«Өз өлеңіңде өзіңнің трагедиялық
өлімің туралы ой айтудан аулақ
бол. Өлеңнің құдіреті сондай,
аузыңнан шыққан сөзің күндердің
күнінде өзің болжаған қасіретке
білдірмей сүйреп әкеледі.»
Борис Пастернак

«Сөзде кие бар» дейді қазақ. Не айтып, қандай мақсатты ойға алса да жақсылықтан ғана үміттенген халқымыз тек жақсы сөз сөйлеуге тырысады. Жыртқыш жануар мен улы жәндіктен бастап ауыр дерттің атын атамаған, тіпті өлім-жітімнің себебін айтуға жүрексінетін жұрт ғасырлар бойы осы үрдісті дәстүрдің бір бөлшегіндей сақтап келеді.

Қазақ тіл білімінде «табу сөздер» атты термин бар. Этнографиялық ұғым мен мифтік наным сенімнен туындаған бұл сөздерді қазақ халқы жанама негізде пайдаланады. Мәселен, «аты аталса малға шабады» деген қауіппен қасқыр, шағал секілді жыртқыш жануарларды «ит-құс» десе, адам өміріне қауіпті кей дерт түрлерін «жаман ауру» деп қысқа қайырады.

Адам көңілінен азады, тілінен жазады. Сол себепті, ақ жаулықты аналарымыздың ашу үстінде айтар сөзі «тұқымың өшкірден – тұқымың өскірге», «тұқымың жойылғырдан – тұқымың жайылғырға» айналғанын бірі білсе, бірі білмейді.

Тағы бір таңданатын жайт, жоғарыда аталған табу сөздер Түркі тілдес халықтардың көбінде бар көрінеді. Сондай-ақ, адам есімін оның ғұмырымен тығыз байланыстыру да бауырлас елдерде жиі кездеседі. Мәселен қазақ халқында бір жақсының шарапаты тигенде немесе ел алдында жүрген тұлғаның жолын берсін деген ниетпен жаңа туған сәбиіне сол жанның есімін береді. Соған сай бала да жасынан жауапкершілікті сезініп өседі.

Сондай-ақ, қазақ отбасында кіл қыз бала дүниеге келсе, «келесі тума ұрпақ жалғар ұл болсын» деп ырымдап, нәрестеге Ұлболсын, Ұлбала, Ұлжан есімдерін берген. Ал шақалағы шетінеп, шаңырақта бала тұрақтамаса жаңа туған сәбиге Тоқтасын, Тұрсын секілді есім қояды. Тіпті айналамызда дәл осы ырым негізінде өзге ұлт азаматының есімін алғандар да кездеседі.

– Отбасымда менен бұрын үш ұл дүниеге келіп, үшеуі де шетінеген екен. Менің асыл үш ағам… Мен дүние есігін ашқанда есімімді осыған байланыстырып, ырымдап қойса керек – дейді ақтөбелік ақын Александр Мәруаұлы. «Үш төбешік… менің асыл үш ағам. Қалай өлмей жүр екенмін құсадан?» – деп жырлайды жас ақын.

Бала кезімізде үлкендер «жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалды жиі қайталап, санамызға сіңірді. Осы күндері әлеуметтік желідегі жан әлемін зерттеушілердің кеңесі «жақсы сөз сөйле немесе үндеме» ұстанымынан басталады. Сондай-ақ, ғалымдар сөз түгілі ойдың жүзеге асатынын үздіксіз дәлелдеп келеді.

Ал өлеңі тағдырына айналған һәм болашағын болжап, туындысына тайға таңба басқандай тап басып жазған қаламгерлердің жайы тіптен бөлек.

Қырықтың бесеуінде…

Қайтарынан бір жыл бұрын елді жиып ас беріп, өз зиратын өзі дайындаған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының бұл ісі ауыздан ауызға тарап, аңызға айналды. Әулиенің ел болашағы жайлы болжамдары дөп келіп, қазақ халқы ол айтқан 70 жылды да, 30 жылды да басынан өткерді. Бәрін еңсеріп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға да» табан тіреді бәлкім.

Бүгінгі тақырыбымыз әдебиет әлемінде кеудедегі «сағатының» қашан, қай күні, қанша жасында тоқтайтынын жаңылмай жазып, өлеңімен өрген ақындар жайлы болмақ.

Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде,
Кім біледі… Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін, неше күнге?
Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде.
Қырықтың бесеуінде…
Осылай жырлаған Мұзбалақ ақын Мұқағали расында да 45 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Ғұмыр жолының қай тұсқа барып тоқтайтыны пенде баласының пешенесіне туғанда-ақ жазылар болса, онда ақынның өз қолымен жазған өлеңі тағдыр тәлейімен дәлме-дәл келуі таң қалдырмасқа қоймайды. «Ақынның аузына сөзді Құдай салады» деседі. Осыдан соң арқалы жаратылған ақынның бойында бір тылсымның бар екеніне сенбеске шараң қалмайды.

Мұқағалидың жары Лашын Әзімжанқызы естеліктерінде ақын қайтыс болатын жылы жарық көрген «Өмірдастан» атты өлеңдер жинағына қыс айларының бірінде қолтаңба қойып, өзі жақсы көретін адамдарына сыйға тартқанын айтады. Сонда әр кітапқа қойылған қолтаңбасынан соң «1976 жыл, 27 наурыз» деп жазып шыққанын өз көзімен көрген. Дәм- тұзының таусылар күнін ақын алдын ала сезіп білгені Құдайдың құдіреті емей немене?

Өмірзая жұлдыз болып келем мен

Газетіміздің осы жылы тоғызыншы санында жарық көрген «Кебенек киген келе ме?» тақырыбында жазған мақаламыз көзіқарақты оқырманның ойында болар. Сонда ақын Әділ Ботпанов жайлы бірер сыр қозғаған болатынбыз.

Өмірзая жұлдыз болып келем мен,
Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.
Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,
Тіршілігің тек әншейін қырт екен…
Дәл осылай буырқана жырлаған жас ақын небәрі 27 жасында өзі жырына қосқан «өмірзая» жұлдызындай өлең көгінде жарқ етті де ізім-қайым жоғалды. Жоқ, ол өмірден өткен жоқ. Отты жырларының оқырманы оның жер бетінде ғұмыр кешіп жүргеніне нық сенімді.

Өмірзая – күн кешкіре ай астында алғаш болып туатын ең жарық жұлдыз атауы. Бір қызығы, аспан әлемінде сансыз жұлдыз самсап, көзге көріне бастағанда өмірзая өздігінен жоғалып кетеді деседі.

Тағдырың кеп байланды ма сөзіңе,
Аспан жаққа аңсары ауған саяқ ұл.
Басқа жұлдыз түспегендей көзіңе,
Сол жұлдызда нең бар еді, әй, Әділ?!
Су аяғы сіңгендей кеп құрдымға,
Ай-жағалы қамқа-түнге оранып.
Сол жұлдыздай сәл жарқырап тұрдың да,
Аяқ асты кеттің бір күн жоғалып.
Бір өзеннің бұрып кеткен арнасын,
Өмірзая! Сен ұрладың күлкімді.
Жек көремін… Әділ сенде болғасын…
Тағы сұмдық жақсы көрем біртүрлі.
Өйткені сен — Әділсің!.. – деп жырлайды ақынның замандасы һәм адал досы Бауыржан Бабажанұлы.

Мүмкін Әділ өз тағдырын өлең етіп пешенесіне жазған болар… Бәлкім, жұлдызға айналып, жеті қат көктің арғы бетіне аттанып кетті ме, кім біледі?.. Өйткені ол өлеңінде «Мені өледі деген сөздер – ертегі» деді емес пе?!

Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам

Қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың есімін естігенде әсем әндері көңіліміздің түпкірінде жаңғырып жататыны ақиқат. Қазақ музыкасына тыңнан түрен салған ақын-сазгер Атырау облысы, Индер ауданының тумасы.

Бардизмнің шығу тегі Португалиядан бастау алады. Жеңіс жайлы жырлайтын жанр көптің еңсесін көтеріп, рухын оятатын қасиетке ие. 1986 жылы талайдың тағдырын таразыға салған желтоқсанның әуре-сарсаңы Табылдыны да айналып өтпеді. Елім, жерім деп бас көтерген жастардың арасында бард- ақын да бар еді. Осы себеппен оқуынан айырылса да өзінің туған жерінде жүріп-ақ «жеңіс жайлы жырлайтын» тың жанрды жанына серік етіп, ғажайып туындыларды өмірге әкелді.

