«Адамды адам еткен – кітап,
адамзат еткен – кітапхана»
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Кітап оқу – мәдениеттің ең жоғары үлгісі. Десек те қазіргі таңда уақытын оқып, білуге арнайтындар қатары азайып барады. «Сананы тұрмыс билейді» деген пікірге қанша қарсы шықсақ та, оны түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, қаржылай қиындықтан қажып жүрген жанға таңдау құқығы берілсе ойланбастан «рухани құндылықты» емес, «материалдық байлықты» таңдайтыны ақиқат. Сондықтан тұрмыс деңгейі төмен қоғамнан жоғары мәдениет талап ету ақылға қонымсыз дүние.
Сонымен қатар тәулік ішіндегі сағаттың қысқаруы бүгінде ғылыми тұрғыда зерттеліп, дәлелденген ақпарат. «Асықпаған арбамен қоян аладының» дәуірі артта қалды. Әуелден жан тыныштығы үшін жаралған әннің өзін жылдамдатылған (speed up) нұсқада тыңдап, тіпті әлеуметтік желіде жолданған аудиожазбаны тезірек тыңдау режимі пайда болған кезеңде том-том романдар мен поэмалардың оқылмауы заңдылық іспетті… Себебі шұбырған мәтін шыдам тауысады-мыс.
Поэзия – сөзбен салынған сурет
Қоғамда қалыптасқан осынау көзқарасқа сәйкес сұраныс та үлкен өзгеріске ұшырады. Мұнымен айтпағым, өлең үзінділерінен тұратын «Тармақтар» кітабы дер кезінде жарыққа шықты. Кітап авторлары – әдебиеттегі аңыз болған ақындар жұбының бірі, жас отбасы Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова. Аталған кітап бір жылдың ішінде екі түрлі нұсқада жарыққа шығып, бүгінде таралым саны 20 мың данаға жетіп үлгерген.
«Бүтін бір өлеңнің құрылымын ұстап тұрған бір ғана шумақ болады. Жұрттың жадында сақталып қалатын «кілт сөз» іспетті…» деуші еді студенттік шағымызда дәріс берген ақын ұстазымыз. Дәл солай «тармақтарға да» өлең ішіндегі жүрегіңе қозғау салатын тұстары дөп теріп алынған. Әлеуметтік желіде «Қазақ әдебиетінің эстетикасы» атауымен танылған кітаптың тағы бір ерекшелігі, әрбір тармақтың жанында айтылған ойға сәйкес сурет пен QR сілтеме бейнеленген. Сілтемеге өтсеңіз YouTube қосымшасында ашылған арнадан әрбір өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиожазбасын тыңдай аласыз. Жаныңызға бір мезет тыныштық тауып, өлең әлеміне саяхат жасағыңыз келсе, мархабат!
– Өзге кітаптарды қаламгер мен редактор, кор- ректор бірлесіп шығара салса, біздің кітапты дыбыс режиссері, иллюстратор, IT маман, ютуб маманы, редакторлар… Осылардың бәрін жинақтау, табу оңай болмады.
Әрбір аудиопоэзияны дыбыстау, оған сай музыка табу, өлең оқитын адам іздеу, студия… осының бәрі қиялымда ғажап боп көрінгенімен, шындығында азап екенін түсіндім. Амал жоқ. Кәсіби актер, актрисалар үлкен гонорар сұрады. Тегін оқып беруге келіссе де, 10 өлең оқудан аспайды. Ал біздің кітабымызда 225 өлең бар, – дейді Рысгүл Досжанова.
Автор алғашқы кітапты басып шығару барысында бірталай қиындық болғанын атап өтті. Шынайы өмірде жүзбе-жүз көріспесе де әлеуметтік желі арқылы қолдауын аямайтын бірқатар тұлғаларға жүгінгенін де жасырмады. «Сенім білдіріп, көмек қолын созған Нұртай Сабильянов, Анарбек Орман, Ғазиз Ерімбетов секілді әдебиет жанашырларына әлі күнге дейін алғысымды айтамын» дейді Рысгүл.
Кейде кешкен сезіміңді суреттеуге сөз таппай қиналасың, мазаңды алған ойларды түртіп алуға да тіл жетпейді. Ал трендке айналған «тармақтар» талайдың көңіл пернесін дөп басып, көкейіндегі ойын көркем түрде жеткізе білді.
