Менің есімім – Күзенова Ләззат. 34 жыл педагогикалық өтілім бар әжемін. Немерем, Аман Жаннұр республика көлемінде өткізілетін «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қатысып, бақ сынамақшы. Немереме «бағы мен бабы қатар шапсын» деген тілегім бар. Жүлделі орыннан үмітіміз бар. Жоба жайлы алғаш немеремнің ұстазынан естідік. Немереме додаға қатысу туралы ұсыныс тастаған ұстазының ықыласын біз де, отбасы бірден қолдадық. Себебі, телефонмен оянып, телефонмен ұйықтайтын балаларға, шет елдің мултфильмінің кейіпкерін кумир көретін осы буындағы оқушыларымызға әбден керек жоба екен. Немеремнің керексіз ақпаратқа мойын бұратын уақыты жоқ, есесіне халқымыздың рухани мұрасымен сусындап жатыр.
Жобаның мақсаты да сол екен: балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының эпостық жырларын насихаттау; өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау; балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілік пен патриотизмге, қайсарлық пен рухты ұрпақ етіп тәрбиелеу; балалардың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту; дарынды, өнерлі балаларды анықтап, халық арасына таныту; қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдерінің беделін көтеру.
Жоба жалғасын тапса екен, мақсаты орындалған, өміршең жоба болса екен деген тілегіміз бар. Мыңнан бір балаға жыр жаттатып, зияткерлік тұрғыда дамытып, халқымыздың тарихынан хабардар етсе, жобаның мақсаты орындалды деп есептеуге болады. Себебі осы жобаға қатысқан әр оқушы ең болмағанда, «Едіге батыр» жырын, Едіге батырдың тарихи тұлға екенін, Алтын орда ханы Тоқтамыстың тарихынан хабардар болады. Ауыз әдебиетімізбен сусындаған, ұлттық құндылықтарымызбен қаруланған ұрпақ дайындайды.
Сонымен бірге жобаның көлемді жүлде қоры да бар екен. Әрине, бұндай ынталандыру мен қолдау нәтижесіз болмауы керек, болмайды да. Жас ұрпақты жаһандық мәдениетке жұтылып кетпеуден қорғайтын осындай тың бастама, ізгі іс жасап жатқан ұйымдастырушылар мен жоба авторына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Жобаның пайдасы туралы бір парақтық ойым аз болып тұр. «Ұрпақ –тамырынан ажырамау керек» деген оймен қорытынды жасағым келіп тұр. Тамырымыз –тіліміз, діліміз, асыл мұра ауыз әдебиетіміз. Ұрпақ тәрбиесі мен зиятына төгілген тер зая кетпесін, ұрпағымыз рухты, жастарымыз жалынды болсын! «Тұлпар мініп, ту алар» ұрпағымыз көбейсін !
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!