Мұғалімнің көбейіп, ұстаздың азайып кетуі жан-жақты білім мен қарым-қабілеттің жоқтығынан. Мәуелі бәйтеректің тереңге тамыр тартып, жапырағын кеңге жаюы үшін «сылдыр судың» өзі жеткіліксіз. Құнар керек. Құлқынның құлы емес, ұлтының ұлы болғандар осыны ойлайды.

Қара судан қаймақ алып, қара даладан дара дарын шығару педагогтың біліктілігіне, біліміне байланысты. Бүгінде рухтың төрін, намыстың өрін бағындырғандар ғана дана ұстаз болмақ. Осы соқпақты ақындықпен ұштастыру, сөзден өрмек тоқып, шумақты шуаққа айналдырып, екі кеменің басын ұстап жүру ешбір адамға оңайға соқпасы сөзсіз. Намысты нанға сатпайтын нар ақындар, ұстаз шайырлар тарих керуенінде де кездеседі. «Кел, балалар, оқылық!» деп Ыбырай салған қозы көшті тізбектеген, ізгі ізді үзбеген алып ақындар іргелі оқу орындарында дәріс беріп те жүр бүгінде. Ал біздің айтпағымыз қазыналы Қазалы жеріндегі шайырлар шоғыры жөнінде.

Өзен түбіндегі шоңғал тастай талай тасқынға төтеп беріп, буырқанған ағындарды бастан кешкен аймақ ақындарының бағыты турасында сөз қаузамақпыз. Көлі киелі, өзені өмір, топырағы текті жерден шын дарындардың шыкпауы әсте мүмкін емес шығар. Намыс пен рухтың ақындары да осында. Өлендерін оқи отырып жүрегіңізбен сезініп, сезім суына шомасыз.

Әңгімені тың идеялардың генераторы, намыс туын нық ұстаған, шындыққа біткен шоңғал тас Абдолла Сапардан бастасақ. Сапар ақын мәңгілік сапарға аттанып кеткелі ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Соңында қалған шоқ-шоқ шәкірттері оның адуынын, аптап лебін әлі күнге ұмытпаған. 2009 жылдан бастап №249 мектеп лицейде жұмыс істеген оның өлендері «Қазақ деген ол менмін» деген атаумен басылып шықты. Жарық жалғанда небәрі 38 жыл ғана өмір сүрген талантты ақын, таңдаулы ұстаз, тосын идея, тың шешімдердің иесі, көзі тірісінде аңызға айналған «Сегіз қырлы, бір сырлы» Абдолла Сапардың таңғажайып туындыларын, отты өлеңдерін осы жинақтан оқи аласыздар.

А.Сапар соңғы сұхбатында «Бақыт деген не?» деп келетін сұраққа былай жауап қатыпты: «Меніңше, дәл осы отырғанда денемнің саулығы, айналамның амандығы. Мен үшін бақыт – баламның алдымнан жүгіріп шыққаны, әйелімнің маған күлімсіреп жымиюы, мен үшін бақыт белгілі бір мазмұнды толық қабылдай алған оқушының саған деген ризашылық көзқарасы, жанарынан есіп тұратын жылулық лебі. Дәл осы тенденцияны өзімнің ішкі күйіммен синтездеу арқылы ләззат аламын. Мен үшін белгілі бір моральдық экстаз көбінесе лицей қабырғасында өтетін сияқты. Бақыт құсы мектептің ішінде, азанда келгеннен менің алдымнан жүгіріп шыққан оқушылар» дейді. Рас қой. Ақын мұны сезінді. Басқалар да түсінсе игі. Себебі баланы «бақыт» деп білетін жан ғана рух биігінен көріне алмақ. «Қазақ деген ол менмін, мақтанайын деп едім… Тәңірге ғана бағынар» деп жырлаған ақынның жан жүрегі осыны ұғынған.

Намыс найзағайының ізін жалғап, ақындық соқпақты салып келе жатқан қазір Қазалыда ұстаз-ақындар жетерлік. №78 мектептің мұғалімі Шертай Ерхан «Найзағай ғұмыр» өлеңінде:

Салмағын салып саналы істері,
Жанымның шоғын қаузады-ай бүгін.
Жарқ етіп ойнап, жерге түскені,
Сияқты маған найзағай ғұмыр, – деп жырлайды. Ал, №100 мектептің ұстазы Ақынсара Даулова «Абай рухына тағзым» жырында:

Өлеңмен бар әлемді бағындырған,
Біздерге сара жол бар сағым жылдан.
Қазақтың ұлы ақыны Абайымның,
Қиялы кең, жүрегі жалын нұрдан.