Туған өлкесіне Алатаудың асқар шыңдарын арқалап апармаса да, араға жыл салып туған жерінен Алатауға асқақ арманмен қайта оралды. Осы үзіліс оның шығармашылықтан қол үзбей, керісінше «Желтоқсандағы жыр-ән», «Қазақ едім дегенше…» секілді елдің намысын қайрап, еңсесін көтеретін әндердің дүниеге келуіне бірден-бір себеп болды. Табылдыны дос- жарандары «Біздің Высоцкий» деп атайтын.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге?
Қозым-ау деші күлімдеп, Баяндай маған!
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам…
Табылды да Мұқағалидың жасында, яғни 45 жаста расымен мәңгілік ұйқыға кетті. Жалынды жанның жүрегі тоқтаса да жүрегінен шыққан әндері мәңгі өлмесі хақ.

Бір қуантатыны, өлеңінде өзі айтқан сүліктей сұлу қара гитарасы бұрышта елеусіз қалмады. Ізінен ерген ұлы Абыл Аяш әке жолын жалғап, шайырдың шығармашылығын насихаттағаны талайдың көңіліне медет болғаны рас. Абыл ән салғанда қазақ жұрты Табылды тіріліп келгендей күй кешті. Артында алпыстан аса ән қалдырған алып талант ел жадынан ешқашан өшпек емес.

Қазақ әдебиетінде өз тағдырын өлең етіп қалдырған ақындар қатары мұнымен түйінделмейді.

«Сірә мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен» –
деп жырлаған Артығали Ыбыраев небәрі 20 жасында көз жұмса,
«Бастады мені жол алуан,
Тағдырмын ерте жоғалған.
Жеткізбей кетті қайтейін,
Кеудемде жүрген көп арман» – деп толғаған Марат Отарәлиевтің өмір дастаны қырыққа жетпей, қыршынынан қиылды. Алапат ақындардың аңдамай жазған өлеңі өзін алып тынғаны кеудеңде әлдебір өкініш тудырып, әттең-ай дейсің амалсыз…

Өзінің өлімін болжаған қаламгерлер әлем әдебиетінде де аз емес. Мәселен орыс ақыны Николай Рубцов «Қаңтарда қарлы көз жұмам, Қайыңдар қақ айырылғанда» (Я умру в крещенские морозы, Я умру, когда трещат березы) деп толғайды. Айтса айтқандай, ақын 1971 жылы 19 қаңтар күні, қақаған аязда адам қолынан ажал құшты. Әйгілі Николай Гумилев те жұбайы Аннаға түсінде 3 және 5 сандарын жиі көретінін, өзінің 35 немесе 53 жасында өмірден озатынын ескерткен көрінеді. Дегені дөп келіп, ақын небәрі 35 жасында дүниеден озды. Сондай-ақ, басынан күн өтіп көз жұмған ақын Андрей Белыйдың өлеңдерінің бірінде «Алтын сәулеге сенуші ең, күн жебесінен мерт болдың» деп жырлауы да тегін емес.

Қазақ танымындағы сөз құдіретін бір ғана «айналайын» сөзімен ашып беруге болады. Үлкендердің осы бір емірене айтқан жалғыз ауыз сөзінде қаншама махаббат жатыр десеңші…

Ертеректе дертке шалдыққан баланы не жас адамды өлімнен құтқарып қалу мақсатында қариялар өзін құрбандыққа шалған. Науқасты киіз үйдің ортасына жатқызып, қарт кісі үйді үш айналып, есік тұсқа келгенде «айналайын» деп дауыстайтын көрінеді. Жасалған рәсімнен кейін жас адам сауығып, қария ауруға шалдығады немесе ажал құшады екен. Содан бастап халқымыз үшін «айналайын» сөзі «сенің жолыңда жаным құрбан» деген мағынаны білдіреді.

Түйін. Жақсы ойда болып, жақсы сөз сөйлей білейік. Себебі «он пәленің тоғызы тілден» екенін ұмытпағанымыз абзал!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!