Ерте, ерте, ертеде қалың орман арасында жан-жануарларды бауырындай санап, жалғыз адам баласы өмір сүріпті. Ол құстар мен арыстан, түлкі, аю, қасқыр сынды барлық жануардың тілін түсінеді екен. Өзінің қашан, қалай дүниеге келгенін білмесе де, табиғат анадан жаратылдым деп, соған бас иіпті. Даладағы әр гүлді аяғымен таптамауға тырысып, өзінің пайдасы үшін басқа жануарларға зиян тигізбеуді мақсат етіпті.

Бір күні адам ұйқыда жатқанда, жүрегі мен миы оянып, бір-бірімен сөз таластырады. Ми: «Жүрек, сенің түк пайдаң жоқ. Сен қабылдаған шешімдер иемізді қиын жағдайға қалдырады. Ауруға апаратын да – сен», – деді өзінен өзі шытынап.

– Мұның қалай, ми? Керісінше мені тыңдаса, адам баласы жеңіске жетеді. Өйткені мен ешқашан алдамаймын. Ал сені тыңдаса, көп нәрседен айырылады әрі тек пайданы ғана көздеп кетеді, – деді жүрек.

– Осылайша өзіңді ақтап алмақсың ба? Мені таңдаған адамның бәрі де жеңімпаздар, өмірде жетістікке жеткендер.

– Онда иеміздің өзінен сұрайық, тек жауабын естіп жылап қалма.

– Әркім өз бағасын өзі біледі. Сұрап көрелік, оятып. Осылайша түнді пікірталасқа айналдырған екеуі иесін оятып, болған жайтты баяндайды. Ұйқысын бөлгеніне ашуланып, әрі үнемі қақтығысып қалатын екеуіне шынайы жауап бергісі келген ол: «Мен ешқашан тек біреуіңді таңдап шешім қабылдаған емеспін. Жүрек сен болмаса, мидың қажеті шамалы. Ми болмаса, жүректің жалғыз өзі қауқарсыз. Осылай бөліне берсеңдер, екеуің де зиян тигізесіңдер. Өздерің ортақ шешімге келіңдер», – деді.

Иесінен сөз естіп, шынымен зиян тигізіп жатқанын ұғынған екеуі сол күннен бастап тартыспайтын болыпты. Себебі жануарлардан жоғары тұратын адамды адам етіп тұрған жүрек пен мидың достығы еді.

Төлеген Мәделханұлы,

Қазалы ауданы

№ 25 мектептің 7 сынып оқушысы