Осыдан тура он жыл бұрын мен оны Зәмзәгүл әпке дейтінмін, қазір жай ғана – Зәмзә деймін. Мұныма өкпелеп, шала бүліну Зәмзәның болмысында жоқ. Керісінше мырс етіп күледі. Оның күлгені де қызық. Күлгенде алдымен көзәйнегі жоғары көтеріледі, сондықтан да кейде маған Зәмзәдан бұрын көзәйнегі күлетін сияқты көрінеді. Жылдар өте келе Зәмзәның «әпке» деген тіркесінің түсіп қалуына, оның менімен тең құрбыларша сыр ақтарып, өзіне тым жақын тартатынынан туындады ғой деп ойлаймын. Бағзыдан әпке санап жүрген туыстарымның арасынан Зәмзәны ерекше бөліп-жарып «Зәмзә» деуімнің басқа ешқандай себеп-салдары жоқ еді.

Зәмзә – әкемнің туған қарындасы, қаншасыншы қарындасы екенін де білмеймін, жеті қарындасының ортаншысы, әлде соңғыларының бірі. Оны кейде өзі де ұмытып қалған секілді көрінеді. Зәмзә да әкем секілді сұңғақ бойлы, сүйекті, ірі. Ақсарының реңдісі. Сондықтан да ол кейде менің шешеме тартқан кішірек бойыма, талдырмаш тұлғама жаратпай қарап, «Сен тек биік өкшелі туфли ки, саған жайтабан киюге мүлде болмайды, бойың аласарып, тапал көрінесің» дейді. Онысына мен кейде өкпелеп қаламын, кейде қараптан қарап тәжікелесем. Оның маған үнемі жігіт іздеп жүретініне ашуланамын. Қай жерге ертіп бармасын, құрбысының үйіне қонаққа барсақ та, саябақта қыдырыстап жүрсек те, дүкеннен азық-түлік алып тұрып та ол төңірегінен маған лайық болар жігіт іздеп жүреді. Үйдің қарсы бетіндегі азық-түлік дүкеніне нан алуға жұмсап, соңынан қоса қабат ілесіп шығады. Көзімен ішіп-жеп бара жатқан дүкеннің жылмағай сатушысына қарап:

– Сіңлім ғой, бойдақ! Жасы 29-да, шаруаға епті! – деп қойып қалады. Сол сәтте менің жылмағай сатушымен көзім ұшырасып, бетімнің ұшы ду ете түседі. Үйге келген соң:

– Осы сенің есің дұрыс емес шығар. Көрінген қу аяққа мені таныстыра беретінің не әдет? Мақұл бойдақ екем, жасымды неге айтасың?! Ұялып өлгенім-ай! Құтыла алмай жүрсің бе менен? Мүмкін анда-санда үйіңе келгенімді жақтырмай жүрген шығарсың, жақтырмасаң айт, кетейін, – деп бұлқан-талқан болам.

– Әй, онда тұрған не бар екен? Сыпыра мақтасаң, сыпырғыны да бай алады деген. Таныса берсей, жасың болса келді, бай таңдайтын заман емес, – дейді бетіме бажырая қарап.

– Осы сен неге менің көңіліме қарамайсың?! Мен сатушымен не туралы әңгіме айтамын? Біздің ортақ тақырыбымыз да жоқ қой.

– Ыхы, не туралы әңгіме айтам дейді ғой… Немене ерлі-зайыптылар азаннан кешке дейін әңгіме айтады деп ойлайсың ба? Оооо, жазғааан. Хеех-еh-һех… жездеңді көрмейсің бе, азанда кетеді, кешке келеді. Оның бір ғана әңгімесі бар «тамақ» деген, қалған күндері аузын буған өгіздей. Төбесіне шәйнек қайнатып жатсаң да мыңқ демейді. Жоғары талғам иесі болуыңды доғарсаң, әлдеқашан байға тиіп бақытты болар едің. Мен жездеңмен танысқанда ол да базарда сатушы болатын. Құдайға шүкір, қазір – таксист, – деді танауы аспандап.

– Ха! Так-си-ст! Қызыл теңіздің жағасынан вилла сатып алсаңдаршы онда, – деп теріс қарап мырс еттім.

