Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ, сатирик:
Кеңес уақытында достарымен қалжыңдаспаған салмақты сатирик қоғамдық мәселелер қағаздың алдына келгенде шабытымды оятады дейді. Қаламның құдіретін сезінген сатирик бүгінгі қоғамға орынды сын қажет деген ойларымен бөлісті.
− Сатира – сын. «Сын түзелмей мін түзелмейді деп орынды айтылған. «Жауырды жаба тоқыған» алысқа бармайды. «Ауруын жасырған өледі». Біз зайырлы, демократиялы елміз. Мәселені ашық айтуымыз керек. Сатира жанры – бір келеңсіз жайтты көргенде түртіп, көңіліңді оятатын қасиет. Біздің уақытта сатира әділ, таза, шынайы, ақиқат болатын. Кеңестік уақытта бүкіл одаққа тарайтын Мәскеуден “Крокадил” деген, республикада «Ара» журналы шығатын. Сол журналдарға шыққан шенеуніктер ертеңіне қызу талқыға түсіп, тәртібі жиналыста қаралатын. Сөгіс алып, орнынан босап қалып жататын. «Ара» журналына шықпас үшін аяқтарын аңдап басатын. Әрбір облыстық газеттерде әзіл-сықақ бұрышы болатын. Қазір мұндай айдары бар газет жоқтың қасы. Сын айтылуы керек. Сын айтылмай қоғам да, билік те түзелмейді. Астарлап жазсақ та ұғынып, өзін тапқан адамдар өкпелеп қалатын шығар. Бірақ маған ешкім ренішін білдірмеді. Сын, сықақ жазатын адам қоғамдық мәселелерге тек сырттай қарағанды ұнатады. Қаламның күшімен көрген мәселені астарлап сынап отырамыз. Естігенді емес, көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған кемшілікті жазу керек. Бір адамның мүддесіне емес, бүкіл қоғамға кесірі тиіп жатқан мәселені көтеру керек. Отыз бес жыл болды сатира жазып жүргеніме. Менің жас күнімде сирек болса да жемқорлық, парақорлық, алаяқтық деген болатын. Қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Өзекті тақырыпты тамырымен жоюға сатира септігін тигізер еді. Мені сырттан көргендер «мына адамнан сатира шыға ма» деп айтады. Мен достардың, көрші-қолаң, туыстың арасында әзіл айтып, біреумен қалжыңдасқан адам емеспін. Ал қағазға отырғанда басқа ой келеді. Қаламның құдіреті шығар. Әзіл-сықақ театрларының жұмысын жандандыру керек. Олар соқырға таяқ ұстатқандай анық айтады, − дейді Қазыбек Әшірбекұлы.
«Жастар үлкендерге құлақ түруі керек» деген ардагер жазушы өтірік айтпауға шақырды.
− Өтірік айтпау керек. Араздасқандарды қосу үшін өтірік айтуға болады екен деп жүр. Мүлде дұрыс емес. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Сондықтан ата-бабамыздың ұлағатына сүйенген дұрыс. «Ажыраспақ болып сотқа жүгінген жастарға ардагерлер кеңес берсе қолдайсыз ба?» дейсіз, әрине құптарлық. Себебі өмірде көргені, түйгені мол, ұлағатты, тәрбиелі адамдар басу айтқаны жөн. Сот үкімінен соң өкініп жатпас үшін жастар сабырға келіп, құлақ түреді деп ойлаймын.
Қазір кітап оқымау – қоғамның басты мәселесі. Сатирик кітапты оқымай жүру мүмкін емесін айтады.
− Кітап оқымай жүруге бола ма? Бір жетіде бір кітап оқымасақ өзімізді біртүрлі кем адамдай сезінеміз. Кітап – менің ұстазым, газет-журнал – бағыт-бағдарым. Асқар Тоқмағанбетовтың шығармашылық дүниесіне жаным жақын. Шона Смаханұлы бір шумақпен немес екі қатарға үлкен кемшілікті сыйғызатын. Бұл – үлкен шеберлік. Қазір жастар бар сатира жазатын. Бірақ қолдау жоқ, − дейді сатирик.
Гүлбану МАҚАЖАН,
суреттерді түсірген Н.Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!