Кейде екі адамның үйлесім­ділігіне қарап таңғаласың. Тәңір өзі тауып қосып, кейін осынша мінсіз тандемге өзі де тамсана, сүйсіне қарайтын іспетті. Мұндай ой қазақтың ұлыларының маңдайына біткен асыл аналардың даналығы туралы сөз болғанда еріксіз санаңды билеп алады.

Қазақтың қаһарманы Бауыржанның жалғыз ұлы, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлының жұбайы Зейнеп Ахметова да құдды осы шаңыраққа келін болып түсу үшін жаралғандай сезілетіні рас.

Атаның айтқандарын бала келін боп босағадан аттаған сәттен-ақ санасына құйып отырған Зейнеп апамыздың естеліктері қанша кітапқа арқау, қанша келінге нұсқау, тәрбие көзі болды?!

Енді, міне, Ұлт анасына айналған апамыздың сондай “Шуақты күндер”, “Бабалар аманаты”, “Күретамыр” секілді кітаптарынан кейін “Теңбіл тіршілік” аталатын жаңа естелігі жарыққа шықты.

“Өмір  – Жаратқан иемнің адамзатқа берген баға жетпес несібесі. Аз ба, көп пе, сол несібең таусылғанша пешенеңе жазылғанның бәрін көресің. Әр адамның өз өмір жолы, өз тағдыры бар. Сенің өмірің өз жекеменшігің, шығар биігің, түсер ылдиың саған тиесілі. Сонымен бірге жер басып, тірі жүрген соң тіршілік ережелеріне бағынасың, қоғам бағытына бейімделесің. Амалсыз қатаң қажеттілік туғанда оған да көндігесің. Өйткені әлем жаратылғалы бері бір арнаға түскен, бір ізбен жүрген бірқалыпты өмір ешқашан болмаған. Ала-құла, теңбіл-теңбіл тіршілік ағымы еркіңнен тыс іліп әкетеді” деп басталатын бұл кітапты жазу туралы ой авторға каратин кезінде келеді. Алғашында “Күретамырдың” жалғасын жазуға отырмақ болғанымен, қолы жүрмей қояды: “Қағазға қанша қарамайын десем де, қағаздан қашып қайда барам, осы үйдің бар байлығы қағаз болса. Ат айналып қазығын табатыны секілді айналып келіп қағазға бас тіредім. Сарғайған, шет-шеті жырымдалған көне дәптерлердің беттерін аударған сайын алыста қалған өмір кезеңдерімді қайтадан өткеріп жатқандай күйге ендім. Олай да бұлай ұйытқи соғып басылатын жел секілді ағылып-төгіліп сөйлеген талай сөз ұмытылып, тек қағазға түскені сақталады екен… …қазірше аманат жаным аман тұрғанда мына алдымда жайылып жатқан жазбалардың бас-аяғын біршама жинақтауым керек деген шешімге келдім,” – дейді ол.

Осылай дүниеге келген кітап “Алыста қалған жылдар”, “Естеліктер”, “Әкем айтқан әңгімелерден есте қалғаны”, “Бәкеңнің оқшау ойлары мен оқыс сөздері”, “Көне дәптер беттерінен”, “Үзіліп түскен ойлар”, “Сұхбаттар”, “Теңбіл тіршілікте не болмайды” деген тараулардан тұрады.

Іші әдемі естелік, өнегелі ой, шынайы өмірден алынған түрлі оқиғалар мен әдемі әңгімелерге толы, нағыз қазақы бояуы қанық жинақты қазір кітап дүкендерінің сөресінен таба аласыздар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!