«Ақмешіт жастары» газеті мен «Сыр үміті қауымдастығы» қоғамдық бipлестiгi және «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай «Жастар жырлайды» атты облыстың жас ақындары арасында жазба айтыс ұйымдастырып отыр. Айтысқа аймақтан 12 ақын қатысуда. Атап айтар болсақ, Арал ауданынан Айбану Қалиева, Айдар Сайлауов, Бексұлтан Орынбасаров, Алтынбек Қыстаубаев, Қармақшы ауданынан Еркебұлан Серіков, Жалағаштан Жасұлан Серік, Шиеліден Бекжан Ержігіт, Шыңғыс Құдайберген, Сырдария ауданынан Бақтөре Айтбаев және облыс орталығынан Рыскелді Жахман, Динар Рахман мен Серікхан Жүзеев қатысуда.
Оқырмандар назарына аламанның алғашқы жұбы жаңақорғандық Серікхан Жүзеев пен аралдық Айбану Қалиеваның айтысын ұсынамыз.
Серікхан Жүзеев:
Арайлап атқаннан соң ақ таңымыз,
Шүкір деп жарасады жатқанымыз.
Армысың, айтыс сүйер оқырмандар!
Болайық құрмет тұтар мақтаныңыз.
Аман ба, Аралымның Айбануы?
Есен бе бай мен бала баққаныңыз?
Карантиннің пайдасын өзің көрдің,
Белгілі декретте жатқаныңыз.
Тұрардай асыл ердің бағын жақтың,
Көп болып тұрмыстан да тапқаныңыз.
Біз білмейтін қандай тағы жаңалық бар?
Қысылмай осы жерде ақтарыңыз.
Айбану Қалиева:
Арма, ел, ақындарды қолдайтұғын,
Айтысалық алдарыңда алмай тыным.
Журналистер өткізген бұл айтыста,
Белгілі ғой үндемей қалмайтыным.
Біз айтайық тілшілер жаза берсін.
Көрсін жұрт қанатымыз талмайтынын.
Серікхандай серімен жұпталыппын,
Жұртқа аян сен биікке самғайтының.
Үй ішің тегіс аман ба өзіңнің?
Бар еді елді жерді шарлайтының.
Жазба ақындар арасында сені көрдім,
Сені мен айтыскер деп ойлайтынмын.
Жаңалықты деймісің ақтарғайсың,
Жаршыласам шындықты жақтар қайсың?
Елде боп жатқандарды тізбектесем,
Вирус пен қымбатшылықтан сақтанғайсың.
Картошка мен сәбізің ұшынып тұр,
Не жейміз деп қиналды халқым-ай шын.
Бір есікке кірмейсің ПТР-сіз,
Қызыл жанса қайтасың, ақталмайсың.
Вакцина талай миды ойландырды,
Карантин, сен тезірек жоқ болғайсың.
Тәуелсіздік емес пе еді асылымыз,
Қадірін түсінгенге бақ қонғайсың.
Осы бір сынақтардан өтіп кетсек,
Біз барда жерім жатқа тапталмайсың.
Ал өзіңе берейін кезегімді,
Секем ау, сен де осыған тоқталғайсың.
Серікхан Жүзеев:
Демеңіз бұған мені жақ ашпайды,
Серікхан қалай сізбен санаспайды.
Бұдан да қиындықтан өткен елміз,
Демеймін басымыздан бақ аспайды.
Өткеннен сабақ алып шүкір етсе,
Жолынан ешбір ұрпақ адаспайды.
Домалақтай аналар ізі емес пе ең?!
Ірілік танытсаң ел таласпайды.
Қазағым бұл күнді де еңсереді,
Жырлайық айбыны асқан алаш жайлы.
Қазанның қамын ойлар жан болсаң да,
Базардың әңгімесі жараспайды.
Айбану айтысуға қамданыпты,
Ал енді тоқталайын жанға мықты.
Ол кісі тектілікке түрен салып,
Жасынан ілім қуып қамданыпты.
Көкілташ медресесін бағдар етіп,
Ұстаздар зеректігін аңғарыпты.
Оқуын бітірген соң елге келіп,
Сөзімен жөнге сапты сан ғаріпті.
Білгенін шәкірттерге азық етіп,
Жасынан мақсат қылған арманы ұтты.
Туған елге деген ыстық сезіміне,
Ғұлама Садриддин таңғалыпты.
Тәжіктің даласына шақырғанда,
Намыспен бұл бабамыз арланыпты.
Бас тартып туған елге оралыпты,
Ілімі бассадағы сан халықты.
Білесің әрбір сөзі жыр екенін,
Санаңды бұл жұмбақпен түлетемін.
Таппауың мына сенің мүмкін емес,
Салтты да санаңызда үдетемін.
Тарихтан тағылым алар ақын болсаң,
Тауып көр бұл тұлғаның кім екенін?
Айбану Қалиева:
Әңгіме бөліне ме сонда санға,
Біртүрлі естіледі тыңдасаң да.
