Ұлағатты бабалардан қалған осы даналық сөзді қазіргі ойшылдар «жақсы сөз – толық ырыс» деп айтып жүргенін оқыдым. Мен оcымен толық келісемін, өйткені ұлтымыздың бір бөлігі құндылықтардан ажырап бара жатқан жаһандану заманында жылы сөз – жанға қуат. Жан жадыратар жақсы сөздер айту арқылы адамдар бір-бірінің құрметіне, мейіріміне бөленеді. Жүрекке жара салатын ауыр сөздерден ешкім де кенде қалып жатпаған мына заманда жақсы сөзді жарым ырыс емес, «толық ырыс» деуге әбден болады деп ойлаймын.
Адамның таза, сыпайы, сауатты сөйлеуі – үлкен мәдениеттіліктің көрінісі, көкірек пен рух көзі тазалығының айғағы. Сондықтан болар, қазақтың салт-дәстүр жоралғыларында ақ батаның берілуіне, жақсы мағынаға ие тілектердің айтылуына аса мән берілген. Бұл жайлы әлемдік психологияда ой мен сөздің қуаты, жаны болатыны жайлы жазылған еңбектер көп. Ал жан дегеніміз – энергия, демек жақсы сөздер арқылы адам бойына жақсы энергия сіңіреді. Ал оны қазақ «айтылған сөз – атылған оқ» деп бір-ақ қайырған.
1989 жылы АҚШ-тың Лос Анджелос қаласында сұрапыл жер сілікінісі болып, төрт минутқа жетпейтін уақытта қала жермен жексен болды. Эдвард есімді жігіт ұлы Аманда оқитын мектепке жан ұшыра жеткенде үш қабатты ғимарат қирандыға айналған екен. Көзі қарауытып кеткен Эдвард кенет есін жиып алып, өзіне нық сенім пайда болды. Себебі ол ұлына үнемі «әрбір қиындықта мен қасыңнан табыламын» деп қуат беріп отырушы еді. «Ұлым тірі, ол мені күтіп отыр» деген сеніммен ол қирандыны қаза бастайды, үшінші күн дегенде: «Әке, сіз бе?, Мен ғой Аманда» деген ұлының әлсіз дауысын естиді. Эдвард ұлымен қауышып, оның 14 сыныптасының да өмірін құтқарып қалады. Мінекей, сөз құдіреті қандай күш қуат беріп, үміт ұшқынын лаулатты.
Әдепсіз, балағатты, улы, ащы сөздер адам жүрегін қатайтады. Мұндайды қазақта қарғыс деп атаған. Жастарды айтпағанда үлкен кісілердің көпшілікте бейәдеп, ұятсыз сөйлеуі, отбасында бала-шаға көзінше тіпті «еркінсуі» жанды шаршатады. Соның нәтижесі ме, әлде балаларымызға ұстаз қауымы мен ата ана ретінде мәдениеттілік пен тәртіптілікті өзімізден бастап көрсете алмай келеміз бе, әйтеуір көшеде бір-бірімен жай сөйлескеннің өзінде боқтық қоспаса «ойын жеткізе алмайтын» жастар өсіп келеді. Көшеде, қоғамдық орында әсіресе жасөспірімдер арасында бір-бірін «ешак», «мал» деп қаратуы әбден қалыпқа түскені сонша «неге олай айтасың» деп реніш білдірмейтін деңгейге жеттік. Сондай-ақ ұялы телефонның қуаты таусылып қалса, «телефоным өліп қалды» деп дүрс еткізеді. Аулада бірін-бірі қуалап ойнап жүрген балалар ұпайы таусылып қалса, «сен өлдің» деп жатады. Ғалымдар балағат және жағымсыз сөздерден радиация сияқты адам генін мутацияға ұшыратып, түрлі психикалық және тән аурулардың пайда болатынын айтады. Сондықтан да жоғарыдағы секілді ауыр да ерсі сөздердің дұрыс, жөн баламасын жастарға айтып, үйретіп, дер кезінде түзетіп отыру үлкендер үшін аса филологиялық ғылыми білімді қажет етпейді.
Адамдардың сөздік қарым-қатынасынан заман көрінісін байқауға болады. Әр отбасында, білім ошақтарында жастарды сөз әдебіне, таза да орынды, түсінікті сөйлеуге тәрбиелеуіміз керек. Ішетін тамақтың тазалығы мен құнарлығына қалай көңіл бөлсек, аузымыздан шығатын сөзге де солай көңіл бөлгеніміз жөн. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың өзі «құнды сөз – құнарлы ойдан туады» деген ғой.
С.МОЛДРАЙМОВА,
Қызылорда қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!