Әдепкіде мұқабадағы сурет пен кітаптың аты ерекше көрінген. Әрі бұл кітаптың The Guardian нұсқасы бойынша 21 ғасырдың 100 үздік кітабы тізімінде төртінші орынға жайғасуы да оқырманды бей-жай қалдырмайтын. 2017 жылы Швед академиясы Нобель сыйлығын шығарма авторы Кадзуо Исигуроға «романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқандығы үшін» берілді деп жариялаған. Демек, тегі жапондық, ағылшын тілді британиялық жазушының тегін болмағаны ғой…

Әлқисса. Оқиға шамамен жиырмасыншы ғасырдың соңында дистопиялық Ұлыбританияда Хейлшем орталығының ашылуымен басталады. Бір нәрсені ескеру қажет, шығарма кейіпкерлері кәдімгі адамдардан өзгеше. Себебі олар – мамандар медициналық құрал ретінде, оргоникалық донорларды пайдалану үшін өсіріп, тәрбиелейтін жасанды клон-балалар. Отыз бір жас шамасындағы Кэти Ш. есімді романның басты кейіпкері Хейлшимдегі беймәлім өмірді өткен жылдардағы баяу ырғақпен есіне түсіре отырып баяндайды. Бір қызығы, Кэтидің құрбысы Рут және оның жігіті Томми, тәрбиеші Мадам, Эммили, Люсидің жан дүниесін автордың барынша анық, бейтарап суреттеуі кейіпкерлердің клон адамдар екенін ұмыттырып жібереді. Сонда «Booklist» журналының: «Исигуро ‒ адам бойындағы қатыгездік пен мейірімділік, жанкештілік пен рахаттану сезімін шебер бейнелейтін суреткер» деп баға бергені ойға оралады. 

Ғылыми-фантастикалық сипаты басым шығарма үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім Хейлшемдегі қатаң тәртіп пен себебі белгісіз тыйымдарды суреттейді. Тәрбиеленушілер үнемі медициналық тексеруден өтеді. Оларға сурет салуға, өлең жазуға, қолөнер бұйымдарын жасауға рұқсат берілген. Ескере кетерлік жайт, тәрбиеленушілердің таңдаулы жұмыстарын Мадам есімді әйел галереяға жинап, алып кетіп отырады. «Ол жұмыстар не үшін қажет?», «балалар неге Хейлшемде оқытылады?», «егер олар түбі донор болу үшін ғана өмір сүрсе, оларға білімнің қажеті не?». Әдетте оқырманның осындай екіұшты сауалына автор жауап беруге асықпайды. Тек сабырлы, салқынқанды қалыппен клон-адамдардың сипатын «сыбырлай» отырып әңгімелей береді. Бірақ дәл осы бөлімде елеусіз ғана көрінетін келесідей оқиғалар оқырман ойын еріксіз алға итермелейтіндей көрінеді.

Кэти жатын бөлмесінде Джуди Бриджуотердың «Жоғалтып алма сен мені» әнін ерекше әсермен тыңдап жүреді. Ән мәтінінде ұзақ уақыт бала сүйе алмай жүрген ана ақыры нәрестелі болады. Кэти осы әуенге елітіп, қолындағы жастықты кеудесіне кішкентай нәресте құшақтап тұрғандай қысып, көзін  жұма: «О, балақан, балақан, жоғалтып алма сен мені…» деп таспа әнін қайталап, ырғала билеп жүреді. Автор клон-адамның ешуақытта ана атана алмайтынын осы оқиғамен ұқтырғысы келген сыңайлы. Осы сәтке куә болған Мадамның Кэтиды сыртынан үнсіз бақылап, жылап тұруының сыры роман соңында бір-ақ ашылады.

Сондай-ақ Питер Дж. есімді тәрбиеленушіге Люси бикештің жасаған ескертпесі де романды түсінуге көмектесе түседі. «Егер біз лайықты, жақсы өмір сүргіміз келсе, онда мына жайтты есте сақтауымыз керек: сендердің ешқайсысың да Америкаға бармайсыңдар, ешқайсысың супермаркетте де жұмыс істемейсіңдер ‒ таяуда кейбіреулеріңнің осындай жоспарың барын да естіп қалдым. Өмірлеріңнің қалай жалғасатыны әзірге беймәлім. Дегенмен бір нәрсені біліңдер, сендер өмірге донор болуға келгенсіңдер. Өмірлік мақсаттарың да осы. Бұл ‒ сендердің тағдырларың. Ешқашан басқалар сияқты бола алмайсыңдар. Өйткені сендердің болмыстарың өзгеше». Бұл ескертпенің салмағы ауыр болғанмен, тәрбиеленушілердің жағдайды қалыпты деп қабылдауы оқырманды да сабасына түсіреді. 

Романның екінші бөлімі де бірсарынды баяндалады, бірақ алғашқыға қарағанда автордың айтпақ ойы айқындала түскендей әсер береді. Тәрбиеленушілердің Хейлшемнен кетіп, еркіндік алуы олардың сыртқы әлемдегі орнын айқындайтын тәрізді. Олардың «ықтимал түпнұсқаны», яғни өздерінің түпбейнесін іздеуі де осы жерде орын алады. Әлсіз үмітке құрылған әрекет нәтижесіз болса да, автор барлық дүниенің түпбастауына тартып тұратынын көрсеткісі келгендей болады.

