Алқалай жиналған қауымның назары той жүргізген асабада болғанмен, ойы жиынды тез бітіруге асыққан. Ышқына соққан дауыл ауладағы құмды үйіре соғып, құйындата жөнелгенде ел еріксіз бетін көлегейлей берді. Әдетте той болған күннің ауа-райын жаңа түскен келіннің мінезімен бағалайтын жұрт бұл жолы оны тіпті ауызға алмады. Бар болғаны «қара дауыл бір басылмай қойды» деген сөзді шарасыздықпен қайталай берген.
Ауылды сырттай қарасаң ақтұманданып тұрғанын бірден байқар едің… Құм араласқан шаң көзіңді толтырып, тісіңді шықырлатады. Бірақ күннің ыстығы мен құм боранына қарап, ауыл жұрты той жасамай қалмайтыны белгілі еді. Енді, міне, ағайын-туыс түгел бас қосқан беташарда бәрінің берекесі қашып тұр. Жақсы мен жаманға бірдей шүкірлік ететін ауыл адамдарының жаны сірілігі сонша, анау-мынау қиындықты уәж етіп, уайым қылмайтын. Көнбіс жұрттың көңіліне күндіз-түні бір тынбайтын жазғы дауыл қатты әсер еткені ме, әйтеуір бір-екі адам бас қосса, күннің райын талқылайтын болыпты…
Ауылға жиі келмегені ме, әйтеуір бастапқыда бәрі жүдеу көрінген. Оқу, одан қалды жұмыс деп жүретін Айшаның бес-алты айды араға салып келген беті осы. Қыста келгенде «енді ауылға аттап баспаспын» деген пенделік күпірмен кеткен. Әдейі айтқан жоқ. Жұқа жауған қарға жаңбыр қосылып, жердегі саз балшық адам айтқысыз иленген де қалған. Ыңырана жүрген көлік бір тоқтайды, бірде баяу жылжығандай болады. Айшаның сондағы ойы ғой бұл. Әйтпесе ерке қыздың ауыл дегенде емеуріні белгілі ғой. Енді, міне, қысы жолға қолайсыз ауылдың жазғы жағдайы да мәз болып тұрған жоқ. Құрбысының тойына арнайы келген ол күн көтерілген бетте ұйқысынан оянды. Түнде үдей соққан желден терезе алдын шаң басып қалыпты. Әдеттегідей құйынның ізі екені білініп тұр. Есік алдына шыққаны сол шақырайған күн өне бойын күйдіріп жібергендей болды. «Таң атпай жатып, не деген ыстық?!». Осылай ойлап үлгергенше болған жоқ, сарай маңынан анасының дауысы естілді:
‒ Тұрдың ба, күнім?! Әкеңнің жұқа көйлегін жамыла салшы. Мына күннің ысуы жаман. Терің күйіп кетер.
Анасының айтқаны дұрыс болса да, бойжеткен қыз көршілерден ыңғайсызданған. Бала кезден біледі ғой, бірі болмаса бірі келіп анасының қасында түске дейін ауыл жаңалығын айтады. Тағы бір қоңсысы сіріңке сұрай келер. Анасы да қызық, көңіл жықпастықпен бәрін тыңдап отыра береді. Сосын олар қарап отырмай, Айшаны да сөз етеді ғой. Ерке қыз осыны ойлаған. Бірақ үп еткен лебі жоқ далада жеңсіз киіммен жүруге ықыласы соқпады ма, әкесінің жейдесін киіп алды.
Дастархан басында анасы екеуі өткен-кеткенді әңгімелеп отыр. Анасы көбіне ауылдың жайын айтады.
‒ Ана Бердібектің үйін білесің ғой, ‒ дейді бал татыған шайын ұсынып жатып:
‒ Биыл кенже баласына енші беріп, өз алдына үй соғып жатыр. Бірақ жастарға ауылда тұрған обал ғой. Мардымсыз айлыққа қарап отырғаннан қалаға кеткені жақсы емес пе?! Ара-тұра шығатын балықты көңіліне медет қылатын шығар. Бірақ қазір теңізде қайсыбір балық қалды дейсің… Анасы осылай деп уайым қылады. Әдетте Айша өзгелердің өміріне араласқанды ұнатпайтын. Тек анасы жақын туысқанын айтқан соң, бұл да еріксіз қынжылған. Шынымен, ауылдың болашағы не болар екен?!
