Бұл «Тұлпар мініп ту алған» байқауына қатысушы Ә. Модағұлова атындағы №173 орта мектебінің 9 “Б” сынып оқушысы Алдаберген Қарақаттың анасы Аида Юсупованың пікірі.
Мен Алдаберген Қарақаттың анасымын. Осы жылдың мамыр айының соңына таман Қарақат қызымның сынып жетекшісі Баймишева Айгүл апай хабарласып, ”Едіге батыр” жырын жатқа айтудан республикалық байқаудың өткелі жатқанын айтқан еді.
Айгүл апай байқаудың мақсаты мен ережелерін түсіндіріп, Қарақатты сол байқауға қатыстырғысы келетінін айтып, менен рұқсат сұрады. Қызым әдебиет пәнін жақсы көретіндіктен, Айгүл апайға қарсылық білдірмей келісім бердім.
“Едіге батыр” жырының жаттауға тиіс толық нұсқасын көрген кезімізде қызымыз екеуміз, шынын айту керек, қорқып кеттік. Көлемі жағынан өте ауқымды екен. Әрі жырдың сөздері де ауырлау, түсініксіз болып көрінді.
Айгүл апайы Қарақат қызыма жырдағы әрбір сөздерді түсіндіріп, мағынасы мен мазмұнын ұғындырып беріп отырды. Осылайша, біз жырды тез жаттадық.
Осы жырды жаттағалы бері қызымның есте сақтау қабілеті күшейді. Оқу сауаттылығы артып, ойын, оқыған нәрсесін түсінікті де, жинақы жеткізе алатын дәрежеге жетті. Ал, мінезі жағынан шыдамдылықты, төзімділікті әрі табандылықты байқадым. Бала кезімізде үйде ”Батырлар жыры“ деген қалың кітап болатын. Ол кезде техника мен ғылымның кенже қалған уақыты ғой.Ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып, сайысқа түсіретін еді. Сол жырды жаттап, тыңдап өскен балалар, бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір өзі көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегілері мен естіген аңыздарының, жаттаған жырларының өмір бойына рухани азық әрі бүкіл болмыс-бітіміне, мінез-құлқының қалыптасуына іргетас болғанын айтады. Мен де Қарақат қызымның бойынан осындай жақсы қасиеттерді көргім келеді. Жасыратын несі бар, қолы бос кезде ұялы телефонға үңіліп, пайдасыз нәрселерді көргенше, ата – бабаларымыздың ерлік жолдарынан сыр шертетін батырлар жырымен сусындап, батырлық қасиеттерді бойына сіңіріп өскені абзал емес пе?.. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды деп ойлаймын.
Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруды мақсат етіп отырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!