Бүгін Қызылордада «Күй керуені» атты облыстық жас домбырашылар байқауы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева мәлімдеді.
Сондай-ақ, аталған мерекеге орай белгілі күйші-композитор Тасболат Ысқақов атындағы домбыра үйірмесі ашылады. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық домбыра күніне орай өтетін салтанатты концертте еліміздің барлық өңірлеріндегі халық аспаптар оркестрлері Құрманғазының «Сарыарқа» күйін бір мезетте орындайды. Оған облыстық филармонияның Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі онлайн өнер көрсетпек.
«Алты мың жылдық тарихы бар домбырамен бірге қазақтың да тарихы біте қайнасып келеді. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. 2019 жылы «Жыр мұра» жобасымен жұмыс жасап жатырмыз. 23 жыр-терме, 16 қобыз, және домбырашылар үйірмесі бар. Сондай-ақ, былтыр М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының әр өңірдің күйшілік дәстүрі жайлы шығарылған антологиясына біздің Сыр өңіріндегі күйшілердің аты аталып, мұрасы енгізілді», – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының маманы, жыршы Берік Саймағанбетов.
Айта кетейік, бүгіннен бастап күйші Әлімжан Әбсадықовтың бастамасымен «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты онлайн-челленджі күйшілер мен домбыра шертер әрбір қазаққа жолданды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!