Көрінбейтін бақытым алдымдағы,
Ең тәтті шақтарымның балғын дәмі.
Айналып сенен кеткім келгенменен,
Саған бастап барардай жолдың бәрі.

Екенсің қай бақытты жанның бағы,
Үміттілер ішінде бармын ба әлі?
Әуезді әуен әдемі сен сияқты,
Сені еске сап тұрады әннің бәрі.

Сырласып қала қалсам жан дүниемен
Өзіңді еске аламын алдыменен.
Сұлу сөздің түгелі саған шығып,
Жазылғандай сен үшін барлық өлең.

Текетірес тағдыр-ай жанды ұқпаған,
Бейберекет ойлармен қалғып барам.
Сен күлгендей жап жарық күннің көзі,
Тіпті сен боп барады барлық ғалам.

Мөлдір сезім іздеген жанның нәрі,
Тағы бір бір нәр келеді алғым да әлі.
Сен тұратын үй жаққа жетелейді,
Сағыныш соқпағы мен даңғылдары.

Айрылмастай қос жүрек жырақ бүгін,
Көңіл көлге құяды бұлақ мұңым.
Күнде тергім келеді номеріңді
Не айтамын?
Білмеймін бірақ күнім…

Құдай маған бергендей сынақты мың,
Дұға етемін қайырды сұрап түбін.
Саған деген сезімге бірақ күнім,
Жер айналып кетсе де тұрақтымын.

Түсінсем ғой барлығын жорып, біліп,
Жүрмес едім жанымды торықтырып.
Түн ортасы, отырмын бүгін тағы,
Оқылмайтын хаттарды толықтырып.

Әке, сенің ізіңмен жүріп келем

Әке, сенің ізіңмен жүріп келем,
Өмір жолдың ой-қырын біліп терең.
Кей кездерде бақытқа асығам да,
Кейде соның барына күдіктенем.

Білем, маған қарайсың үмітпенен,
Көңіліңе қайранмын тұнық, терең.
Мінезіңе таң қалам балаң үшін,
Қардан да, дауылдан да үрікпеген.

Сүрінбеуді үйренсін деп қамшыладың,
Көрініп қамшыңнан да жан шуағың.
Сен төккен тамшы тердің арқасында,
Өмірде көрген менің тамшы бағым.

Боп көрмеппін мен сендей ғұмырға алаң,
Болып өсті тастай, мір, шымыр балаң.
Өмір деген кішкентай кездегідей,
Болмайды екен, айтпапсың бұрын маған.

Әке, мені алаңдап жүрмісің көп?
Ұлың өсті, өр мінез, жыр мүсін боп.
Тайғанай қоймаймын-ау өзің маған,
Көрсеткесін ер мінездің үлгісін дөп.

Әке, сенің өткен жоқ бекер күнің,
Үмітіңді ақтайтын жетер күнім.
Кейін ұқтым, «жегім келмей тұр» деген сөз,
«Балам жесін» деген сөз екендігін.

Жүргендей боп арманға жетіп ізгі,
Не сұрасақ қақпадың бетімізді.
Жаңа киім кигізіп бізге, өзің
Бір көйлекпен өткіздің екі күзді.

Әке, сенің тұлғаңды қойғам үлгі,
Болмашыға алмайтын ойға мұңды.
Алдап қоям мен кейде аңғармастан,
Мен көргеннің бәрін көріп қойғаныңды.

Болып өстің әулетте кенже бала,
Кенже бала ежелден елге дана.
Мен сияқты ұл бар ғой жалғыз сенде,
Сен сияқты әке бар менде ғана.

Жүрегіңе сыярдай жарты ғалам,
Орынсыз кеуде керіп, шалқымаған.
Анамдай асыл жанды таңдап алған,
Өзіңсің жалғыз маған алтын адам.

Асқар тау әкесісің бес баланың,
Баласымыз қайратты ер, есті ананың.
Мұқалтқысы келгенде тағдыр мені,
Сенің ұлың екенімді еске аламын.
Сен тұтатқан жігіттік мінез деген,
Жағылады кеудемде ескі алауым!

***

Ашылады қайғы мұңның түндігі,
Ішкі отыңнан күюде.
Бұл өмірдің жалғандығы-шындығы,
Ал мәні – тек сүюде.

Таба алмасаң жүрегіңмен жарасым,
Өз өзіңе өгейсің.
Өтіп кеткен уақытыңның бағасын
Ертең қалай төлейсің?

Кім біледі, қанша ғұмыр кешемін,
Жетемін деп арманға?
Қалай берем өмірімнің есебін,
Құдайыма барғанда?

Қашан келер тағдырыма қосқан бақ?
Деумен кейде жазмышты көп күндеймін.
Келем әлі келер жылды жоспарлап,
Ертең күнді көрем бе оны білмеймін.

Ертең бақтың келеріне сенемін,
Шығып қалар бір алдан.
Мен өмірден шындық іздеп келемін.
Өтіріктен құралған.

Бүгінгі күн күні ертең ақ ескірмек,
Оны ойласам мұң кешем.
Қалай айтам “мәнді ғұмыр кештім” деп,
Оның мәнін білмесем.

Сұрақтар көп, ойдым-ойдым жолында,
Бұлай жүрсем дегеніме жетпеспін.
Ұзақ уақыт ойлана кеп соңында,
Өмір мәні – шын сүюде деп шештім.

Сұлтан ДӘУЛЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!