Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлық арманының, сол арманға жету үшін аянбай еткен еңбегінің нәтижесі. Соның арқасында біз әлем халықтарының алдында «мен Тәуелсіз елдің ұланымын» деп мақтана айта аламыз. Себебі, кешегі өткен тарихымыз бен салт-дәстүрімізді, тіліміз бен ділімізді, ұлттық болмысызды қайта тапқан елміз.

 Осы күнді аңсаған қаншама оғландырымыздың егемендік жолындағы әрбір күресі біздің жадымызда жаңғырып тұруы тиіс. Осындай қиындықпен келген азаттығымыздың әр сәтін бағалауымыз керек. Қолымыздан келгенше елімізге шынайы әрі ықыласпен қызмет етсек, жеріміздің әр тасын алтыннан да артық бағаласақ, атажұртты мекендеген әрбір адамға және рәміздерімізге құрметпен қарасақ тәуелсіздігімізге дақ түспейтіні сөзсіз. Осыларды жүрегімізге сіңіре білгенде ғана өз еліміздің шынайы патриоттары боламыз.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ» – дегеніндей қазақ ежелден еркін ел, сайын даланы көкбөріше жортып өткен асау, кім-көрінгенге бас имеген ержүрек халық. Алайда, алмағайып заманда аңдамай ат үстінен аударылып түсіп, бодандықтың қамытын кигені де жасырын емес.

Еңселі еліміздің Тәуелсізіктің 30 жылдығы мерейлі мерекесіне орай, кеше кеткен қателікті қайталамай, отанымыздың әр азаматы бірлікте, татулықта, ынтымақ пен сыйластықта өмір сүрсе екен деп тілеймін. Сонда ғана біз армандаған «Мәңгілік ел» атанатынымыз хақ.