Ежелгі заманда бір тайпа өмір сүріпті. Халқының бет-бейнесі аққұба келген, көзі үлкен, денесі ірі болған. Олардың негізгі шаруашылықтары болмаған.
Бір күні тайпа көсемдері қоныс аударуға шешім қабылдайды. Барлық халықты жинап, көшуге дайындық жүргізеді. Сөйтіп жаяу жолға шығады. Олар жолай көптеген жерге кезігеді. Бірақ оларға ешқандай жер ұнамайды.
Көп күн өте-өте тайпа бір жерге тап болады. Ол жерде үңгірлерден басқа ешнәрсе жоқ екен. Бірақ көсемдері осы жерді таңдайды. Сөйтіп халық олардың шешіміне келісіп, осы жерде тұрақтайды. Олар үңгірлерге орналасады.
Тайпа еш дамусыз, тыныш өмір сүре береді. Бір күні аспанға қара бұлт жамылып, күн күркірей бастайды. Кенет айналаның бәрін шаң басып, жұртшылық шаңнан көз ашпай қалады. Сөйтіп аспаннан алып дәу жерге түседі. – Тайпа аң-таң болып қалады. Алып дәу тайпа көсемін алдына шақыртады:
– Сендердің басшыларың кім, шақырыңдар! – деп бұйырып, бар дауысымен айқайлайды. Сөйтіп тайпа көсемі алып дәудің алдына келеді:
– Сіз кім боласыз, мырза?, – дейді. Алып дәу мысқылдап күліп:
– Мен мына сендер табан тіреп тұрған жердің басшысымын, – деген сөзді естігенде барлығы аң-таң болып, алып дәуге бас ие бастайды. Тайпа көсемі де оған бас иіп, кешірім сұрап, уәжін айтады:
– Мырза, бұл жер сіздің иелігіңізде екенін білмедік. Егер қарсылығыңыз болмаса біз осы жерді тұрақтасақ. Мүмкін болмаса.., – дей бергенінде жер иесі оны тоқтатып, тайпа көсемінің сөзін өзі жалғастырады:
– Менің тұратын жерім көп. Маған кез келген жерде орын табылады. Мына халықты босқын қылмай, сендерге осы жерді тұрақтауға берейін. Алайда бір шартым бар.
– Айта беріңіз, біз кез келген шартты қабыл аламыз. Тек осы қонысты бізге берсеңіз болды, –дейді қуанышпен тайпа көсемі.
– Асықпа! Ең әуелі шартымды тыңда. Сендер осы жерге тұрақтанасыңдар, бірақ жеріме зиянын тигізетін болсаңдар сендерге жақсы болмайды – деп ескертіп, жоғалып кетеді.
Тайпа қатты қуанып, бұл жерді көркейтуге атсалысады. Бұрын жұмыс істемеген халық – егіншілікпен айналысады. Кейбір аңдарды қолға үйретіп, мал шаруашылығымен де айналыса бастайды. Үңгірлердің орнына әр адам өзіне үй салып, айналаға ағаш егіп, гүл өсіреді.
Күндер өтіп, айлар өтіп, жылдар да жылжиды. Тайпа дамыған. Халқының жағдайы жақсарған. Көсемі өз жеріне қанағаттанбай, басқа тайпаларға шабуыл жасай бастайды. Өзінің еліне назар аудармай, тек жер байлығын ғана ойлайды. Соғыс үшін өзінің жеріндегі ағаштарды кесіп, түрлі қару-жарақтар жасай бастайды. Халық ашаршылыққа ұшырағанда, тайпа көсемі:
– Біздің айналамыздағы барлық аңды аулап, азық қылыңдар, – деп халыққа бұйрық береді. Сөйтіп жер бетіндегі аң-құс, өсімдіктердің саны азая бастайды. Олар алып дәудің сөзін естен шығарған болатын.
Бір күні тайпа көсемінің түсіне бір ақсақал кіріп:
– Балам, өз жеріңе ие бол, – деп айтып кетеді. Ол сөзді елемеген тайпа көсемі жаулаушылық жұмысын жалғастыра береді. Халық та оны қолдады. Алайда олар алып дәудің сөзін естен шығарған болатын.
Күндердің күнінде тайпа жерінде қатты дауыл болып, найзағай ойнап, жанартау атқылайды. Жанартаудың қатты атқылағаны сонша жаңағы жер де, халық та жойылып кетеді. Бұл жерді «қарғыс атқан жер» деп аталып кеткен деседі. Алайда бұл оқиғаның сырын тек біз ғана білеміз.
Нұрайым УӘЛИХАНҚЫЗЫ,
«№176 орта мектебінің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!