– Қараң қалғырдың дүниясын жер жұта ма осы? Сандалып кеттік қой…
Бір нәрсе іздеп жүр-ау өзі. Ерте туған тоқтыдай домаланған осы жеңгемнің қылығы қызық-ақ. Әлденеге күйіп-пісуі де тез. Жаймашуақ бола салуы да әп-сәтте.
…Бұл ауылда бәрі жақсы. Адамдары да. Табиғаты да көркем. Бірақ екі кемшілік бар. Онысы шыбын. Иә, кәдімгі қара шыбын. Құжынап ізіңнен қалмайды. Дастархан басында аузыңа апарған тамаққа ілесе жүреді. Көзің үйренгені соншалық елең де қылмайсың.
Әне, вареньеге қонған төрт шыбын малтығып жатыр. Ағам жеңгеме көзімен соны нұсқаған. Ләзкө оларды қасықпен іліп алды. Сөйтті-дағы да самаурын қасындағы ыстық суы бар кесеге малып жіберген.
– Шыбын асырайсыңдар ма? – дедім күңк етіп.
– Ибай, өзің үйренген шыбын ғой баяғы. Жаз болса осы ғой біздің тіршілік…
– Құрту керек қой, – дедім өзі пұшық мұрынға қонған шыбынды қолыммен қағып жатып.
– Кеше ондай көп емес еді. Мына албастының есікті қалай ашатынын қайдам, даладағы бар шыбын осында жүр ғой. Есік ашық қалса, шыбын біткен кірмей қайтеді?! – деп алара қарады шынтақтай жатқан ағамның аяғына басын сүйей созылған сары мысыққа.
Сары мысық жондана семірген. «Мен жайлы бірдеңе дедің бе» дегендей басын сәл көтергені болмаса, еңсеріліп тұра қоймады. Керісінше, жатқан күйі керіле есінеді.
– Мынауың еркек емес-ау.
– Ұрқыны құрсыншы, ұрғашы ғой.
– Бәсе, буаз көрінеді.
– Айтпа, үш-төрт ай сайын балалайды. Шұбыртып жүргенің сол. Жұрт туған мысықтың еркегін алады. Ұрғашы туған баласын қайда құртарыңды білмейсің? Ағаңа әлдеқашан айттым, қапқа салып, Әлсейіт жаққа құртшы осы мысықты деп. Дария бойында өлмес.
Сары мысық жеңгемнің бұл әңгімесін жақтырмағандай. Кердеңдей басып сыртқы есікке беттей берген…
Мұндағы екінші кемшілік маса болатын. Бұл ауылдың қызына барсаң түнде қол-аяғыңды қымтап шығасың. Әйтпесе, арам қатырады. Бір қонғанда он шақтысы бірден сап етеді. Сенбесең футболкамен тұрып көрерсіз. Қолыңа қонған масаны сылып алғанда уысың толар еді.
Бозбала күнімде Шарханға ілесем деп осы масаға өлердей таланғаным бар. Ауыл шетіндегі Жабағылының қыздарына үйір еді досымыз. Оның шашбауын көтеруге біз де жарайтынбыз.
– Кеттік, – дейді кешкі ақ пен қызыл арасында ол маған. – 89-шы жылғыларда бешір бар. Бұйырған көләмізді ішіп, бір-жарымен әпшение ұстайық.
– Кеттік, – деймін менде қызыққұмар көңілмен.
– Әй, жеңі бар бірдеңе іл үстіңе. Ол жақтың масасы түйедей. Мүрдем кетерсің.
– «Масаға буынып өліпті» деген ешкімді естімедім. Тәуекел. Қабызданып, мына жаздың ыстығында өл деймісің маған…
Шархан «өзің біл» дегендей иығын қиқаң еткізген.
Сол түні ғой масаға деген өмір бақи жеккөрініштің басталғаны. Шархан бешір болған үйдің терезесін қағып, бір жыл төмен оқыған баланың бірін шақырып алған.
