Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген кітаптармен толықты.

Алаштанушы ғалымдардың авторлығымен жарық көрген «Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект» атты ұжымдық монографияда абайтанудың тарихи бастауында тұрған Алаш тұлғаларының мұрасы жаңаша пайымдалып, тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспекті зерттелген.

Тарихшы, заңгер Нұрлан Дулатбековтің жетекші­лігімен шыққан «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеу кітабында Омбы мұрағатынан жинаған материалдары берілген. Автор кітаптың «Дархан даланың кемеңгері» деген дерекнамалық зерттеу бөлімінде Құнанбай Өскенбайұлының жеке тұлғасына және мұрағаттық құжаттарға қатысты тарихи талдау берген.

 «Бес асыл іс» атты балаларға арналған танымдық жинағында Абай Құнанбайұлының жас ұрпаққа тағылым, өсиеті қамтылған. Жинақта Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алған бес асыл іс туралы ойы талданып, балалар ұғымына сай түсіндірілген. Бес санының танымдық мәнінен бастау алған түсіндіру, талдаулар «бес» саны аясына жинақталып, кемеңгер ақын туралы танымдық материалдар, ұсынылған тапсырмалар дерлік осы бағытта топтастырылған. Академик Е.Сыдықовтың 2 кітаптан тұратын «Абайдың ғұмырнамасы» еңбегінде архив қорларында сақталған Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасына қатысты ақын замандастарының, ұрпақтарының және зерттеуші ғалымдардың ғылыми-танымдық естеліктері жарияланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!