Биыл Мұстафа Кемал Ататүріктің туғанына − 140 жыл. Азаттық соғысының жеңілмес қолбасшысы Мұстафа Кемалдың қысқа мерзім ішінде (15 жыл) жасаған реформаларының арқасында Түркі елі мәдениет пен өркениетке ұмтылған жігерлі мемлекет ретінде әлемге танылды. Аңыз адам жайлы тереңірек білу үшін тарихқа үңілдік.
Ататүріктің бастамасы
Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы Осман империясына қарасты бүгінгі Грекия жеріндегі Селаник қаласында дүниеге келген. Ол қоғамда дана қолбасшы ғана емес, болашақты болжай білген ірі қоғам қайраткері ретінде танылды. Ататүрік діни қағидалармен басқарылған Осман империясы жүйесінен бас тартып, Республика жүйесін орнатты және батыс өркениетін әкелді. Бұл оның өмірлік басты ұстанымы болды.
Тарихқа сүйенсек, оның айналасында тілшілер, фольклортанушылар, тарихшылар көп болған. Өзі жазып қалдырған кітаптары да біршама. Деректер бойынша 4 мыңға жуық кітап қалдырған. Ататүрік бұрынғы Осман империясының кезіндегі білім, экономика, құқық, т.б. барлық жүйені өзгертті. Тіпті бұрынғыдан еш нәрсе қалмады десек те болады. Бірақ бұл қырып жою, құрту емес. Мемлекетке, халыққа, пайдасы жоқ жүйелерді көре отырып, қазіргі заманның талабына сай құқықтық реформалар жасаудың бастамасы еді. Құлдық және феодалдық жүйедегі заңдар мен шариғат заңдарының күшін жойып, орнына қазіргі зайырлы, демократиялық билікті алып келді. Әйелдерге кең және тең құқық берді. Бұрын әйелдердің қоғамдық өмірге араласуы, білім алуы, жұмыс істеуі шектеулі болса, Ататүріктің кезінде әйел қауымын жаппай сауаттандыру, оқыту, әлеуметтік мәселелерге араластыру, мемлекет қызметіне келтіру ісі қолға алынды. Ешкімді елеусіз қалдырған жоқ деуге болады. Әкесі жас кезінде дүниеден өткен Мұстафа уақытша мектептен қол үзсе де, зеректігі мен алғырлығының арқасында әскери мектепті бітірген. Мектепті үздік аяқтаған ол 1905 жылы Әскери Академияны капитан шенімен тәмамдап, Осман империясының қарулы күштеріне қызметке келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясы Германиямен одақтасады. Түрік әскери одақтастар патшалық Ресейге қолдау көрсеткен кезде Ыстамбұлды басып алуға ұмтылған қуатты жау флотын Чанаккале (Дарданелл) бұғазында қиратады. Осы соғыстан соң Осман империясы құлайды. Көп кешікпей Мұстафа Кемал азаттық күресін бастау мақсатымен 1916 жылы 16 мамырда Ыстамбұлдан Анадолы өңіріне кемемен шығады.
Ататүрік тегі қалай берілді?
Мемлекетті қоршап алған дұшпандармен күресу үшін әуелі Ерзурум қаласында, кейіннен Сиваста жиындар өткізген Мұстафа Кемал 1919 жылдың 27 желтоқсанында Анкара қаласына келді. Орасан зор қайрат-қажырдың арқасында 1920 жылғы 23 сәуір күні ел парламенті (Ұлы Ұлттық Мәжіліс) ашылып, төрағалығына Мұстафа Кемал бірауыздан сайланады. Енді дамып келе жатқан жас мемлекетке қарсы сыртқы және ішкі дұшпандар соғыс бастайды. Бұған қарсы Мұстафа Кемал күллі халықты, әскерді, отаншылдарды күреске шақырады. Оның шақыруына түгел түркі халқы үлес қосты. Осылай 3 жылды ауызбіршілікпен өткізген азаттық күресінің нәтижесінде 1922 жылдың 9 қыркүйегінде мемлекетті дұшпандарынан азат етеді. Осы жеңіс құрметіне Ұлы Ұлттық Мәжіліс Кемал Ататүрікке маршал шенінен кейін “Ғази” атағын берді. Кешікпей Сыртқы істер министрі Ісмет паша бастаған түрік делегациясы 1922 жылы 24 шілдеде Швейцарияның Лозанна қаласында Түркияның тәуелсіздігін досқа да, дұшпанға да мойындаттырған келісімге қол қояды. Түркия республикасы 1923 жылы 29 қазанда салтанатты түрде жарияланады. Сөйтіп халифаттық ескі жүйе жоғалып, жас республиканының тұңғыш Президенті болып маршал, Ғази Мұстафа Кемал сайланды. Ол жылдар бойы соғыстан әбден қалжыраған елдің ес жиып, дамуы үшін түбегейлі өзгерістер енгізді. Мемлекет пен халқы алдындағы еңбегі үшін Мұстафа Кемалға 1934 жылы 24 қарашада “Ататүрік” тегі (фамилиясы) берілді.
“Ғази паша, көп жаса!”
Түркия мемлекетінде Мұстафа Кемал Ататүрік келген күннен бастап жастарға да көп көңіл бөліне бастаған. Мемлекетте әр жыл сайын “Балалар күні” аталып өтіледі. Ол күні балаларды 1-2 сағат Президент сарайына апарып, билік жүйесімен таныстырып, жұмыс жасатады. Ол күні Премьер-министр де, Президент те өз орындарын босатады. Балалар кісі қабылдап, қағаздармен жұмыс істейді. Яғни балаларға ел басқарудың оңай еместігін көрсетеді. Осындай тәрбиені көрген жастар Мұстафа Кемал Ататүрік қиналған уақытта да қолдау көрсеткен. Ататүрік соңғы күндерінде бірнеше ота жасатып, Ыстамбұлдағы теңіз жағасында Долмабақша сарайында қиналып, ес-түссіз жатады. Сол жерге жастар қайықпен келіп “Ғази паша көп жаса!” деп айқайлайды екен. “Ғази дегені ардагер, паша деген әскердің бастығы, яғни “Ардагер қолбасы көп жасаңыз!” деген сөз. Әл үстінде жатқан адам тұруға, сөйлеуге шама жоқ болса да, жастардың дауысын естіп, орнынан тұрып балконға дейін барған екен. Жанындағы адамдары, дәрігерлер аң-таң қалған. Балконға келіп, теңіз бұғазында бірнеше қайықтың үстінде айқайлап тұрған жастарға қараған ол сөйлеуге әлі болмаған соң, қайта келіп өз орнына жатады. Осыдан-ақ жастардың қандай тәрбие алғанын көруге болады. Арада біраз уақыт өткен соң Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылы 10 қарашада Ыстамбұл қаласында көз жұмады.
Аружан МИРАМҚЫЗЫ,
ҚМУ-дың студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!