– Бүгінге дейін Жазушылар одағының түрлі жобалары, газет-журналдар мен түрлі сайттар бізге әдебиеттегі қаламгерлерді таныстырып келді. Бірақ бұл насихаттау бізге жеткілікті ме?
Біз смартфон заманында дүниеге келдік. Бізге керекті ақпараттың барлығын смартфоннан іздейміз. Біз қалаған жаңашылдықты, креативті дүниені Жазушылар одағы қашан жасайды деп мен неге өзгелерден күте беруім керек? Неге дәл осы дүниені өзім жасамасқа деген ойлар мені «тармақтар» жобасына алып келді, – дейді автор.
Парақшадан кітапқа дейін
Кітаптың жарыққа шығуына бірден-бір себепкер әлеуметтік желідегі парақша десем сенесіз бе?.. Иә, «Тармақтар» жобасының Instagram әлеуметтік желісіндегі тұрақты оқырман саны бүгінде 43 мыңға жуықтаған. Парақша ашылған күннен-ақ көпшіліктің назарын аударып, танымалдыққа лезде қол жеткізді. Сәйкесінше парақшаның дәлме-дәл көшірмесін жасаушылар да көбейді. Автордың айтуынша, осы жағдай қатты қынжылтып, есесіне жарияланған әрбір өлең жолдарын жинақтап кітап етіп жарыққа шығаруға түрткі болған.
Дегенмен жобаның кітап нұсқасының идеясы да қолды болғанға ұқсайды. TikTok желісінде таралған тағы бір жоба бұл сөзімізге дәлел. Дәлірек айтсақ, Қазыбек Жалғастың «Аққұйын» атауымен жарық көрген кітабын алғаш аңғарғанда-ақ «Тармақтардың» көшірмесін көргендей күй кештік.
Қазақ поэзиясының жаңа форматтағы антологиясы расында қазақ жастары арасында әдебиетке, поэзияға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, сонымен қатар жас ақындарды халыққа таныстырды. Желіде жарияланған жазбалармен қатар автор парақшасына тікелей сілтеме берді. Бұл жас ақындар үшін ғана емес әрбір қаламгер үшін өте маңызды дүние. Себебі кез келген шығармашылық адамы болашақта ғайыптан тайып кітап шығаруды жоспарлай қалса оқырман аудиториясын қалыптастыру алғашқы орында болмақ.
«Тармақтар – бір сиқырлы дүние секілді. Кітап дейін десең кітап емес, кітап емес дейін десең кітап. Бірақ кітап емес деуге тілің бармайтын көркем дүние. Тармақтар – ең алғаш әлеуметтік желіде бастау алған жоба болатын. Мінекей араға жылдар салып, екі бірдей кітап болып, ақындардың жүрегінен шыққан ғазалдарын оқырманмен қауыштырып, қолда аялап ұстайтын көркем дүниеге айналды.»
Астанада өткен кітап көрмесінде ақын Ақберен Елгезек осылай деген болатын. Қай кітап дүкеніне бас сұқсаң да бестселлер қатарынан көрінетін «Тармақтар» туындысы тіпті kaspi.kz қосымшасының басты бетінде де көзге оттай басылды.
– Мойындайықшы… Кез келген әлеуметтік желіде жарияланған жазбаның алғашқы екі жолы қызықтырса әрі қарай оқисыз, қызықтырмаса оқымайтыныңыз анық. Мұның барлығы маркетинг. Дәл осы маркетингті неге қазақ әдебиетіне әкелмеске деген ой туды. «Махаббат» тақырыбындағы өлеңге қос аққудың, «туған жер» немесе «күз» жайлы өлеңге табиғаттың суретін қойып, ұзын-сонар шумақтарды жариялау оқырманды жалықтырады. Бізге тыныштық сыйлайтын жаңа дүние керек. Поэзия – сөзбен салынған сурет. Біз осы сөз бен суретті, поэзия мен минимализмді бір арнаға тоғыстыра алдық деп ойлаймын, – дейді Рысгүл.
Парақша деңгейінен бастау алып, кейін кітап болып жарыққа шыққан жобаның дизайн жөніндегі идеясын автор «Молоко и мёд» кітабынан алынғанын жасырмады. Бұл кітап әлемнің бірнеше тіліне аударылып, тілі де діні де бөлек қаншама ұлттың жан-дүниесін тоғыстырса, «Тармақтар» қазақ халқының поэзияға деген талғамын биіктетіп, махаббатына бөленді десек артық емес.
