Ел аузындағы әңгімеге сенсек, тырналар қиғаштап, сап құрып ұшады. Үйірді ақылы толысқан мықты көсем бастайды. Көсем қартайғанын не өзінен мықты тырнаның барын көрсе, жолды соған табыстап, көргенін үйретеді де уайымсыз өмір сүреді. Ғажабын қараңызшы, ол өзінің ізін басатын жасты баулып, түрлі сынаққа салады. Бүркіттің балапанын  қалай ұшуға үйрететінін де білеміз. Тіпті, гүлдің өзіне де мәпелеп су құйса, жайнап, жайқалып өсетіні сияқты жастарға да біліммен бірге тәлімді тәрбие берілсе, ел ертеңіне айналары хақ.

Қарап отырсақ, қоғам қайраткерлерінің де, Алаш арыстарының да жастарға сенім артқанын, үміт күткенін байқаймыз.Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» дегенін естен шығармау керек.Әр адамның өмірінің мәні – кездескен қиындықтарды жеңу арқылы рухани жетілу болса, осы рухани жетілуден ұлттық идея туындайды. Қазіргі біздің елдің ұлттық идеясы – жастардың ішінен рухы биік, құндылықтардың қадірін біліп қана қоймай, оны дәріптей алатын тұлға  қалыптастыру. Соңғы кездері ұлттық идея, идеология деген сөздерді көп естиміз, ал грек тілінен енген «идея» сөзі көрініп тұрған нәрсе, бейне, яғни, мағына, ой, пікір, маңыз, мән ұғымдарын білдіретін, түрлі мағынада қолданылатын философиялық термин. Қоғамдағы әрбір адамның өзіндік идеясы, өмірге деген көзқарасы, идеалы мен құндылықтар жүйесі болуы заңды, осылар жиналып келіп, оның рухани жан дүниесін құрайды. «Ұлттық» термині ұлтқа тиесілі деген мағынаны білдіреді. Қазақстанның ұлттық энциклопедиясында: «ұлт – ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі» деп көрсетілген. Ал жастардың идеалына айнала білген, қазақтың жұлдызы Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «қазақ» сөзінің түпкі мәні – жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіреді.

Мен рухани-патриоттық тәрбие деп ата-бабамыздың парасатты ойы, өсиеті, ерлігі мен батырлығын тану, білу арқылы, елін, жерін, отанын сүйіп, ұлттық мүдде мен мінезге сай, адал да, таза өмір сүру деп түсінемін. Маргинал жастардың қатарын азайтудың бір жолы да жастарға кітап оқытудың оңтайлы тәсілін табу екендігі жиі айтылып жүр. Соңғы кездегі түрлі жағдайлардың орын алуын «рухани құндылықты білмейтін, патриоттық тәрбиені бойына сіңірмеген, тәуелсіздіктің қадірін түсінбейтін» жастардың көбейгенімен байланыстыруда. Әрине әр оқиғаға төреші – уақыт.  Десек те дайын асқа тік қасық болмай, жұмыс тауып бер деп билікке қарап отырмай, жастар іске кірісуі керек, белсенділік қалыптастыру қажет. Болашақ үшін сапалы білім алуға деген ынтасын ояту керек. Қоғамға қажетті, сұранысқа ие мамандықты тегін алуға мүмкіндік беру артық емес. Бүгінде ертеңіне сенбейтін жастар кездеседі. Бұл жақсы тенденция емес. Мұның белең алуына әлеуметтік топтың мүддесін қорғайтын жастарға ортақ идеологияның болмауы – басты себеп. Міне, осы мәселені шешсек, ел ертеңіне айналар жастардың қатары көбейеді. Материалдық құндылыққа көбірек мән беретіндер көбейген тұста жастардың назарын рухани құндылыққа аударудың тәсілін қоғам болып тапқан жөн.

Лунара ОРЫНБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!