Жастар үшін мотивацияға толы кітаптардың маңызы зор. Олар кітап арқылы білім алып қана қоймай, кәсіпкерлердің тәжірибесінен жаңа бағытты үйренеді. Сол үшін газет оқырмандарына өзім оқыған үздік үш кітаптың мазмұны жайлы айтуды жөн көрдім.

        Бірінші кітап ‒ Қуаныш Шоңбайдың “Екінші болма” кітабы. Кітаптың сыртында “Бизнесте, карьерада және өмірде жеңіске жетудің қазақша жолы” деп жазылған. Бұл ‒ мақсатқа жетелейтін қазақы ұстанымға сай кітап. Кітапта бай болудың, арманға қол жеткізудің жолдары айтылады. Кәсіпке бағытталған мотивациялық қазақша кітаптардың ішіндегі танымалы десем артық емес. Автор әлемдік ғалымдар мен ойшылдардың сөздерін ескере отырып, кітапқа түсірген. Қуаныш Шоңбай бір сұхбатында ”Тренингте айтылмай қалған дүниелерді кітап арқылы жеткізу ‒ ең ұтымдысы” деп жауап берді. Ұлы ақын Абайдың  “мықты болсаң, өзіңді жең” деген сөздерін ақылға сала отырып, өз-өзіңді жеңуге болатыны жайлы да баса айтты. Ал өмірде ойымызға шектеу қоятын өзіміз екенін, шектеуді жою керекті жайлы кітапта кеңінен әңгімелейді. Әке-шешеміздің аузынан түспейтін, «жұрттың балаларына» жету жолдары да кітапта анық көрсетілген.

Саған керек 3 кітап

Екіншісі ‒ Камшат Бекжігітованың”Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт” кітабы. Автор білікті журналист болмаса да өзіндік талантымен кітапты жақсы деңгейде жазып шыққан. Кітапта автордың өмірдегі қиындықтары баяндалып, оқырманға дұрыс бағыт-бағдар көрсету жайы жазылған. «Кітапты жазудағы мақсатым ‒ кез келген адамның өз өмірін қиялындағыдай етіп өзгерте алатынын, жалпақ тілмен білген тәжірибеммен бөлісу” дейді автор. Ол жолы болмай жүрген жандарға өз білген-түйгенін кітап арқылы  жеткізген. Қиналған сәтте жалқауланып, балгер іздеп кететін адамдарға ақ пен қараны атап өткен. «Бақыт пен жетістікке жету үшін ниет қажет» дейді мотиватор. Ең қызығы, автор өзінің оқырманға арналған ұсынысы мен тапсырмаларын да кітапқа енгізген.

Саған керек 3 кітап

Үшіншісі ‒ Бақытжан Бұқарбайдың «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!» кітабы. Кітаптың мазмұны кәсіпкерлікке бастар жолды баяндайды. Автордың айтуынша, кітап шықпас бұрын сауалнама жүргізілген. Сонда оқырманның сұранысы кәсіпкерлік тақырыбы болған екен. Кітаптың ерекшелігі ‒ Марғұлан Сейсембай, Райымбек Баталов, Нұрлан Смағұлов, Қайрат Құдайберген, Қуаныш Шоңбай секілді танымал кәсіпкерлердің тәжірибелерімен танысуға болады. Әрбір кәсіпкердің суреттерін де кітапқа енгізген. Бұл керемет туынды ‒  кәсіпке қызығып жүрген әрбір адамға керек кітаптың бірі. Шынымен, ең алғаш кітаптың тақырыбын көрген адам «Қалайша күнкөріссіз байлыққа жетуге болады?» деп ойланары анық. Ал автор бір сұхбатында: «Байлық деген ‒ кітап оқу, жұмыс жасап, нәтижені көру» деп сипаттама берген.

Нұрай ТАЛҒАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!