Қарап тұрсаңыз, оқушы қиялын өлеңмен баурап, өнермен сусындатуға болады. Бас ақын өмірін өнегелі өлеңмен түсінген оқушы тақырыпты ойда ұстап қалары анық. Бұдан бөлек, №225 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанат Аханның «Адамдықтың қол жеткізем тағына» өлеңінен тағылым табуға болады. Тау көтеріп, тac қопарған жырлар болмаса да, ұстаз қаламынан туған түйдек тіркестер көпке ой салады.

Мың тербелем кемедей айдындағы,
Еске түсіп ескі өмір жайдың бәрі.
Құлазыған сәттерде қылаң беріп,
Өмір маған кұшақты жайдың тағы.

Өлеңмен өрілген өмір. Шағын ғана қаланың әр мектебінде ақын бар болса, ол руханияттың өрлігі. Қазалыдағы ақындар тізбегі мұнымен бітіп қалған жоқ. Баршылық. Соның бірі – Сәкен Қабылов. Ол №225 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Жырлары да уытты.

Лашын құстай бәрі шүйілді кеп,
Лебізін тыңдата алмай, түйілді кек.
Лайқат сөз таба алмай жасын топқа,
Лауазым иелері күйінді көп, – деп, ғасыр зұлматын шумаққа сыйдырып жібереді. Желтоқсандағы жыл ызғарын жыр ету, ұстаздық жүрекпен түйсіну ерлік. Онын «Сараман сыры», «Туған өлкем», «Көктем келді» өлеңдері де өмір бедерін бейнелейді.

Ақындық дейтін ауыр жүкті арқалап жүру нәзік жандарға оңайға соқпайды. Керек тастың ауырлығы жоқ. Әйткенмен жан солқылын сыздатып, қоғамдағы мәселелермен, махаббатпен күйіп-пісіп жүрудің машақаты көп. Сағыныш Өтеулиева бұл белесті де бастан кешкенін өлеңдерінен аңғарамыз. Сағыныштың сағынышқа, сырға толы өлеңдері өз бағасын алып келеді.

Ол Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің І санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Өлеңдері 2017 жылы Алматы қаласында жарық көрген республикалық жас ақындардың «Жастық – жалын жыр» антологиясына және республикалық «Мәртебелі мамандық» журналына бір топ өлеңдері жарық көрген. Аудандық мұғалімдер арасындағы Рүстем Жанай, Алмагүл Қаржаубаева атындағы жыр мүшәйралары мен Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Абай, мектепішілік Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев оқуларының жүлдегері. «Жүрек жылап қалды» өлеңінде:

«Жүрек жылап қалды» өлеңінде:
Жақын жүріп жанымнан жырақ қалдың,
Көшпейді екен көңіліңмен ұнатқаның.
Мені мұнша дәрменсіз күй кештірген –
Сынақтарым…
Ертең үшін өзімді сан сұраққа алдым,
Ол жоқ жерге расыменен тұрақтадым.
Бұл қылығым бәлкім ерсі көрінсе де –
Ұнатқаным…

Иә «Өлең-өмір» деген осы шығар. «Ұстазсыз шәкірт тұл». Шәкіртсіз ұстаз жеміссіз қу ағашпен бірдей. Бойында қасиет қаны қайнап жатқан қазалылық ақындар мектебінен тау тұлғалардың өсіп шығарына кәміл сенеміз. Себебі бұл елде Жетіскен Мәкеналы өмір сүрген. Көп жылдардан бері өлке тарихын зерттеумен айналысқан азамат ол. «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы» жинағы, «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» жинағының үш кітабы, «Асандар көтерілісі», Ғани Мұратбаевтың өмірі мен кызметі, жастарға рухани тәрбиесі туралы «Мен – Ғанимын», «Ғани тағылымы» атты жинақтары, «XXI ғасырға аманат» атты жыр кітабы жарық көрген адуынды ақын.

Қаза берсең қазына осы өлкеде. Қазалы ауданы жерінде Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Ашабай мен Сырлыбай, Үмбет пен Ерімбет, Ғани Мұратбаев, Роза Бағланова мен Мәдина Ералиева т.б. танымал әйгілі батырларымыз бен би-шешендеріміз, өнер қайраткерлері дүниеге келген. Осы сабақтастықты пән сабақтарында санаға түйдіріп, оқушыға рухани тәрбие беруде алдына жан салмаған қазалылық ұстаз ақындардың шығар белесі құзар шың ғана. Бұл із, өнерге салынған күре жол еш үзілмесіне кәміл сенеміз.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!