Фото: tilalemi.kz

Қазақ пен қырғыздың ортақ тамыры, тілі мен салты, дүниетанымдық кеңістігі ғасырлар бойы бір ғана географиялық шекарамен емес, мәдени-рухани сабақтастықпен анықталып келген. Екі елдің рухани байланысы халықтың жадында ғана емес, оның әдеби мұрасында да айқын көрініс табады. Сол рухани көпірдің ең биік тұғырында тұрған тұлғалардың бірі − Шыңғыс Айтматов. Ол − бір халықтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің, жалпы адамзат өркениетінің рухани құндылықтарын паш еткен феномен.

Оның шығармашылық әлемі бір ғана қырғыз топырағымен шектелмейді. Айтматов – бүкіл түркі дүниесінің рухани кеңістігін жаңғыртқан, адамзаттық ойдың өрісін кеңейткен қаламгер. Жазушыны танып-білудің үш тірегі бар: дәуір, тұлға, гуманизм. Айтматов шығармашылығы дәл осы үш ұғымның тоғысқан тұсында тұтас бір мәдени феноменге айналды.

Жазушының балалық шағы қасіретті кезеңдерге тұспа-тұс келген. Репрессия, «халық жауының баласы» атану, соғыс кезіндегі тыл тұрмысы, ауылдың ауыр тағдыры – мұның бәрі болашақ суреткердің рухани қалыптасуына әсер етті. Ол ерте есейіп, он төрт жасында ауылдық совет хатшысы болды. Уақыттың осындай қатал мектебі Айтматов шығармаларындағы терең экзистенциалдық ойдың, адам тағдырын қорғауға деген жанкештілік рухтың бастауына айналды.

ХХ ғасыр – түркі халықтарының ғана емес, бүкіл әлемнің тағдырын өзгерткен драматикалық дәуір. Ғылыми-техникалық төңкеріс, жаһандану, рухани дағдарыс, ұлттық тамырдан алшақтау – Айтматов дәл осы үрдістердің барлығын өз көзімен көріп, шығармашылық рефлексияға айналдырған қаламгер. «Боранды бекет», «Кассандра таңбасы», «Құз басындағы аңшының зары» сияқты туындыларда жазушы техникалық прогрестің адамшылықтан бөлінген тұстарын көркемдікпен талдап, адамзат болашағына алаңдаған.

Шыңғыс Айтматов – тағдырын адами биікпен еңсерген тұлға. Шекаралас Жуалы мен Шекердің арасы жазушы санасында қазақ пен қырғыздың ажырамас рухани бірлігінің символына айналды. Оның алғашқы көрген даласы – қазақ даласы. Сондықтан Айтматовтың көп шығармаларында қазақ кеңістігі, қазақ мінезі, қазақтың рухани болмысы табиғи түрде өрнек табады.

Жазушының жарқырап шығуына Мұхтар Әуезовтің берген ақ батасы айрықша ықпал етті. Әуезов «Жәмила» повесін оқығанда, Айтматовтың жаңа әдеби құбылыс екенін көріп, оны одақтық әдебиет айдынына өзі алып шықты. Бұл – түркі әдебиеті тарихындағы тұлғалық сабақтастықтың ең көркем мысалдарының бірі. Кейіннен Айтматов та ұстазы Әуезовті бүкіл әлемде танытып, оның рухына өмір бойы тағзым еткенін ашық айтады.

Айтматов өзінің қазақ халқымен рухани туыстығын ашық мойындаған. Оның өз сөзімен айтқанда: «Мен қазақпын ба, қырғызбын ба? Мұны білгісі келгендерге Манас жөнін, Мұхтар Әуезов жайын айтып беремін… осы екеуіне иек артсам болды, жат жұрт арасында жалым күдірейіп шыға келеді». Бұл оның өзін түркі дүниесінің ортақ перзенті ретінде сезінгенін дәлелдейді.

Айтматов пен Әуезов арасындағы рухани сабақтастық түркі әдебиетінің жаңа кезеңін ашты. Дандай Ысқақұлы бұл жөнінде былай жазады: «М. Әуезов пен Ш. Айтматов түркі халықтарының әдебиетінде, одан қалды әлемдік мәдениетте түркілік әдеби ренессансты әйгілеген тұтас бір дәуірді жасады».

Айтматов – түркі халықтарының рухани тамырын әлемдік деңгейге шығарған тұлға. Оның әдебиеттегі жолы жеке бір елдің емес, тұтас өркениеттің биігіне айналды.

Айтматов әлемін айрықша даралайтын қасиет – оның адамды қорғау миссиясы. Жазушы үшін ең үлкен құндылық – адам, адамдық болмыс, рухани биік. Ол қай шығармада да адамның адам болып қалуы үшін не қажет екенін сұрайды.

«Боранды бекет» романындағы мәңгүрттік идеясы – рухани құлдықтың ең терең философиясы. Айтматов мәңгүрттікті бір ұлттың емес, бүкіл адамзаттың қасіреті деңгейіне көтерді. Бұл – тілінен, тамырынан, рухынан айырылған адамның трагедиясы. Оның Сәбитжан бейнесі – ішкі мәңгүрттіктің символы. Едіге бейнесі – адамдықтың, адалдықтың, жадының, рухтың тірі қалуы.

Мәңгүрттік – ХХ ғасырдағы ең қауіпті рухани індет екенін Айтматов әлемге алғаш айтып кеткен жазушы.

Айтматов жасаған Едіге, Жәмила, Тоқтар, Ана-Жер-Ана, Ақ кеме баласы – бәрі де адамшылықтың ең биік шыңына ұмтылатын кейіпкерлер. Олар үшін өмірдің мәні – адалдық, жады, рух, жақсылық. Қандай дәуір болса да, адамгершілікті сақтаудың өзі – ерлік, ал сол ерліктің өлшемін Айтматов әр кейіпкердің ішкі әлемі арқылы көрсетеді.

Алайда жазушы адамгершіліктің биігін ғана емес, оның жоғалу қаупін де терең түсінді. Кейіпкерлер галереясындағы осы жарық бейнелерді қарама-қарсы құбылыстармен салыстыра отырып, ол адамдықтың нәзік әрі қорғансыз табиғатын ашады.

Сол себепті «Кассандра таңбасында» Айтматов гуманизм мәселесін мүлде басқа деңгейге көтереді: мұнда ғалым Филофейдің тағдыры арқылы рухани тамырынан ажыраған «жасанды адам» моделінің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Бұл – техникалық прогресс күшейген сайын адамдықтың әлсіреу қаупі арта түсетінін еске салатын көркем философия. Айтматовтың көрегендігі – дәл осы қауіп-қатерді ерте сезіп, адамзатқа ескерту жасай білуінде.

Қорытындылай келе, Шыңғыс Айтматов – бір халықтың ғана емес, тұтас адамзаттың жазушысы. Оның шығармалары дәуірдің дертін ашып, тұлғаның биігін танытып, гуманизмнің мәңгілік құндылық екенін дәлелдеді. Айтматовтың әдеби миссиясы — адамды ұмыту емес, адамды сақтау. Оның бүкіл шығармасының өзегі – бір-ақ үндеу: «Мәңгүрт болмаңдар!» Өйткені адам өз есімін, өз тегін, өз жадысын, өз Аналарын ұмытпағанда ғана адам болып қала алады. Айтматов әлемі – адамдықты қорғау идеясының ең жарқын көркем айғағы. Сондықтан да оның мұрасы бүгін де, ертең де, ғасырлар бойы қажет болады.

Қарақат Ыдырыс,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!