– Бір ақыннан бір тармақ таппай қиналатын кезіміз болады. Өзіміздің ойлаған идеямызға, кітаптың мазмұнына сәйкес келетін бір тармақ үшін әр ақынның өлеңдерін көз майымызды тауысып парақтап шығамыз. Ең қиын тұсы да – осы. Кейде бір-біріне ұқсас өлеңдер, тармақтар көп кездеседі. Сол кезде біреуін құрбандыққа шалуға тура келеді.
Мысалы, қазір әзірлеп жатқан тармақтардың үшінші бөлімі бізге қиынға соғып жатыр. Бұрын елімізде, тіпті әлемдік әдебиетте болмаған форматта қызық кітап дайындап жатырмыз. Оңай болған жұмыстан гөрі қиынға соққан жұмыстың нәтижесі жақсы болады, – дейді Еламан Төлеутай.
Тармақтардың кезекті шығарылымы, яғни үшінші басылым көк және ақ түсті мұқабада қос бірдей нұсқамен жарыққа шықты. Бірі «Google-да жоқ сұрақтар атты кітап болса, енді бірі «Google-да жоқ ойлар» атты күнделік. Ерекшелігі сонда, оқырман қауымның ойын көркем түрде жеткізу мен өзінің жазушылық қырын сынап көруге мүмкіндік береді.
«Поэзия түні» әлем елдерінде бар
Кітап жарыққа шыққан алғашқы айларда жоба авторлары бірнеше поэзия кешін онлайн форматта өткізіп, жазылушылардың оң бағасына ие болды. Кейін түрлі ұсыныс-тілектер назарға ілігіп, «Поэзия түні» жобасы алғаш болып Түркістан қаласында өткен болатын. Көңіл қуантарлығы, әр қаладағы оқырмандар тарапынан сұраныс артып, аталған жоба жалғасын тапты. Әуезді әнмен және классикалық композициямен көмкерілген өлең кеші Шымкент, Қызылорда қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде ұйымдастырылды.
Қоғам сахнада өтетін бірсарынды іс-шаралардан жалыққан шақта ерекше форматта ұйымдастырылған бұл кеш талайдың қызығушылығын арттырғаны анық. Тіпті кей қалаларда орындар санының шектеуіне қарамай көпшіліктің өтінішімен билет санын екі есеге көбейтуге тура келген. Авторлар «амандық бол- са осы жылдың күз айында сапарымыз жалғасын табады» дейді
– Қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзияға тыңнан түрен салғымыз келді. Біз әдетте белгілі бір шектеулерге үйреніп қалғанбыз. Жалпы мейрамханаларда мұндай кеш өткізу… кофе, шай, тіпті шарап ішіп отырып өлең тыңдау әлем елдерінде бар эксперимент. Дәл осындай атмосфераны, қазақ поэзиясының эстетикасын сезіндіретін кешті біз де елімізге әкелгіміз келді, – дейді авторлар.
Айта кетерлігі, аталған жобаның кітаптарына сұраныс артқаны сонша көршілес мемлекеттерден қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқандар да табылған. Тіпті Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Моңғолия мен Ресейден де өз оқырманын тауып, шекара асып үлгерген көрінеді.
Алғашқы кітап «Мазмұндама» баспасынан жарық көрсе, кейін жоба авторлары «Тармақтар» атты жеке баспа ашқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстанда жоққа тән саналатын «әдеби агенттік» құруды да жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Сізді ойлауға мәжбүр ететін кітап қана өз міндетін толық атқарған кітап» дейді ағылшын сценарисі Дороти Паркер. Астарлы өлең жолдары арқылы түрлі ойларға жетелейтін бұл туынды әдебиетімізге тың серпіліс сыйлады. Қоғамның көзқарасын өзгертіп, талғамын биіктету жолында дәл осындай жаңашылдық керек-ақ. «Жастар кітап оқымайды» дейтін стереотипті тас-талқан еткен жас жұбайлар бүгінгі күннің басты жаңалығы һәм қаһарманы десек артық емес. «Қалауын тапсаң қар жанар» деген осы шығар, бәлкім!
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!