Ауылдың жұлдызды түні…
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас талапкерлердің армандары асау аттай ауыздығымен алысып тұрған көңілді көктемнің ерекше кештерінің бірі. Көздің қарашығындай қап-қара түнде айдың жарығымен терген ағаштарды Мысырдағы пирамидадай үшкірлеп біріктіріп, алаулап жанған отты жағалай отырған жалынды жастар. Сыртынан бір қараған адамға отқа табынатын африкалық тайпалардай көрінгенімен, көзді тартып қызықтырары сөзсіз. Бәрінің ішінде балалық сәттерінің сәулесінен қылаң беретін естеліктердің ұшқыны сезімге айналып, қимастыққа ұласып бара жатыр.

Гитарамен айтылған ән өрістен қайтқан қой-ешкідей жамырай шықса да, шынайылықтың құнын кетірмейтін әсем әуезге толы. Әр жүректен шыққан жылы әуен ерекше сезімге бөлейді. Дөңгеленіп отырған топ жастардың ішінен арманымен де, талғамымен де ерекшеленіп отырған екі бикештің өзгеше еректігі жұлдызды аспанға ғана мәлім. Қатарласып отырған қара көзді қос құрбылар – Асылым мен Жанеркенің армандау шекарасы қарайлас болғанымен, қиял әлемдері тым бөгде. Жанерке көп дүниені боямасыз реалды кеңістіктегі материя ретінде қаз-қалпында қабылдайды. Асылым болса, көз алдында болып жатқан оқиғаларды санасындағы ашық түстермен әрлеп алады да, сезімталдықтың абсолюттік биіктігіне дейінгі аралықтағы бос орындарға толтыра береді. Мысалы, Жанерке үшін терезеден түскен күннің еш маңызы жоқ. Ол жай ғана күннің қалыпты жарығы болып есептеледі. Ал, Асылым үшін үйеңкі ағашынан жасалған сарғыш терезенің бойжеткеннің қос бұрымындай белінен буған пердесінен ұялшақ күннің сұлу сәулелері сығалайды. Міне, олардың айырмашылықтары да осында. Жанерке мен Асылым да өзімнің жеке статистикалық есептеу үлесім бойынша, қай уақытта да маңызын жоғалтпайтын, 96 пайыз мектеп бітіруші түлектердің армандарымен бағыттас Алматыны көздеді. Жас дәурендерінің естелік дәптеріне қазақ білімінің қара шаңырағына айналған ҚазГУ қалашығын мақсат етіп қойды. Бала кезден алған білімдерінің қалаған іргетасы мығым болғанының арқасында ҰБТ-дан жинаған баллдары көңілдерін алаңдатпайтындай-ақ.
– Алматыға барғаннан соң дүниені төңкереміз. Бірге еңбектенсек, қазақ әдебиетіне зор үлес қоса аламыз. Танымал боламыз. Сен – жастар­дың жүрегін жаулаған жазушы, ал, мен – атақты ұстаз бола­мын, – деді Жанерке Асылымға арманын ақтарып.
– Мен мықты ұстаз туралы роман жазамын, – деді Асылым күліп. Аспанның мәңгі тұрғындарына айналған шоқ жұлдыздар жымың қағып, жердегі қос жұлдыздың жанкүйерлеріндей қошемет көрсетті. Құрбылығынан бөлек, көршілігі бар қос бикеш керемет кештен бірге қайтты…
Ыстығы ми қайнатар шілденің ортасында Асылым мен Жанерке Әл-Фараби университетіндегі филология факультетінің студенттері болғанын сүйіншіледі. Құдай қосқан қос көрші ауылдас ағайындармен ұлан-асыр той жасап, қос бұрымдының қуанышын айналасындағылармен мақтана бөлісті. Тамыздың мамыражай түндерінің бірінде сөмкелерін сүйреткен бикештер адамзаттың естелік тасымалдаушы құралына айналған пойызға мініп, ғажайып сапарға бірге аттанды. Ақ желкенді арманның алғашқы баспалдағына аяқ салып, алқынып Алматыға да келді. Жаратқан жан құрбыларға жарасымды жапсарлап берген-ау шамасы, бикештер жатақханада да бір бөлмеге орналасты. Оқу үлгерімі озат қыздар үшін сабаққа бейімделу барысы аса ауыр болады. Дәріс берушілердің де назарын бірден ұрлады. Жанерке қу сирақтан қуырдақтың етін алардай пысықтығының арқасында желтоқсан айында өз факультетіндегі деканатқа жұмысқа орналасты. Жауапкершілікке адалдығының арқасында атқарар шаруасы қиынға түспеді. Асылымның да жетістігі кенже қалмады. Жас жазушылар арасында өткен республикалық байқауда «сезім ханшасы» деген номинацияны иеленді. Группаластарының ішінде тек білімімен ғана ерекшеленетін. Себебі, сылқым өмірді суқаны сүймейтін.
Қысқы семестр жаңа жағымды жаңалықтармен басталды. Таңертеңгі тәтті ұйқыларын қиып баратын сабақтардың кестесі түстен кейінге ауысты. Бірақ, басты жаңалық бұл емес еді. Басты жаңалық – группаға академиялық ауысыммен келген елордалық сұңғақ ойлы жігіт. Шығармашылықтың адамы екені сыртқы сұлбасынан-ақ көрініп тұр. Иығына дейін төгілген шашы ұзын қоңыр пальтосымен жалғасып кеткен, мойнын шала жауып тұрған аппақ жейдесіндегі жіңішке қара сызықтары көзге оттай басылады. Шалбарының қыры сүйек шабардай өткір, пальтосымен түстес заманауи қоңыр туфлиі еуропалық мәдениетке саяды. Алғаш аудиторияға кірген сәттің өзінде талай арудың жүрегін тырнап өтті. Алғаш қалдырған әсері Жанерке мен Асылымға да әсер тигізе алды.
