Алыс жол емес еді шығыны ауыр,

Жиендерін аңсата-тұғын ауыл.

Нағашылар еліне себеп тауып,

Баратынбыз, әйтеуір, жылына бір.

Көкжиекке Күн барып құлағанша,

Жөнелеміз көлікпен жұма болса.

Төркінін сағынатын анам менің,

Төркіншіл емес еді бірақ онша.

Бала едім, ойын қуған, кешпейтін мұң,

Арасында оянып кешкі ұйқымның.

Жол үстінде айтылған әңгімеден,

Жылауықтөбе жайлы еститінмін.

Қадымдай жер қалғанда төбе таман,

Көзге жас алады екен кенет анам.

Көңілді толқытатын осы маңды,

Сонда әкем

Жылауықтөбе деп атаған.

Мен де мұны киеге келдім балап,

Сәттер өтті, себебін көрдім қарап.

Сол биікке шыққанда нағашымның

Көрінеді ауылы менмұндалап.

“Менмұндалап ауылы көрінгенге,

Соған бола анашым егілген бе?!”

Сол төбеге сіңдіріп анам жасын,

Кіріп бара жатамыз көңілді елге.

Қарап тұрсаң, ылди бір, төбе бірдей,

Бірақ сол жер кештірді неше бір күй.

Жылауықтөбе сіміріп алған жасын,

Көрсетпейді еліне шешем ылғи.

Жылауықтөбе дегенде

Жылауықтөбе,

Жылауықтөбе мен үшін тұрақ көне.

Мен де анамдай аңсаймын ауылымды,

Жыламаймын көргенде бірақ неге?

Жыламаймын неліктен ел көргенде,

Сезім сөніп,немене шер де өлген бе?!

Әлде соңғы Сағыныш – шын Сағыныш,

Сол

Жылауықтөбеде жерленген бе?

Дәулет

Жадырасын

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!