Алыс-жақыннан ақпарат алмай томаға тұйық өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан журналистика мамандығы үнемі ізденісте болуды, жаңарып, жасарып отыруды қажет етеді. Журналистика мамандығын таңдауыма себеп болған да осы ұстаным еді.
Өткен ғасырларда халық тек газет, радио, телеарналар арқылы ғана өз қажетін қанағаттандырып отырды. Ал қазір тың жүйелер арқылы таратылатын ақпараттар озық технологиялар арқылы адамзатқа қызмет ете бастады. Ол – интернет саласы. Келешекте бұдан тың жобалар бізді күтіп тұрғаны сөзсіз. Біз соған сақадай сай болуымыз керек. Жалпы журналистика саласы көп біліммен қатар жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруді талап етеді.
Менің ойымша, журналистика мамандығын таңдаған студенттер өз кәсібіне өте адал болу керек. Сонымен қатар қағазы мен қаламы арқылы қорғансызға пана болып, әділетті жақтаған жөн. Қоғамда болып жатқан жетістіктермен қатар келеңсіздіктерді жариялаудан жасқанбағаны дұрыс. Дей тұрғанмен, тың ақпараттарды жариялаған кезде дерек пен дәйек толық болуы тиіс. Елден, көшеден естіген жалаң сөздерге сеніп жаза берсе, ондай жаңалықтардың көк тиын құны болмайды. Ақпарат әділ таразы болып, адам мен қоғам үшін кіршіксіз қызмет етсе ғана көздеген мақсаттарға жете аламыз.
Расында, бұл мамандықтың қоғамдағы рөлі зор. Журналистика – күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас анық көрінетін бірден-бір сала. Қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайды. Оны қоғамның «төртінші билігі» деп атайтыны содан.
Журналист барлық саладан хабары бар, жан-жақты, дүниетанымы кең болу керек. Себебі, ол сан түрлі ғылым саласына еркін ой жүгірте алатын тұлға. Оған Н.Михалковскийдің: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» деген сөзі дәлел.
Болашақта мамандығымның майталманы болуды армандаймын. Бұл кәсіптің қыр-сырын игеріп, тереңінде жатқан асыл маржандарын теру – білікті маман иесі болудағы басты қадам. Сол жолда ұшқыр ойыммен, киелі қаламыммен қасқайып қарсы тұратын асқақ ойлы азамат боламын деп ойлаймын. Ол үшін жоғарғы білім алып, халқыма адал қызмет етемін. Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы болғым келеді. Кім біледі, мүмкін, менің бүгінгі арманым – ертеңгі болашағым болар?! Бүгінгі қиялымдағы ойым – ертеңгі күні еңбекпен тауып жейтін азығым болар?!
Балауса АЛДАБЕРГЕНОВА,
№107 орта мектеп оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!