Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан «Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысының төртінші жұбында Шиелі ауданының ақындары бір-бірімен жұп болды. Ендеше Шыңғыс Құдайберген мен Бекжан Ержігіттің айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

Шыңғыс Құдайберген:

«Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысы

Жылытар ел бар еді  тоңсақ талай,

Сөйлейік ар-ұяттан алшақтамай

Қос ішекті жаныма серік қылып,

Қала кезіп айтысқан бал шақтар-ай.

Ассалаумағалейкум, армысыздар!

Қалың елім қиқулап қол соққаны-ай.

“Ақмешіт жастарына” мың рақмет,

Карантинде көсіліп жөн шапқаны-ай.

Айтыстың дәмін алсын деп  біздерді

Смартфон сипалатып тамсантқаны-ай.

Қақпандағы қасқырдай ақындарға

Ақпандағы қой етін аңсатқаны-ай.

Сөзден сәндеп салғандай бабам мүсін

Ендеше ұсынайық жарамдысын.

Ассалаумағалейкум, Бекжан досым,

Бізді де дос, бауырға санармысың?!

Сен өзі сегіз қырлы жігіт ең ғой

Сөзіміз шартарапқа таралды шын.

Ауыл клубындағы қызметің бар,

Мәдениетке жарамды маманбысың?

Айтыс пен мүшайрадан бой көрсетіп,

Еліңнің алып жүрсің бар алғысын.

Балуан Шолақ атаңдай белдескенде

Қарсыластар қазықтай қадалды шын.

Мал алып сатуды да кәсіп қылдың,

Дүние деген кезде табандысың.

Ол аз десең құрылыста қолың жүріп,

Бағаның қойып қойдың жоғарғысын.

Біз білмейтін тағы қандай өнерің бар?

Халыққа айтып отыр хабарды шын

Әмбебап ақыныма сөз берейін,

Ойыңның жеткіз бізге орамдысын.

Азық-түлік қымбаттады дегенді естіп

Картоп сатып жүргеннен аманбысың?

Бекжан Ержігіт:

«Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысы

Беймәлімдеу болса да атың әлі,

Біздің Шыңғыс сөйлесе қатырады.

Газеттің бетін шимай-шимай қылдың,

Шаңдатып шаппаған соң сахнаны.

Айтыссам Алла берген талантым бар,

Қанжар тіл тиген жерін жапырады.

Балуан болсам нағашым Иманжүсіп,

Ақын, сері, өзі әнші, батыр әрі.

Қолымнан іс келген соң ұста болсам,

Еңбекпен жайқалады ер жапырағы.

Мал баққанның меніңше айыбы жоқ,

Бұл неге сұйық сөзін сапырады?

Жабайы жылқы үйреткен бабаларым,

Біздерге жылқы бағу не тұрады?

Өткеніне қарамай өктем сөйлеп,

Жаңылды-ау Ақмаяның ақымағы.

Картоп сатып пайдаға кенелгем жоқ,

Сәбізден қолым тимей жатыр әлі.

Ұстаз болып келесің ептеп, міне,

Қадіріңе әлі ел жетпепті ме?!

Ұлтыма тұтқа десем, Бұл үкімет,

Қол шоқпар ғып алды ма мектепті де?

Вакцинасыз сабақты бере алмайсың,

Салдырмаған адамды шеттетті ме?

Айтыста ойыңды анық жеткізгейсің,

Кеңірдектен аса алмай кек кетті ме?

Мектепте осы күні білім емес,

Тек вакцина маңызды боп кетті ме?!

Шыңғыс Құдайберген:

Екпені еркіңсіз-ақ салам деп тұр,

Салмасаң жұмысыңнан қағам деп тұр.

Айнымалы төкпелі күн келер деп,

Бабалар болжап кеткен заман кеп тұр.

Жүрсе де жоқ аурудың емін іздеп,

Басшылардан ойым жоқ сенім үзбек.

Қара басым халқымнан артық емес,

Басымды алып қашатын жөніміз жоқ.

Тірі адам тіршілігін жасайды ғой,

Аман болса қайтеді кебін іздеп.

Ел қатарлы біз де екпе салдырармыз

Медбикеге ауыртпай егіңіз деп.

Жұмыстан да айырылғым келмейді ғой,

Сен сияқты саудаға ебіміз жоқ.

Ұлы елге ұя болған далам ізгі,

Сол даламнан табамын мол аңызды.

Мен өзіңе бір сұрақ қояйыншы,

Салмақ салып сынап көр санаңызды.

Хрущев бес облысты алмақ болып,

Тырнапты іріңдеген жарамызды.

Түркіменге түгелмен берем депті,

Мұнайлы Маңғыстаудай даламызды.

Шыдамай Хрущевқа қарсы шығып,

Депті ғой батырыңыз қараңызды.