Көбіне ауыл адамдары күйбең тірлігін түске қалдырмай бітіретін. Бүгінгі әдеті де осы. Түске қалса ми қайнатар ыстыққа тап боларын білген Айша да атасының үйіне барып, сәлем бермек ниетте. Үлкен үй алыс емес. Көп болса жарты сағат жүрер. Қайта оған жолдың ұзарғаны жақсы. Ауылды алыстан бақылап, бала күнін еске түсірудің өзі таптырмас демалыс қой. Тегіс емес, ирелең, кей жері кедір-бұдыр, жартылай саз, жартылай май топырақ жолмен баяу басып келеді. Жай жүрмей жан-жағын барлап келеді. Көзге ілінер көк таппады. «Биыл жауын аз болып, пішен де өспеді» деген әкесінің сөзі есіне түсті. Әнеу жерде жартылай күн қуратып, сарғыш тартқан адыраспанды байқаған болды. Қызық… Мана таңертең аулада көрген әкесінің гүлдері де осылай сарғыштанып, жапырағына құрт түскен сияқты еді ау, ә?! Жаздың басталғаны кеше. Алда шіліңгір шілде бар ғой әлі… Бәріне бірдей не болған?! Бала күнінде ғой, ауыл адамдарының ауласында, көшеде ағаш та, көк те қаулап тұратын. Соның ішінде Айша жабайы өскен меңдуананы жақсы көретін. Атасы қанша рет «уланып қаласың, ол жабайы өсімдік» дегеніне қарамай, әпкесімен бірге гүлді сабағымен талай жұлған. Тіпті адыраспанның түйнегін «алма» деп ойнап, құрбысына «қонаққа» апаратын. Қазір меңдуана да көрінбей ме, қалай өзі?!
Осылай ойланып келе жатып, қарашаңырақтың ауласына қалай аяқ басқанын да білмей қалды. Кішкентай кезінен «Мама» дейтін әжесі аң-таң. Сірә, Айшаны келеді деп ойламаса керек. Екі бетін кезек-кезек сүйіп, үп-үлкен қызды еркелетіп жатыр. Айша ұялса да үндемейді. Тіпті әжесінің осы мейірімін үйдегі алты айлық Ернұрдан қызғанатын секілді. Үлкен үйдің амандығын білген соң, жеңгесімен де біраз шүйіркелескені бар. Бұрын жаңа сауып, пісірген ыстық сүтін ала жүгіретін жеңгесі «шай іше ғой» деумен шектелді. Қызық… Ерке қыздың бала күннен сиыр сүтін жақсы көретінін біле тұра, жеңгесінің мұнысы несі?! Соны сезгендей ауылдың бар бейнетін бір адамдай білетін келін көңілсіз әңгіме бастады:
‒ Былтыр ғой, жеті-сегіз сиырды қатар сауып құрт пен қатыққа қарық болғанымыз. Биыл сауын сиырларды көрсең жылағың келеді. Сүт бермек түгілі, бұзауын да жарытпайды. Қарны қабысып тұр. Ағаң қолдан жем бергенмен, жердегі көктей болсын ба?! Қуаңшылық деген осы шығар, биыл көктен тамшы тамбады, ‒ деген. Ауылдағы ахуалдың нашарлап бара жатқанын бәрі бір-бірімен келісіп алғандай айтады. Тіпті кішкентай Ернұр да соны қостайтын сияқты. Бір уақ таза ауада жүрсін деп далаға шығарған оның да денесі қызарып, жараға ұқсас майда бөртпе шығыпты. Бұрындары адамдар «күнге күйген жақсы, қыста ауырмайсың» дейтін еді ғой. Қазір керісінше, бәрі күннен қашатын болған. Сәл уақыт сәулесі өтсе болды, теріге белгісіз бөртпе қаптайтынын бала да біледі.