Ол әдеттегіше үндемейді. Іштей мені сөге жамандап жазғырып тұр, сөйтсе де бірдеңені айта алмай бөлме ішін айналып теңселіп жүрді де қойды.

– Мен сені ойлаймын ғой, – дейді сосын тұнжырай.

Мен өкпелеген болып оның қызының сықырлауық керуетіне бүк түсіп жатып қалдым. Ол айналшықтап жүріп, кереуеттің шетіне отырады.

– Мен сені ойлаймын ғой,– дейді қайталап. Мен көрпені басыма дейін тартып тас бүркеніп аламын. Ол көрпенің астынан бұрқырап шығып жатқан шашымды сипап ұзақ отырады.

– Білесің бе, мен сені…

– Қойшы Зәмзә! Ойлағаның осы ма? Кез келген көшедегі адамға ілестіріп жіберуге әзірсің. Мен саған көгенде жүрген қозымын ба, әлде өрістегі қара сиырмын ба? Неге маған тыныштық бермейсіңдер?! – деп көрпенің астынан бүлк-бүлк етемін.

Зәмзә көрпенің сыртынан жотамнан қағып-қағып қояды. Мұнысы мені еркелеткен түрі. Мен көрпені бүркенген қалпы келесі бүйіріме аунап түсіп көрпе астынан бүлкілдеп сөйлеп, соңынан қорс-қорс етіп жылап алдым. Және күллі дүние жүзіне күйеуге тимеген қыздардың атынан арыз айттым.

Зәмзә менің сөздерімнің біріне де үн қатпады. Оның ендігі жерде қолы бос емес еді. Зәмзә әлдеқашан ас бөлмесіндегі сүйікті орнына жайғасып көзәйнегі мұрнының ұшына түсіп, көк дәптеріне шұқшиып бірдеңелер жазып отыр… Жоооқ, Зәмзә ақын не жазушы да емес. Зәмзәның адам баласына еш зиянсыз қызық ермегі бар. Ол біздің әулеттің басы бос кіл бойдақ қызда­рының тізімі жазылған көк дәптерді жүргізеді.

Ол дәптердің тарихы мен мектепті аяқтаған 2007-2008 жылдардың орта шенінде басталды. Сол жылдары Зәмзә мені өзінің қайныларымен, достарының менімен құралыптас ұлдарымен, жұғымсыз көршілерімен таныстыруды бастап, онысынан түк шықпасын білген соң:

– Саған кішкене толу керек, тым арықсың, жігіттерге былай көлемділеу қыздар ұнайды ғой, – деген де қойған. Одан бері де тұп-тура он жыл өтті, мен оқудың соңын қудым, университет, сосын магистратура. Енді келіп ақпарат саласының жылдық есебін жазумен, ертелі-кеш кеңседе компьютерге телміріп жастық жылдарымды өткізіп жатқанымды көріп, Зәмзәның уайымы ұлғайды.

– Әй, сөйлесіп жүрген біреуің бар ма өзі? Осы сен жазған «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, отырып қалатын болдың, болмаса айтсай, өзіміз қам жасайық, – деген әңгіменің шетін шығарды. Содан кейін көп ұзамай Зәмзә әлеуметтік желілерден маған лайық болар деген жігіттердің тізімін жасай бастады.

Кейде ол азаннан кешке дейін көк дәптерге шұқшияды да отырады. Онысы сырт көзге жұмысшылардың айлық есебін жүргізіп отырған бухгалтердің қауырт жұмысы секілденіп көрінеді. Ол әбден ақ жемі шығып тозған көк дәптерді алғашқы бетін саусағына бір түкіріп сықыр еткізіп ашты. Алдымен бірінен кейін бірі жарысып күйеуге тиген сіңлілерін сызып, тізімді жаңартуға кіріседі.

– Өф, тиді ғой әйтеуір, осыны алпамсадай ғып бай алмай ма деп қорқушы едім, тапты ғой теңін, – деп, кейде ойына келгенін лақ еткізіп айта салатын, ауыр тірлік істесе тасыры көбейіп жан-жағын жайпап жүретін әпкесінің 34-ке келіп зорға күйеуге тиген қызын айтып кеңк етіп бір күліп алды.