Сол кезде Маңғыстау мен қоса ап қапты,

Солтүстікте бес бірдей қаламызды.

Алашым ешқашанда ұмытпайды

Даласын сақтап қалған өр абызды!

Білесің бе аюға қарсы шыққан

Қаһарман қасқыр мінез бабамызды?

Бекжан Ержігіт:

Танымасам тықшы әкеп саныма біз,

Қазақты ойлап қиыпты жанын абыз.

Жер асты байлығыңды сақтап қалған,

Тәшеновтің алғыс дейік барына біз.

Атасы қалдырғандай сатып жатқан,

Қазіргі күйден қайтып арыламыз.

Жұмабектің ерлігі ел білмесе,

Жабырқаймыз, қайғырып, қамығамыз.

Мұнай қазған өлке емес Тәшеновке,

Құдай деген қазақтың бәрі қарыз.

Қуантқан қазағымның қағанатын,

Азаттық ең қымбат күн саналатын.

Бағасына жетейік байтақ елдің,

Шығармай жер жаһанға жаман атын.

Ер болсаң – тию керек елге пайдаң,

Бай болсаң – болу керек қанағатың.

Тәуелсіздік – сен қымбат байлығымсың,

Сөзімді теріс демес жамағатым.

Мәңгі естен шығармауға тиістіміз,

Қан кешкен бабалардың аманатын.

Алғысын алады ұстаз мың кісінің,

Шебері бол қалықтар жыр құсының,

Тәшеновтің талайын тәрбиеле,

Қызыл тілің болсыншы ілгіш інім.

Оқушыңның барлығы озат  шықсын,

Қалғанын қаламаймын бір кісінің.

Дәулетің асып-тасып аман жүрші,

Дәулетұлы дүр ақын, Шыңғыс інім.

Шыңғыс Құдайберген:

Ер қадірі қашпайды

Сөзінің болса салмағы.

Жер қадірі қашпайды,

Бапты білсе бағбаны.

Қазақтың бағы азаттық

Қайғысыз батқан түнімен,

Тыныш атырған таңдары.

Ұлтыма зауал келгенде,

Ұл-қызың болып шерменде

Батырларды іліп әкетті,

Ажалдың алғыр қармағы.

Қайраттар қайраттанбаса,

Ләззаттар лаулап жанбаса,

Орысқа отар болушы ек,

Намыстың сөніп шамдары.

Қаһарын төгіп өрт болған,

Отаным үшін мерт болған,

Пейіште мәңгі шалқысын

Боздақтардың әруағы.

Тәуелсіздік мәңгі боп,

Талай елдердің алды боп,

Ұлы ел болсын бұл қазақ

Ұлықтап мәңгі Алланы.

Байрағы тік боп жұртымның

Айдары болсын ұлтымның.

Әлихандар аңсаған,

Алашорданың арманы.

Бауырым мәре қияр торы аттайсың,

Қойнауда мың қайнаған болаттайсың.

Бұл түріңмен сауда мен құрылыста,

Шаңыңа өзбектерді жолатпайсың.

Осымен бұл айтысты аяқтайық,

Әлі талай ауылға қонақтайсың.

Бекжандай тәуір бауыр сен, аман бол,

Сөйлесе орып түсер орақтайсың.

Тұрмағамбет бабамдай тура сөйлеп,

Нартай боп елді аузыңа қаратқайсың.

Әлихандай ұлтыңа ұран тастап,

Міржақып боп қазақты оятқайсың.

Бекжан Ержігіт:

Қатпарлы тарихымнан көш ап жатқан,

Егеменді ел болдық ошақ жаққан.

Тілегіңе рақмет, жан бауырым,

Пейіліңе көңілім босап жатқан.

“Ақмешіт жастары” басылымы,

Айтыстай арда өнерді қашап жатқан.

Тәуелсіздік тұғырын төмендетпей,

Ақындардың өлеңін асап жатқан.

Алғысым шексіз еді ұжымына,

Мейрамы көп болсыншы шашақ жаққан.

Жазба айтысты дәріптеп жалпақ жұртқа

Жаңғырудың көкесін жасап жатқан.

Інім, төмендемесін топта бәсің,

Ашылып жыр айтуға оқталасың.

Тәуелсіз ел болуға талай ерлер,

Тәуекел деп тігіпті оққа басын.

Тар кезеңді өткенбіз сенбегендер,

Тарихымның тақтасын көп қарасын.

Сол жылдарды жыр қыл деп айтыстырған,

Газетке алғыс айтқан боп қаласың.

Ақмешіт жастарының басылымы,

Оқырман аз болды деп жоқтамасын.

Газеттің де ғұмыры ғасыр асып,

Батыстан күн шыққанша тоқтамасын.

 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!