– Сәлеметсіздер ме, құрметті достар? Менің есімім – Бағлан, сіздердің жаңа группаластарыңыз боламын» – деген актерлардың дауысындай қоңыр үні Асылымның жүрегін қытықтап кетті. Желең сезімнің ұшқыны Жанеркені де бей-жай қалдырмады. Өз-өзін ұстауы, әр істі байыппен бағдарлап барып жасайтын ерге лайық қасиеттері тұлғасын әрлей түседі. Осыдан-ақ Бағланның қылықтылар қауымының жүрек құлпын қалай ашу керегін жақсы білетіндігі байқалады. Ашық мінезінің арқасында жаңа таныстармен араласу Бағланға жеңіл болды. Бағланның ең бірінші Ньютонның заңындай тартылып, тез тіл табысқан адамд­ары шығармашылық кеңістіктерінің ауқымы деңгейлес жазушы мен болашақ ұстаз бикештер.
Жатақханаға орналасқан Бағланның бөлмесі де қос құрбының бөлмесімен бір қабатта орналасқан. Сол себепті де, таныстықтарын тез өрбіді. Жүрегі бос сырбаз жігіттің басын айналдыру үшін айла қолданатын қылықтылардың қарасы да қалың еді. Бірақ, Бағлан талғампаздығының арқасында көзге көрінгенге сүріне берген жоқ. Төрт жылда бір келетін ақпанның жиырма тоғызыншы жұлдызы күні Бағлан айды аспаннан бір-ақ шығарды. Аудиториядағы кезекті дәрістердің бірінде барша студенттердің көзінше бір бума гүлін құшақтап кіріп келді де, Жанеркеге жан сезімін жайып салды. Дәл мұндай ғажапты күтпеген Жанерке де аң-таң боп абдырап қалыпты. Көпшіліктің шуылымен есін жинап, қызға лайық қылықпен бас изеп келісе кетті. Бағланнан үмітті талай жүректер бір сәтте жараланып, қызғаныштың оты лап етсе де, дүйім адамның қиқуы біраз шындықты көлегейлеп қалды. Бірақ, ең сорақысы бұл емес еді. Асылымның дақ түспеген пәк жүрегіне қызғаныштың инедей ұшқындары қадалғандығы тек өзіне ғана аян болып жасырын қалды. Махаббаттың дәмін татып көрмеген қос құрбының тағдыр жолындағы алғашқы қуаныш пен алғашқы мұңы. Жазмыш осы уақытқа дейін берер сыйын теңдей үлестіріп берген қағидасын бұзды. Бірінің кеудесіне махаббат, ал бірінікіне машақат салып берді.
Келесі күні Бағлан мен Жанерке қол ұстасып театрға кетті. Жанерке мұхиттан алтын балық ұстап алған адамша бақыттың жетегінде балаша қуанып, шаттығын жасыра алмады. Асылым болса, жанарынан ағарға шара болмаған соң ішіне құйыла бастаған тамшы­ларын кеудесіндегі алаулай бастаған сезімге төкпелеп әлек. Шығармашылыққа жаны құштар адамның ішкі дүниесіндегі азабы ұлы туындылардың жарыққа шығуына бірден-бір себепкер дүлей күш емес пе? Балалық шағынан бері досынан көрі әпкесіне айналып кеткен жан құрбысының бақытына қызығуға ұяты жібермей, жан әлемінде махаббат пен ардың арасындағы алапат қақтығыс басталып кетті. Санаға бағынудан бас тарта бастаған жүрекке әмір жүргізу – ұлы қуат пен құрбандықты қажет ететін алып майданға ұқсап барады. Кеудесіне сыймаған сезім, төрт қабырғаның да ішіне тұрақтамады. Асылым жатақханадан асығып шықты да, 24 сағат жұмыс істейтін кітап дүкенінен су жаңа, қалың қойын дәптерді сатып алды. Сосын ұзын сонар көшелерді жағалап, бұрын соңды барып көрмеген белгісіз бір саябаққа бас сұқты. Кеудесіндегі үміттей өлеусіреп тұрған аспалы шамның астындағы отырғышқа жайғасты да қойын дәптерін қолына алды. Бар ойы кеудесіне сыймаған қызғаныш пен асау сезімді хатқа жазып жеңілдемек. Мүмкін бұл хаттар жолданар, мүмкін жолданбас. Бірақ, бұл хат ұлы жазушылардың өзі жаза алмауы мүмкін ұлы туындыға айналары анық…
Сиясынан сезім сорғалаған қаламын қолына алып, хатты бастады…
Құрметті оқырман, бұл шығарманың шырғалаң оқиғасын сіз аяқтаңыз! Бұл сіздің қолыңыздан келетініне сенемін. Себебі, әрбір адам өз өмірінің ұлы жазушысы… Қанекей, қаламыңызды қолыңызға алыңыз да, бұл мұңды тәттілеп тәмәмдап көріңіз…

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!