Мен мойнымды созып тізімнен өз атымды іздей бастадым. «Жоғары талғам иесі» деген қызыл сияның астындағы тізімнің төменгі жағында «Жәукен – Асқар Жүнісбеков, Асел – Беркут» деп жазулы тұр екен.

– Мынау не, Асқар Жүнісбекові несі?

– Баяғыда сені Асқар Жүнісбековке күйеуге тисе деп арман­дай­тын­мын….

– Ән­шіге ме?

– Иә.

– Осы сенің есің дұрыс емес шығар, – деп жын соққан адамша есіре күлейін.

– Неге күлесің ииии?

– Мені Жүнісбековке тиеді,– деп ойладың ғой сонда? Хааа, хаһ, хааа!

– Ееее, несі бар екен, елдің қыздарынан қай жерің кем? Алатын еді жолыққандарыңда…

– Зәмзә, осы сен қияли шығарсың аааа?

– Біздің Әселді көргенде Бүркіт алатын еді, «тағдыр жолықтырмады» дейді мұндайды, кейде тағдыр деген де кісі тілегін қабыл алмайтын кіспұрыш ғой! Бір-бірі үшін жаралған адамдарды жолықтырмай күйдіреді, – деп «Бүркіт» деген жерді сызып «Айсұлтан» деп жазып қойды.

Осыдан бір ай бұрын Әсел Зәмзәның арманын әдіра қылып, жол полициясы болып істейтін Айсұлтанға ұзатылған болатын. Рет-ретімен үлкенінен кішісіне қарай өтіп, саусағымен термелеп төмендеп келе жатқан тізімнің біріне келгенде, Зәмзә көзін дәптерден алмай құлазып ұзақ отырып қалды. Көзәйнегін қайта-қайта түзетіп, арасында ухлеп терең дем алып, кей сәтте көзәйнегі буланып, мұрнының ұшы қызарғандай болды.

– Иии, жаным әшейін, Макош, ииии айналайыным-ай… Құдай сені қинап қойды ғой, жазғаным-ай! Сорың да бұл-дағы көретін. Ееее, қайтейін, Құдай сені бір тырнаққа зар еткізбей тезірек сәбилі қылса екен. Өзі жуас қой байғұс, көрмеген құқайы жоқ, – деп күйеуге тигеніне алтыншы жылға аяқ басса да бала көтермеген сіңлісін аяп, біртүрлі жасып, мұрнын пырс еткізіп бір тартып, дымданған көзілдірігін жағасына сүртіп-сүртіп жіберіп қайта киіп, тізімді термелеп төмен сырғыта берді.

– Әлия жанееем әшейін, мұның да өмірі бал емес, енесі тақыр жердің шаңын шығаратын қатын. Ойбоооой, Әлия бишара не көрмеді? Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып сыйып отыр. Анау байы да бір жайсыз. Ішеді ғой, ішеді, – деп маған қарап сыбырлай сөйледі. – Қайта балағынан бала арылмай, қара домалақтарды туып-туып тастады. Еее, онысына да шүкір! Қыз сорлы барған жерін көбейтпесе мүсәпір екен ғой, – деп дәптердің келесі бетін ашты.

Ажырасқандар!

Ажырасқандарға қызыл сиямен сұрақ белгі қойды. Сол сұрақ белгі арқылы Зәмзә олардың келешек өміріне үлкен сұрақ қояды, бірақ біртүрлі дүдәмал күй кешеді. Сол сұрақ белгіні үстінен қайта-қайта басып шимайлап, ұзақ ойланды Зәмзә.

– Альбина. Осы бишара қыздың бағы ашылмады. Тиген байы да бір сүмелек… Жетесіз. Еее, қойшы, қарадай ішім ашиды. Біздің Альбина қандай қыз еді! Артынан эшалон-

эшалон жігіт жүгіргенде, ана ешекке тигенін көрмейсің бе?! Ух… пешенесіне жазылғаны да байғұстың. Екінші байына бекер тиді. Кім біледі, бәлкім екінші байына тимегенде, бірінші байы қайтып келер ме еді, әәәә? – деп маған жалт қарады. «Мен қайдан білейін?» дегендей иығымды қиқаң еткіздім.

– Еее, бірақ сен не білуші едің, түк те білмейсің? – деп қолын бір сілтеп күрсінді. Мұнысы мені мұқатқаны ма, жоқ аяған түрі ме, ұқпадым.

