Сары апа қауын тіліп отыр. Кәдімгі ерте пісетін Сырдың қазақы қауыны. Ара-тұра шытырлақ та кезігеді. Оны мына жоғары жақтағылар әміре дейді-міс. Біз соны жер алдында пышық тисе “шытыр” ете қалатын мінезіне солай атау бергенбіз.

Тілудің де мәнісі бар. Ұзын қауынды дәл ортасынан бөледі. Ішіндегі тұқымын алып, бөлек ұзынша айналдыра кеседі. Қақ дейді бұны. Ее, сіздер қақтың дәмін білмейсіздер ғой?! Сол қақпен біздің жақтың кемпірлері үнді шайын сораптай отырып, көп тіршілікті сөз етер еді.

Әдемілей тілінген қауын қағы кеселей қойылған бақанға қатарласа ілінген. Ол енді кепкенше тұрады. Арадан басқасы оған бармаймыз. Аралар құжынап сөлін сорып жүргені. Апам сонда да жолатпайды. Әбден кепкенде өзі-ақ сөлбірейіп қалар еді. Ал оны апаңның өргені тіптен қызық. Кәдімгі қыздың бұрымынан сәл жуандау, одан да өзгешелеу көрінеді.

Сары апа қақ тілсе де жанында қазан қайнап жатар еді. Қазақы ошақтың алдында мен отырамын. Майда жыңғыл мен қыстай қорадан шығар бауланған сыпырықпен алысасың мұндайда.

‒ Отты үзбе, ақұдай, Ежөкжан!

Иә, қазан ішінде қауын қайнап жатады. Жәмбілше, әңгелек, қазақы қауын, торлама. Тіпті, сол күні қарға шоқыған қауынды да апам салып жіберген. Қарға тұмсығы кірш ете қадалған жерді ойып ала салса болғаны. Қалғаны таза.

‒ Ештеңе етпейді, қарғаның да несібесі бар. Бізге жетеді. Ағаңды шақыр, мына қабықты майдалап турасын, – дейді апам тапсырмасын нықтап.

Кіші ағаң Бақытбек мұндайда алдымен қой-ешкінің несібесін турап берер еді. Майдалап. Аузына жеңіл болсын дейтін шығар. Одан соң мүйізділердің қабығы келеді. Оларға қол басындай етіп тураса да жеткілікті. Сиыр біткен сүйсіне жейді.

‒ Үйден қабық жеп, жуынды ішіп жүрген мал қорасына тез жетуге асығады. Уақытында әрі түгел келеді. Өздерің де іздеп әуре болмайсыңдар, – дер еді апам Бақытбекке.

Ағам да басын үнсіз изеп, қабықты үлкен ыдысқа аямай турайды.

‒ Әкең мына қауынның ішінен келер жылға тұқым алмай ма?! Ертең басымыз бәлеге қалмасын.

‒ Алып қойған. Өзі таңдап жегенінің тұқымын кептіріп, бөлектеп қалтаға сап қойды ғой, – дейді Бақытбек де.

‒ Әә, жаңа ғана бізге қимаған күләбісін қорадағы пішен астына тығып жүр еді, – дейді апам күліп. Шалының диқан болғанына ол да риза кейіпте.

‒  Бапым (папым дегені) соны декабрьде өзімізге береді.

‒ Солай ғой. Өзің ана қабықты турап болысымен асқабақтарды сарай үстіне шығар. Әбден кебу керек. Сәлде асқабақты бөлек жинарсың. Сатамыз ғой кейінірек…

Осы кезде қазандағы қауын біткен суынан айырылып, қоюлана бастар еді. Мұндайда менің де қолым ошақ аузына көп бара бермейді. Сары апа енді оған әлі де қою болсын дей ме, оған қосымша ұн шаяды. Бұл құрт қой. Қауынның құртын жемесеңіз, онда сіз Сырда тумағансыз да.

Міне, қазандағы қауынқұрт әбден қояланды. Енді менің нағыз жұмысым басталды. Есік алдындағы екінші сарай үстіне шығуым керек. Өйткені оның үсті мені ғана көтерер еді. Шелекке құйылған қауынқұртты жайылған ақ матаның үстіне үлкен ағаш қасықпен біртіндеп құйып шығамын. Әрі әдемі етіп құямын. Бұл енді үш күннен кейін кебеді. Сосын матаны аударып, өзіміз аршып аламыз.

Сарай үстінен түскенімде ағам келі-келсапты үй көлеңкесіне дайындап жатыр екен. Кеше ғана апам тары қайнатып, қазанға қуырды. Енді оны түймесе болмайды.Қыста майға былғап жейтін жұмсақ талқан біздің үйдің бір қорегі еді ғой…

Нұржамал тәтемнің естелігінен кейін ел жаққа барып қайттым. Қайтейін, сол кезгі атам, апам жанындағы көп бейнеттің маған тәттірек көрінетіні рас еді…

Дайын дүниеге бой үйреткен бүгінгі біз, расымен ақымақпыз!

Ержан ҚОЖАС