Базардың әңгімесі деймісің сен,
Елімнің мұңын шағып жырлағанға.
Ірілікті сөз қылып отырсың сен,
Ұқсайсың сөзден шәрбат ұрлағанға.
Тарихтан емес едім алабөтен.
Есімін ерекшелеп атап өтем.
Жырымен жанымызда мәңгі қалған,
Бұл менің Тұрмағанбет атам екен.
Ал енді мендік жұмбақ ерек болды,
Ата-анасы депті ылғи зерек болды.
Түркі әлеміне ол өзін мойындатып,
Аямапты елінен көмек қолды.
Тұрмағанбеттей тұлғадан дәріс алып,
Суханский ілімін себеп қылды.
Қызметте жүріп-ақ түркі әлемін,
Сауаттандырып соншалық еңбек қылды.
Өзбектің универін бір кездері,
Қазақ пед. қып өзгертуге себеп болды.
Бүгінде Сыр еліне осы атамның,
Атымен аталар бір үй керек болды.
Ол үйде жиналған бар сөз зергері,
Сенің-дағы білуің керек оны.
Ал, айтшы, мен жасырдым қай тұлғаны,
Саған бұл берілген дерек болды.
Серікхан Жүзеев:
Айбану ақын екен тілге мықты.
Сондықтан тез ойланып түрленіпті.
Тұрмағанбет ақынды оңай таптың
Оныңа берер едім жүлде мықты.
Күйеуің Тұрмағанбет ұрпағы еді,
Жырларын насихаттар күнделікті.
Отырған атасының атын атап,
Келінді айтыңдаршы кім көріпті?!
Білмеймін карантиннің әсері ме?
Айбану осы жерде сыр беріпті.
Ал сенің жұмбағыңа тоқталайын,
Демеңіз ол жағына құр келіпті.
Темірбек атындағы бір ғимарат
Едәуір қаламызға нұр беріпті.
Ел үшін асыл жанын құрбан еткен
Бүгінде кім білмейді Жүргеновті?!
Орамды сөз келсінші өткір тілге,
Жырыңды ақ нөсерше септірдің бе?
Ковидке қарсы күрес жасау үшін
Алаңдап амал жасап, кеттім күнде.
Сен де бір елді ойлаған ақын едің
Вирусқа қарсы екпе ектірдің бе?
Айбану Қалиева:
Ай, Сәке, кімдерді сен ауыштырдың?
Мен ұрпаққа ата атын қауыштырдым.
Басында айттым ғой бұл жазба айтыс,
Жазбаны неге айттыға ауыстырдың?
Атасының есімін жазбасын деп,
Тағы басқа кімдерге дәріс қылдың?
Не болды қорықтың ба екпеден де?
Қайтемін мен өзіңді сөкпегенде,
Қайрат, Ләззат батырлар қорықпаған,
Қарсыдан келе жатыр оқ дегенде.
Алаңдап амал жасап не көрінді,
Олай бұға бермесей бұқ дегенге.
Тәуелсіздік ап берді жарық күн ғып,
Сақтап қалу – қорықпау жоқ дегенде.
Жауға шық, мылтық ал деп жатқан жоқ қой,
Не істейсің бір инені екпегенде?
Серікхан Жүзеев:
Болсыншы әрбір сөзің маңдайға құт.
Тап болсын дәл өзімдей таудай бақыт.
Қалайша келер күнге қамданбасқа,
Өткеннен өнегені алмай жатып.
Екпені елден бұрын мен салдырдым.
Күні ертең жүрмейік деп сор қайнатып.
Әрқашан ұлыларды ұлықтайық,
Болсын деп әрбір күнің балдай бақыт.
Ешкім де ерлеріңді бағаламас,
Қазақтың өзі танып алмай жатып.
Алланың түсіп әркез назарына,
Бақ қонсын бұзылмайтын қазағыма.
Айбану, осыменен аяқтайық,
Ешқашан мұң түспесін ажарыңа.
Ұрпақпен бірге мәңгі жасай берсін,
Ортаңда айтыс деген таза мұра.
Өсіріп ұл қызыңды көбейте бер,
Елімді бастап бақыт базарына.
Айбану Қалиева:
Атансақ ақын қыз бен ақын аға,
Жастарға үлгі болсақ жақын ара.
Болашақ бұл жастардың қолында деп,
Аға буын айтысқа шақыра ма?
Би болмасақ би түсер үй болайық,
Бұл Отан отбасынан бастала ма?
Карантин тез жойылып елімізден,
Бұйырса айтысайық сахнада.
Журналистер мерекесі құтты болсын,
Тілші деген таусылмас сарқырама.
Сөз көркем, ой еркін боп әрқашанда
Жаза бер, журналисім, жарқыра да.
Ал, Сәкем, қоштасайық, сен де аман бол,
Сай болып өнерің нар қалпыңа да.
Берілген ережеге бағынайық,
Болмаса ақын сөзі таусыла ма?
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!