Меруерт. Бұл сорлы қыз 18 жасында қағынып жүріп ана албастыға ұрынды. Айттым сонда: «әй асықпа, асықпа, «асыққан қыз байға жарымайды» деген. Асықпа» дедім. «Ойбай, әпке, Қуанышты сүйем-күйем, оған тимесем өлем» деді. Енді отырысы анау, Қуанышы қайғыға айналып, «ажырастым» дейді көзінің сорасы ағып, енді оны төрт баласымен кім алады? Тағы да туғаны ыңғай еркек бала. Қарнымыз ашты деп Меруерттің өзін қуырып жеп қоя жаздап отыр, – деп Зәмзә өз-өзінен налыды.

Зәмзә көк дәптердің сілки отырып келесі бетін ашты. Қызыл сиямен «Отырғандар» деп астын сызып қойыпты.

Бұл тізімге Зәмзәның өзінен үлкен әпкелері, күйеуге тимей қалған кластас құрбылары, тіпті көршісі де бар.

Клара.

– Естідің бе, ей?! Клара балалар үйінен бір бала асырап алыпты дейді ғой.

– Естідік қой.

– Көрдің бе әне, не болды? Кезінде осы Клараны жеңгелері жігітпен таныстырамыз деп әуреге түсетін.

– Еее, неге?

– Қиял ғой, «таныспаймын, Алматыда жігітім бар» дейтін көрінеді. Отызға келгенше

Алматыда жігітім бар деп алдына келген жігіттердің бетін қайтара беріпті. Бір күні қырыққа келгенде баяғы жеңгелерінің бірі Алматыдағы жігітің ендігі үйленіп кеткен шығар, жақсы жігіт бар, таныс та күйеуге ти десе, «Шымкентте жігітім бар» – деп айтады екен. Содан күйіп кеткен жеңгесі «Мынаның жігіті ақырындап ауылға жақындап келе жатыр екен, бір-екі жылда Созаққа жетіп қалатын шығар, күтейік» деген екен, деп Зәмзә ішек-сілесі қата күлді. Күле-күле сырғып мұрнының ұшына түскен көзәйнегін саусағының ұшымен жоғары жылжытты да үстелдің шетін ырым ғып үш рет ұрып жағасына қарата үш рет түкірінді.

– Құрсын, өзімен кетсін, күлмейік, қыз өсіріп отырмыз. Бақыт деген сусымалы ғой, қолдан шықты, ұшты, бітті. Өмір бойы ұстай алмайсың, болды. Алыста тұрған секілді, шақырған секілді көрінеді. Жүгіресің, өкпең өшіп жүгіресің, барсаң дым да жоқ, құр сағым, сағым… Бір жақсыны өмір бойы іздейсің, күтесің, ал, ол мұрын шүйіреді. Бәлкім, сен іздеген жақсы адам тіпті де алыста емес, дәл жаныңда жүрген шығар, аааа… Ал, Клара сөйтіп жүріп 50-ге келді. Бұдан енді не үміт, не қайыр, – деп тізімдегі Клара тәтейдің атын қызыл сиямен шимайлап өшіре бастады.

Кейде Зәмзә ертеңгілік таңғы шай үстінде көк дәптерінің әр бетін сықырлатып, ондағы әйелдер мен қыздардың тағдырын өзінше тәпсірлеп, кейде тіпті үкім шығарып, кейде ойша некесін қиып отырады. Зәмзәға салса сол көк дәптердегі әйелдер мен қыздардың басына бір-бір ақ жаулық салып, ақ некесін қиып, бақыттың төріне бір-ақ шығарар еді. Зәмзәға салса сол әйелдер шүпірлеген сәбилердің анасы атанар еді. Егер Зәмзәның көк дәптері мен көк сиясы сиқырлы болса, ол жер бетіндегі бақытсыз әйелдердің барлығының басына бақ орнатып, бір сәтте бәрін некелі жар қыла салар еді. Бірақ, Зәмзәның көк дәптері әйел жарықтықтың ақұдайлаған тілегін орындай алмайды. Орындалса Зәмзәдай тілеуқор әйел жер шарының күллі жылауық әйелдерін бақытты қылам деп ел кезіп кетер еді ғой….

                      Жәудір НАРТАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!