Кітаптың үшінші бөлімі донор өмірінің атмосферасын сездіре түседі. Рут пен Томмидің донорлыққа алынуы, Кэтидің донорларға көмекші болуы кітап оқып отырғаныңды ұмыттырып, әлдебір  шетелдік киноның ең қызықты картинасын көз алдыңа әкелгендей әсер береді. Бірнеше рет донор болған соң Руттың өмірі аяқталады. Оларды медицина мамандары «өлді» демейді, тек өмірлері «аяқталды» деп жазады. Руттың соңғы сөзінде өз қателігін мойындауы Томми мен Кэтидің қосылуына, олардың донорлық өмірден құтылуы үшін Мадамды тауып алуына ықпал етеді. Оқырман о баста тағатсыздана күткен сәт те осы.

Сонымен Кэти мен Томми өздеріне рұрсат алу үшін Мари-Клод пен Эмили бикешке келіп, бұрынғы қамқоршыларымен ұзақ әңгімелеседі. Эмили бикеш олардың: «Хейлшем не үшін керек болды, біздің туындыларымызды не үшін жинадыңыздар?» деген сауалына: «Ең бастысы, біз әлемге егер тәрбиеленушілер (клондар) адамгершілігі мол, өркениетті жағдайда өссе, кез келген адам сияқты саналы, салауатты болатынын көрсеттік» дегенді айтады.

Ал өздері жинаған коллекция туралы: «Олардың ішінен тәуірін іріктеп, арнаулы көрме ұйымдастырғанбыз. Жетпісінші жылдардың соңында ықпалымыз шырқау шегіне шығып тұрғанда, бүкіл ел бойынша ауқымды шаралар өткіздік. Оған министрлер, эпископтар, белгілі тұлғалар келді. Жалынды сөздер сөйлеп, мол ақша құйылды. «Міне көрдіңіздер ме!? Мына өнер туындыларына қараңыздаршы, оның авторларын адам емес деуге қалай дәттеріңіз барады?»  дедік біз. Иә, ол кезде бізге қолдау болды. Аяғымыздан нық тұрдық» деп бір сырды ашқандай болады.

Эмили бикештің Кэти мен Томмиға айтқан ұзақ әңгімесіндегі мына бір үзінді кітаптың соңғы бетіне тағы басылған. Бұл роман тақырыбын оқырманның тереңірек түсінуіне жол ашқан тағы бір маңызды жол сияқты:  «Сендердің тағдырларың үшін ар алдында ұятты болса да, адамдар балаларының, жұбайларының, ата-аналары мен достарының қатерлі ісіктен, нейрондардың сырқатынан, жүрек ауруларынан өлмеуін ғана ойластырды. Сондықтан сендерді барынша аулақта жасырып ұстауға тырысты. Олар сендерді ойдан шығарудың барлық мүмкіндіктерін жасады. Ал жағдайларыңды ойластырған күннің өзінде, «біз сияқты емес» деп ойлауға бейім тұрды. Кәдімгі адам болмағандықтарыңнан, сендердің тағдырларың да маңызсыз еді. Әлем жаңа донорлар, жаңа ағза мүшелерін талап етіп жатты. Ал осы жағдайлар сақталса, сендерді толыққанды адам есебінде көруге кедергі келтіретін құбылыстар жойылмайды. Біз бұл шайқасты ұзақ жүргіздік…».

Хейлшем мектебі Морнингдейлдің даулы ісінен кейін біржола жабылады. Шотландияның қиыр бір шетінде зерттеу жүргізген ғалым Джеймс Морнингдейл өзінің зерттеу нәтижесінде өмір сүруге қабілетті жасанды ұрпақ өсіріп шығарады. Алайда заң шекарасынан шығып кеткен зерттеу Хейлшемдегі жасанды балалардың керексіз күйде қалуына әкеледі. Өйткені жасанды балалар қоғам үшін қауіпті саналды. Онда қалған басқа тәрбиеленушілер адами қабілеттері бола тұра, тек донор есебінде қараусыз қалады. Руттың өмірі аяқталғанын жоғарыда айттық. Ал Кэти мен Томми өз өмірлері үшін күрессе де, олардың да алдынан донорлық жол ғана күтіп тұрды. Томми төртінші реткі донорлық операциядан кейін өз өмірін аяқтайды. Ендігі кезек  Кэтиде екені даусыз еді…

Романның соңғы тынысы әңгіме ауаны жасанды адамдар жайлы немесе махаббат туралы хикая емесін анық ұқтырады. Бар ақиқаты, қалтарысы беймәлім әлемді тануға, дүниенің шынайы мәнін білуге деген ұмтылыс, адамзаттың келешек жайлы болжамын бейнелейтін шығарма.  Өйткені Кадзуо адам баласы қандай азап пен қиындықты бастан өткерсе де, еркіндігі мен құқығы шектелсе де, тағдырға мойынұсына тұра, үміттің ұшқынын іздеумен болады дегенді айтады. Сөз соңында айта кетейік, осыған дейін сегіз роман жазған автордың осы шығармасы 2010 жылы Марк Романеканың режиссерлігімен экранға шыққан. Биыл кітап аудармашы Өмірзақ Мұқайдың қазақ тілінде тәржімалауымен  «Жоғалтып алма сен мені» деген атпен жарық көрді.

Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