Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі Омар Шораяқұлының 145 жылдығына орай «Дәстүрлі ән салу» мамандығының оқытушысы, жырау, ақын Айдос Рахметов пен «Вокалдық өнер» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білімсіз іске аспайды дәркілдек би» тақырыбында лекция-концерт өтті. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары қатысты.

Жыр сүлейін ардақтады

Жыр кешін колледждің бөлім меңгерушісі Феруза Амангелдіқызы ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Кеште Сыр сүлейінің шығармалары орындалып, ұрпаққа ұран, ұлтқа тұтқа боларлық тағылымдық ойлар насихатталды.

Колледж директоры, белгілі жырау Ұлжан Байбосынова шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, баба мұрасы мәңгілік өміршеңдігін жоймайтынын жеткізді.

– Жыр – ұлттың үні. Бабадан балаға мирас болған ұлттық өнер құндылығы ғасырдан-ғасырға жалғасын таба бермек. Омар Шораяқұлы –шоқтығы биік өнер иесі. Оның қайсыбір туындысын алып қарасаңызда елін қастерліп, ұлтын ұлықтауға бағытталған. Ұрпақ тәрбиесі мен өз заманындағы қоғам келбеті өлең тілімен көркем кестеленген. Шараның өз деңгейінде өтуіне айрықша атсалысқан жандарға алғыс айтамын. Жырау мұрасы жасай берсін, – деді.

Қорқыт ата Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Мұқарамұлы жырау философиясы төңірегінде пікір білдіріп, кештің жоғары деңгейде өткенін айтты.

Тағылымды кеште колледждің ІІ курс студенттері Аңсаған Ділдәбекқызы, Қарақат Әбдікірімова, Әлижан Болатбек сыр сүлейінің термелерін орындады. Сондай-ақ, жыр кешінде колледж оқытушысы, жырау Айдос Рахметов шайыр шығармаларын насихаттап, тәрбиелік мәні зор туындыларын жоғары деңгейде орындады. Оқытушылар Бейсенбек Төлеубаев пен Зүлфия Баймұрзаева жыраулық дәстүрге негізделген Омар Шораяқұлының шығармаларын шебер орындап шықты.

Аида АЙТБАЙ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!