– Қалайсың інім, – дейді даусын әдейі қатайтып. – Мектеп бітіріп жатыр дей ме сендерді.
Әдейі сұрап тұр, әйтпесе, Шарханның өзі де былтыр бітірді емес пе мектепті.
– Иә, – деген анау да.
– Ал оң болсын, нең бар?!
«Нең барды» «көлә ішпедік пе?ә деп түсіну керек бұл жерде.
– Келіп қалдық қой, – деді Шархан әлдебір міндетті істі орындауға келгендей.
– Қазір, братан, ішке кіріп шығайын. Анау да жөнін айтты.
– Давай, тездетейік, дегені сол еді «інісі де» үйге қарай ытқи берген. Тоқтатып алды қайтадан.
– Әй, коламен бірге салат-палат та ұйымдастырарсың. Сосын анау кім еді, Пәленшенің қызы келді ме бешірге?
– Иә, бар ғой.
– Сәлден соң сыртқа ап шықсай.
– Әңгіме жоқ, братан.
Одан кейін іштен шыққан салатты коласымен жәукемдеп алғанымызды білем. Қараңғыда Құдай біледі, өзім әйтеуір қияр мен помидордың дәмін анық сездім.
– Қазір ана қыз шықса, амандаса салысымен әрірек кетерсің. Әңгімем бар.
– Жарайды, – дедім мен де оған қарсыласпай. Өйткені, Шарханның қызбен сөйлесудегі тәжірибесі менің қасымда ұшан-теңіз.
…Маса ызылдайды. Дұрысы, шағып жатыр. Шархан мен қыздың сұлбасы әнебір жерде қараңдайды. Әрі кетсе жарты сағат кідірер деген ойым адыра қалған. Аңдысам қайтер екен деген ойым болды да, одан тез айныдым. Аяқ-қолымды масадан қағып тұра бергенмін. Тынымсыз.
Ит неме, енді қанша уақыт сөйлеспекші бұл қызбен. Қыз шіркін де Шархан бірдеңе десе, жырқылдап күле беретінін айтам-ау. Сері досымның сәтті шағы да осы шығар.
Өңмеңдеп барып, тамағынан иіскегендей бола ма өзі. Анауда сыңқ-сыңқ еткен күйі Шарханның кеудесін әлсіз итеретіндей ме, қалай?
– Емешесінің құруын…
Шарт кеттім осы жолы. Іштей қыз екеуін қосып сыбадым да, «үй қайдасың» деп тартып отырғанмын. Менікі не? Ертерек ұйықтап, азанда оратын пішеніме барсамшы.
Жабағылының масасы үйге дейін қуып әкеп тықты осылай.
Есіме түскен ескі естелікке өзімнен-өзі күліп жібердім. Ағам бажырая бетіме қараған. Ләзкө тағы да күңк етті.
– Соқа басың сопиып жүріп, жынданып кетпесең болар. Біреу бір жеріңді түртіп отыр ма, жын қаққандай неге күлдің?!
Үндемей құтылғанмын. Шәйдің соңғы кесесін сарқып ішкен ағама жеңгеміз қарап:
– Шапалақ істеп берші, – дегені.
– Ау қай күнгі шапалақ қайда?
– Ит алып кеткендей жоқ қой, жоғалғыр.
– Ой, кешке жатам дегенше у-пу сеп. Болмаса Ертайдың магазинінен қағаз клей ап кел. Шыбынның нақ өзіне арналған қақпан ғой.
– Шапалақ керек сонда да…
Ертеңгі түскі аста жеңгемнің қолында шапалақ бар еді. Ағам кәдімгі ИЖ-Планетаның артқы дөңгелегінің резеңкесін домалақтай қиып істеп беріпті. Шыбын біткенді кіжіне ұрады Ләзкө жеңгей. Оның ұрғанын көрген сары мысық та сарайға қарай беттемей жүр…
Ержан Қожас
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!