды.
Түк өзгермепті. Сол баяғы қалпы. Тіпті киім киісі де өзіне жарасымды қалпынан жаңылмаған. Оның қоңыр көздеріне тіке қарасам, мына әлемнен өзімді алыстатып алардай қорықтым. Шие ерні дір-дір етіп, беті алмадай болып қызарып тұрды. Оның шашы желмен жылжып, менің бетіме тиіп жатты. Білдірмей иіскегендей болдым. Ал ол аңғармады да. Сәлемдескенде қолын ұсынған. Баяғы бірге қол ұстасқан кездеріміз есіме түсіп кетті. Оның саусақтары баланың саусағындай кішкентай еді. Жуан алақаныма салып, қараудан жалықпаушы едім…
– Көлікпен жүрсің бе?
Оның сұрағы да санамдағы ойдан алыстата алмады. Әлден уақытта барып, көлікке қарай нұсқап, жол бастадым.
– Газеттен мақалаларыңды оқып тұрамын. Жолдасым – мұғалім.
Ол жолдасы жайлы айтқанда басын төмен салды.
– Кішкентайларың ше? – дедім.
Үнсіз ғана терезеге қарап отырды. Әдейі емес, бірақ осы жолы біз екеуміздің бақытты шақтарымыздың куәсі болған қала көшелерімен келеміз. Университеттен шыға сала арбатты жағалай орталық алаңға, онан кейін Қорқыт ата көшесіне қайта оралып, сарқырамаға бұрылып, дарияның жағалауына…
– Есіңде ме, «екеуміздің екі ұл, екі қыз – төрт баламыз болады» деуші едің. Мен қазір сол екі ұл, екі қыздың анасымын. Үлкенім – ұл. Сенің арманыңдағыдай есімін Алпамыс деп қойдым.
Оның осы сөздерінен кейін жағалауға барып, бір-ақ тоқтадым. Ол да, мен де ләм-мим жақ ашпай біраз отырдық.
– Құшақташы, – деді ол.
Мен оны жай ғана құшақтадым. Шашынан иіскеп, сол алаңсыз кезеңді еске алдым. Қанша жылғы сағынышы, ішінде айта алмай кеткен сөздері оның көздерінен тамшы болып сырғанап жатыр. Мен оны жұбатарға сөз таба алмадым. Жан дүниесіндегі алай-дүлейді қанша түсініп, ұғынып тұрсам да, жауап берер дәрмен жоқ еді…
– Сен сол кезде неге мені алып кетпедің?
– …
Мен сол уақытта өзімді соншалық жігерсіз сезінгенім, мына ғаламның ең сормаңдай, ең әлжуаз пендесі болғаным үшін өзімді әлі күнге кешірмегенімді айтсам, оның жан жарасын жеңілдетер ме?! Жо-жоқ, менің махаббатымның дәрменсіздігі, сезімімнің әлсіздігі, мен үшін бәріне баруға даяр жүрген қызға деген сенімімнің болмағаны… Мұның барлығын айтып берсем, оның жүрек жарасын жазуды былай қойғанда, сол күнгі, сол түнгі жарасының бетін тырнайтынымды білдім.
– Жауап бермей-ақ қой. Сен сол кезде-ақ мені шаруасы тынды деген шығарсың…
Оның әлгіндегі көз жасының барлығы тыйылғандай болды. Бірақ менің жүрегім жылап тұрды. Жанымды езгілеп, тым әдемі қыздың сезіміне жауап бере алмай, бір әдемі бақытқа кешіккенімді білдім. Оны қазақы дәстүрмен алып қашқан еді… Ал мен сол үйдің іргесінде түні бойы көлікте отырдым. Ішке кіруге жігерім жетпеді. Әрі-беріден соң «Мен қаламын, өз еркіммен сүйіп келдім» деп қайтарса, сағым сынып қалатындай болды. Ал ол мені күтіпті. Иә, сол күні екеуміздің арамызды қабырға ғана бөлгенін ол қайдан білсін?! Сол күні онымен бірге менің де жанарымды жас жуғанын, тіпті еңсемнің қайғыдан көтерілмей қалғанын білмейді ғой. Бәрін ашып айтқым келді. Бірақ оның барлығын айтқанымен екеуміздің екі бөлек әлеміміз бар. Екі отанның бір-бір өкіліне айналдық. Дереу есімді жидым.
Көлікті орнынан қозғап, мекен-жайына келіп тоқтадым. Ол менің бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Сен бұл үйді қайдан білесің?
– Мен өзімді өзім жоғалтып, жан дүнием алай-дүлей болғанда, іштегі аласапыранды тоқтату үшін әне талдың көлеңкесіне көлікпен келіп отырамын. Бірақ сен оны сезбедің ғой… Қоштасқым келмейді…
Ол үнсіз жымиды. Иә, сол жымиысы бәз баяғыдай. Екі бетінде кішкене ғана ойық пайда болып, бетін жапқан шашын кері қайырды. Қоштасқым келмеді. Бірақ ол кетіп барады. Артына бұрылмады. Қарағысы келді, мен оны сездім. Қақпаны ашып, үйіне кіргенше көз жазбадым.
Мен үшін сол бір сәт өткен күннің, жарқын сәттердің бір белгісіндей еді…
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!