Айша былдырлай күлген Ернұрды еркелетіп біраз отырды. Күн тас төбеде шақшиып тұр. Ауылға аз ғана уақытқа келген бойжеткен қайтадан анасына баруға асықты. Түскі асқа қарайламастан, әжесін қатты қысып құшақтады да, үйіне беттеді. Ойланып келеді. Кенет… Көзі бақырайған күйі қорқып кетті. Жердегі бар қалдық пен қараны үйіре ұшырып, ауыл шетінен қап-қара құйын келеді. Дауыл десе бала күннен иманын үйіретін Айша қалт тоқтай қалды. Атасының үйіне қайтқысы келген. Бірақ жолдың дәл ортасында кейін қайтуға жүрегі дауаламады. Жай ғана жылағысы келді. Жан-жағын жайпап кететін үлкен құйында қаларын білсе де үйіне қарай жүгірген жоқ. Өзін қаншама сырт көздің бақылап тұрғанын білмейді деймісің?! Балаға ұқсап, тапырақтай қашса ұят болады. Жылдамдығына көз ілеспейтін құмды дауыл шатыр мен есік-терезені тасырлата соғып ұйытқып келеді. Айнала сұп-сұр. Айшаның жүрегі қорыққаннан қатты соға бастады. Үйлер де көрінбеуге айналған. Құм көшкеннен сау ма өзі?! Арада сүт пісірім уақыт өткен соң түк болмағандай бәрі басылды. Үйіне ентіге жеткен Айша анасын құшақтай алды.
‒ Түріңнен айналайын. Өзім де сені қорқып қалады-ау деп ойлап едім. Биыл осындай құмды құйын күнара қайталанып тұр. Далада жүріп жұмыс істей алмайсың. Не жуған киіміңді де жая алмайсың… Анасы күбірлеп қызын осылай жұбатқан болды.
Әне-міне дегенше әкесі де жұмыстан келген. Есіктен ене бере бақшадағы қияр мен қызанақтың қасына барды. Енді ғана жапырағы жайқалып, түйнектеп келе жатқан өскінді жұлқынған жел жұлып әкетіпті. Айша әкесінің еңбегін көріп аяп кетті. Онсызда ауыл айналасы құрғақ. Ал құбырдағы су сағаттап қана беріледі. Соны ас-судан артылтып, бақшадағы көкке бергендегі еңбегі текке кеткеніне іші удай ашыды.
‒ Папа, ауылдан көшсеңіздер қалай болады? ‒ деді еріксіз…
* * *
Айшаның ауылдан келгеніне көп уақыт өткен жоқ. Сонда да ауық-ауық ауылдан хабар алуға тырысады. Бұл хабарласқаннан не өзгереді дейсің? Күндізі ыстық, ал кешке маса-матақаннан ауыл адамдары сыртта жүре алмайды. Ертесіне жұмысына келген. Әріптестері Арал жақта бес жүз бас малдың қырылғанын айтып, одан қалды Сырдария арнасының кепкенін әңгіме етіп бас шайқасып жүр. Әлеуметтік желіде де осы тақырып. Жақында бір хабарды көрген. Министр қуаңшылықтың себебін түсіндіріп, соңында «аудан, ауыл тұрғындары бізден көмек сұрамайды. Әйтпесе қол ұшын созуға дайынбыз» дегені. Айша күлерін де, жыларын да білмеді. Алыстағы ауыл тұрғындарының тілегі министрге жете ме екен өзі?!
Кешке көп қабатты үйіне шаршаңқы көңіл-күймен оралған Айша сәл тынығып, намаз оқуға ниет етті. Кенет сәждеге маңдайы тигені сол еді, «Жолың болсын, папа» деген кішкентай баланың дауысын естіді. Терезе ашық тұрған. Сырттағы дауыс анық естілді. Бала күнінде Айша да жылымы мен ескегін көлігіне тиеп, көк теңізге бет қойған әкесіне осылай дейтін. «Жолың болсын, папа!». Анасы ешқашан әкең бір жаққа жол жүрсе, қайда баратынын сұрама деген. Айша балықшы ауылды, сол ауылдың бейнеткеш тұрғындарын есіне алды да, қуаңшылықтың шешімін Жаратқаннан ғана қайта-қайта сұрай берді…
Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!